Аймақтар • 01 Шілде, 2018

Қостанайда 1 шілдеде туған нәрестелерге домбыра сыйланды

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қостанайда 1 шілдеде туған нәрестелерге домбыра сыйланды

Елімізде тұңғыш тойланып отырған Ұлттық домбыра күні мерекесі орай Қостанай қаласындағы перинаталдық орталықтарда және аудандар мен қалалардағы перзентхана үйлерінде «Балалардың көзіндей қасиетті Домбыра» атты акция өтті.

Қостанай қалалық перинаталдық орталыққа Анастасия Біржанова түнгі сағат 24.00-те түскен болатын. Әулиекөлде тұратын келіншек туыстарының үйіне қыдырып келген екен. Айы-күні жақын болса да үйіне қайтып, аудан орталығындағы перзентханада босанарына сенімді келген Анастасияны түнде толғақт қыса бастаған соң, «Жедел-жәрдем» қызметі дереу қалалық перинаталдық орталыққа жеткізген болатын. Келген соң бірер сағаттан кейін-ақ Біржановтар отбасы тағы да қызды болды. Салмағы 2 килограмм 620 грамм болып туған нәрестенің денсаулығы жақсы, анасы да аман емес бауырын жиды. Дәрігерлер де қуанышты. Анастасия мен Серіктің бұдан бұрын Ермұрат және Кәмила деген бір ұл, бір қызы бар. «Домбыра күні туған қыз, музыкант өмірге келді!» деп құттықтады жас ананы перинаталдық орталықтың бас дәрігері Татьяна Борисовна Булгацевич.

Дәрігерлер әдеттегідей ұйықтаған жоқ. Таң ата өмірге Полина атты тағы бір нәресте келді. Бұл Екатерина И ванованың тұла бойы тұңғышы. Салмағы 3 килограмм 160 грамм болып туған шекесі торсықтай бала Ивановтар әулетінің қуанышына айналды.

– Бүкіл уайым, қиналғаным артта қалды. Елбасы бастамасымен тойланып жатқан домбыра мерекесі қасиетті күн деп есептеймін. Қызым бақытты болсын деп тілеймін, – дейді Екатерина қуаныш жасын сүртіп.

Перинаталдық орталықтың кіре беріс бөлмесі ұлттық сипатта безендіріліпті. Перинаталдық орталықтың бас дәрігері Татьяна Булгацевич, облыстың бас гинеколог-дәрігері Иван Янцен және Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Бибігүл Аққожина жаңа туған қос нәрестеге домбыра және жас аналарға Құттықтау хат тапсырды.

Бүгін мереке күні Қостанай қалалық перинаталдық орталықта алты нәресте дүниеге келді. Облыстың аудандары мен қалаларындағы перзентханаларда дүниеге келген нәрестелерге де осындай құрмет көрсетілді. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай