Суретті түсірген Ерлан ОМАР
2006 жыл
11 қаңтар – 2005 жылдың 4 желтоқсанында өткен президент сайлауында 91 пайыз дауыспен жеңіске жеткен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі Астана қаласында өтті. Инаугурация салтанатына: Ресей президенті В.Путин, Хорватия президенті С.Месич, Өзбекстан президенті И.Каримов, Украина президенті В.Ющенко, Ауғанстан президенті Х.Карзай, Тәжікстан президенті Э.Рахмон, Грузия президенті М.Саакашвили, Қырғызстан президенті Қ.Бакиев, Татарстан президенті М.Шаймиев, Башқұртстан президенті М.Рахимов қатысты.
18 қаңтар – елордағы Конгресс-холда әйгілі әнші Е.Серкебаев, Р.Бағланова бастаған ән алыптарының үні топтастырылған «Алтын дауыстар» эксклюзивті компакт-дискісінің тұсауы кесілді.
20 қаңтар – бас қалада «Астана сәулеті мен құрылысының философиясы» атты халықаралық форум басталды. Шараға қатысушылар ағылшын архитекторы Н.Фостердің жобасымен салынып жатқан Бейбітшілік және келісім сарайы құрылысымен танысты.
30 қаңтар – Елбасы «Астанабасжоспар» мекемесіне барып, алда салынуы тиіс халықаралық Назарбаев Университеті, жабық коньки спорт орталығы («Алау») мен 30 мың орындық («Астана Арена») футбол стадионының жобасымен танысып, өз ескертпелерін айтты.
21 ақпан – Астанадағы Ұлттық кітапхана ғимаратында «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының басшылары баспасөз өкілдері алдында есеп берді. АЭА құрылғаннан бері онымен салалас 660 кәсіпорын тіркеуге алынып, қаладағы құрылыс жұмыстарына 193,9 млрд теңге жұмсалыпты. Нәтижесінде, ірі-ірі 62 нысан уақтылы пайдалануға берілген.
22 ақпан – Астанада Еуразиялық іскер әйелдердің саммиті өтті. Оған Ресей, АҚШ, Норвегия, Германия, Испания, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка сынды 20 елде белсенділік танытып жүрген басшы ханымдар қатысты.
17 наурыз – «Қазақстан-2030» стратегиясы негізінде «Астана қаласын 2030 жылға дейін орнықты дамыту» туралы Президент Жарлығы шықты.
17 cәуір – Астана әкімі Өмірзақ Шөкеев Оңтүстік Корея астанасы Сеулге ресми сапармен барып, қала мэрі Ли Менг Бакпен кездесіп, бауырлас қалалар меморандумына қол қойды.
16 мамыр – Конгресс-холда «Асқақта, Астана» республикалық ақындар айтысы өтті. Бас жүлде ақын Аманжол Әлтаевқа бұйырып, ол қала әкімінің жүлдесі – «Волга» автокөлігіне ие болды.
4 шілде – Астана күні қарсаңында қала әкімі Ө.Шөкеев жас отбасылар мен мемлекеттік қызметкер және әлеуметтік сала мамандары санатына жататын отбасыларға пәтер кілтін табыстады.
1 қыркүйек – елорданың көркі Бейбітшілік және келісім сарайы салтанатты түрде ашылды. Көрікті ғимарат еліміздегі этносаралық татулық мен конфессияаралық келісімнің символы ретінде танылды.
8 қыркүйек – сол жағалаудағы Достық шағын ауданында жедел жәрдем стансасы іске қосылып, 35 бригада жұмысқа кірісті.
12 қыркүйек – елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезі басталды.
21 қыркүйек – бас қалада тұңғыш рет «Театр әлемі» фестивалі басталды. Оған Астана мен Алматы және облыс театрларымен қатар, Санкт-Петербургтен «Фонтанкадағы» жастар театры, Мәскеуден Н.В.Гоголь атындағы драма театры, Башқұртстаннан М.Кәрім атындағы Ұлттық жастар театры және т.б. шетелдік труппалар қатысты.
23 қыркүйек – Астана қаласы әкімі қызметіне Асқар Мамин тағайындалды.
3 қазан – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Испанияда өткен «Вуэльта» көпкүндік веложарысының жеңімпазы, «Астана» командасының капитаны Александр Винокуровты қабылдап, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
9 желтоқсан – Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Хан Шатыр» сауда орталығы мен Бурабай шаңғы курорт-қорығының инвестициялық жобалары таныстырылды.
13 желтоқсан – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол жағалауындағы Министрліктер үйімен іргелес орналасқан «Қазына Тауэр» ғимаратының тұсаукесер рәсіміне қатысты.
13 желтоқсан – Нұрсұлтан Назарбаев түріктің «Байтур Иншаат Теахют» компаниясы салып шыққан 260 орындық акушерлік-гинекологиялық және 240 орындық педиатрлық блогы бар Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына барып, құрылыс нысанымен танысып шықты.
Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»