«Жалпы есептік кезеңде жұмыссыздық деңгейі 4,9% болды. Бұл тәуелсіздік алған жылдардағы ең төменгі көрсеткіш болып отыр. Халықты әлеуметтік қолдау шараларымен 3,5 млн-нан астам адам қамтылды. 2017 жылы қазақстандықтар зейнетақысының көлемі екі есеге өсті, ана мен баланы қолдау жөніндегі шаралар кеңейтілді, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайына арнайы әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңа стандарттары енгізілді, мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жүйесінде айтарлықтай өзгерістер бар», деді М.Әбілқасымова.
Бүгінде кедергісіз ортаны қалыптастыру үшін белсенді жұмыстар жүргізілуде. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді әлеуметтік маңызы бар нысандардың үлесі 91%-ға жетті, соның ішінде 5 мыңнан астам нысан бейімделген. Министр Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы халықты жұмыспен қамту және халықтың табысын арттырудың маңызды құралы екендігін атап өтті. Жыл қорытындысы бойынша 576 мың азамат жұмыспен қамтылып, 450 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту туралы айтқан ведомство басшысы «Атамекен» ҰҚП-мен бірлесе жүзеге асырылып жатқан «Бастау-Бизнес» жобасының аясында микрокредиттеудің жаңа форматына және кәсіпкерлік негіздерін оқытудың мүмкіндіктеріне тоқталды. Жалпы, былтыр 15 мың адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Бұдан бөлек, 7,2 мың адам шағын несие алып, олардың 4 мыңнан астамы start-up жобаларға бағытталды.
Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын орындау мақсатында 2018 жылы микрокредит беруге қосымша 20 млрд теңге бөлініп, жалпы бюджет көлемінің 62 млрд теңгесін құрап отыр. Осылайша өзінің жеке ісін ашқысы келетін 14 мың адам шағын несиемен қамтылады. Бағдарламаның белді шараларының бірі – жастар тәжірибесі. Бұл жастар үшін бастапқы тәжірибе мен жұмыс табуға мүмкіндік береді. 2017 жылы жастар тәжірибесінен 26 мың адам өтіп, 12 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылды. Еңбек ұтқырлығын ынталандыру үшін жұмыс күші мол аймақ тұрғындары солтүстік өңірлерге көшіріліп, 1565 отбасы қоныс аударды. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 8 есеге артты. Көшіп барған отбасылар үшін адам басына 84 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетілді, тұрғын үй жалдау мен коммуналдық төлемдерге 35 мың теңгеден 72 мың теңгеге дейін ай сайынғы субсидия берілді.
Есеп беру жиынында еңбек және көші-қон мәселелері де айтылды. Министрліктің қабылдаған шараларының нәтижесінде 2017 жылы 3 млрд теңге көлеміндегі берешек өтеліп, 25 мың жұмысшының құқығы қорғалды. 2017 жылы қол жеткізген осы оң нәтижелі істің барлығы 2018 жылы халықтың әлеуметтік қорғаулуы мен азаматтардың өмір сапасын одан әрі арттыруға негіз болады. Осылайша 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі 40%-дан 50%-ға дейін көтерілді. Бұл төлемдердің орташа мөлшерін 2 есе арттыруға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ биыл жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізіліп, аз қамтылған отбасылардың еңбекке жарамды мүшелерінің жұмысқа орналасуына айтарлықтай көмек болуда. Биылдың алғашқы 5 айында шамамен 72 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. АӘК алған еңбекке қабілеті бар азаматтардың 70%-ы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шараларымен қамтылып, олардың 22 мыңы тұрақты жұмыс орындарында орналасты.
Сондай-ақ министр 1 шілдеден бастап зейнеткерлер жаңа мөлшерде базалық зейнетақы алатындығына назар аударды.
«Мұнда 2 млн-нан астам зейнеткердің зейнетақысы қайта есептелді. Олардың ішінде 1 млн-ға жуық адам жоғарғы мөлшерде базалық зейнетақы алатын болады, ал 930 мың адам үшін зейнетақы мөлшері 37% -дан 81% -ға дейін өседі» деді министр.
Биыл ана мен баланы қолдау шараларына шамамен 275 млрд теңге бөлініп, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 12 пайызға артады. 2018 жылы ерекше қажеттілігі бар адамдарға әлеуметтік қолдау шаралары кеңейтілетінін атап өткен жөн. 1 шілдеден бастап бала кезінен І топтағы ересек мүгедектерге күтім жасайтын адамдар үшін жаңа жәрдемақы енгізіледі. Бұл 14 мың отбасына айына шамамен 30 мың теңге ақшалай көмек алуға мүмкіндік береді.
Азаматтардың нәтижелі жұмысқа орналасуына және тұрақты табыс табуына арналған интернет-портал негізінде жұмыс істейтін Электронды еңбек биржасының enbek.kz онлайн-платформасы құрылды. Онда жұмыс іздеу және жұмысқа қабылдау тетіктері көрсетілген. Бүгінде бұл интернет-порталда 42 мыңнан астам бос жұмыс орны, 85 мыңнан астам түйіндеме және 48 мыңнан астам жұмыс беруші тіркелген. Жұмыспен қамту шаралары кезінде еңбеккерлерді ресімдеу мәселесіне тоқталған министр, бүгінде 800 мың адамның мәртебесі анықталғанын атап өтті. Сондай-ақ жаңа құқықтық режім – бірыңғай жиынтық төлемінің (БЖТ) әзірленгендігі айтылды. Мұны төлейтіндер үшін салық және әлеуметтік төлемдердің төменгі мөлшерлемелері анықталды. Сондай-ақ төлем жасағандар міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамтамасыз ету жүйелеріне қатысуға мүмкіндік алады. Ведомствоның қазіргі бағыты – әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру. Бұл ретте министрлік жыл соңына дейін азаматтарға мемлекеттік органдарға, оның ішінде мүгедектер үшін өтініш бермей-ақ белсенді қызметтерді жүзеге асыруды көздеп отыр. Оның ішінде мүгедектікке қатысты 8 қызмет белсенді режімге көшеді. Жұмыспен қамту үдерісі электронды форматқа ауыстырылады. Бұл жұмыс іздеуден бастап электронды еңбек кітапшаларын енгізуге дейін қамтиды.
Кездесуде өңірлерден де бейнеконференция арқылы және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің веб-сайтында онлайн-форумда сұрақтар қойылды. Базалық зейнетақыны қайта есептеу, бала кезінен І топ мүгедектігі бар адамның күтушісіне жәрдемақы төлеу, мүгедектер қоғамдық бірлестіктерінің мемлекеттік сатып алу рәсіміне қатысуы, бірыңғай жиынтық төлемді енгізу, сондай-ақ жұмыспен қамту мәселелері және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге бағытталған белсенді шаралар, азаматтардың еңбек құқықтарының қорғалуы жиында жолданған негізгі сауалдар болды. Соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жиынға келгендерді елорданың алдағы 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, министрліктің реформаларының әр қазақстандыққа қатысы барлығын және барлық отбасы мен экономиканың әл-ауқатын жаңа деңгейге көтеруге бағытталатынын атап өтті.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»