Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында орналасқан «Ерік ата» балабақшасының құрылысына 11 миллион теңге жұмсалыпты. Мереке қарсаңында пайдалануға берілген бөбекжайдың ашылу салтанатына байзақтық тұрғындар көптеп қатысып, еліміздің бүгінгі даму деңгейіне, Жамбыл өңірінің күн санап гүлденіп келе жатқанына ризашылық білдірді. Жоспар бойынша мұндағы 3 топта 75 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылады. Ал балаларды 6 педагог қазақ тілінде оқытады.
Сонымен қатар Жамбыл ауданының Ақбұлым ауылында бой көтеріп, халық игілігіне берілген «Зерде» балабақшасындағы 2 топта 50 бала оқиды. Аталған балдырғандарға арналған нысанда жұмыспен қамтылған 6 мұғалім балаларға қазақ тілінде білім береді. Тараз қаласының іргесінде орналасқан ауылдағы балабақша заман талабына сай жабдықталған.
Облыс орталығынан алпыс шақырымдай жерде орналасқан Жуалы ауданында бұл күнде «Burnoe Solar-1» күн электр стансасы жұмыс істейді. Астана қаласының мерейтойына орай «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашылды. Аталған нысанның екінші кезеңгі кешенінің құрылысына 22 миллиард 667 миллион теңге жұмсалған. Оның 7 мил-
лиард 804 миллион теңгесі United Green-Samruk Kazyna жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншікті қаржысы болса, қалған 17 миллиард 580 миллион теңге Еуропа қайта құру және даму банкі мен Таза технологиялар қорынан алынған. Қуаттылығы 50 МВт-ны құрайтын баламалы қуат көзін өндіру нысанын салу жұмыстарына 300 адам тартылса, нысан іске қосылған соң мұнда 45 адам жұмыспен қамтылады.
Жалпы, елорда тойы – елдіктің тойы болған соң, Жамбыл өңірінде тұратын әрбір азамат байтақ шаһардың қуанышты күніне арналған акциядан қалыс қалған жоқ. Олай дейтініміз, өңірдің барлық аудандарында жаңа нысандар ел игілігіне беріліп, халық қуанышын еселеді. Меркі ауданында 125 өскінді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтитын «Ерсұлтан» балабақшасы ашылды. Бұл күні меркіліктер көптен күткен қуанышты сәттерге куә болды. Аталған мекемеде 4 топ жұмыс істеп, балақайлар 3 тілде білім алатын болады. Қазіргі таңда балабақшаға 104 бала жиналған.
Елорда мерейтойы қарсаңында Қордай ауданының тұрғындары да көптеген игілікке кенелді. Қасық ауылдық округінің өзінде 7 бірдей нысан іске қосылды. Атап айтсақ, Әлжан ана ауылының тарихи музейі пайдалануға берілді. Мұнда ауыл тарихына қатысты барлық деректер жинастырылған. Сондай-ақ аталған ауылдағы музей жәдігерлерінің бір парасы Әлжан ана мен оның туыстарына арналған. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қордай ауданына жұмыс сапары барысында түсірілген естелік суреттер мәдени нысанның тарихи мазмұнын арттырып тұр. Айта кетейік, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес, бар болғаны 1,5 айда бой көтерген музей заманауи цифрлы технологиямен жабдықталған.
Сонымен қатар Әлжан ана ауылында дәрігерлік амбулатория ауыл тұрғындарына есігін айқара ашып, ел азаматтарының қуанышын көбейтті. Аталған нысан 15 келушіге арналған. Құрылысына 35 миллион теңге жұмсалған дәрігерлік амбулаторияда 9 медицина қызметкері жұмыс істейді. Ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау бағытымен қатар, бұл жерде бұқаралық спортты дамытуға да баса назар аударылып отыр. Осы орайда Әлжан ана ауылында спорт алаңшасының пайдалануға берілгенін атап өткен жөн. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 8 миллион 756 мың теңге бөлініп, нысанның құрылысын «Аль-Аркаржан и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.
Кезінде өндірісімен әйгілі болған Сарысу ауданының Жаңатас қаласында «Соляная компания «Асыл тұз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ас тұзын өндіретін зауыты іске қосылды. Астананың 20 жылдығына орай ашылған жаңа өндіріс ошағының құрылысына 710 миллион теңге қарастырылған. Жылына 50 мың тонна ас тұзын шығаруға қауқарлы кәсіпорында жоспар бойынша 75 адам жұмыспен қамтылмақ. Жұмыскерлердің орташа жалақысы 60-80 мың теңге болады. Жалпы, аталған жоба Жамбыл облысы әкімдігінің 2016 жылы 30 желтоқсандағы №369 қаулысы негізінде өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген.
Елорда тойына тарту негізінде Жамбыл облысында жүзеге асқан жүйелі жұмыстар Т.Рысқұлов ауданында да жалғасын тапты. Мерейтой қарсаңында аудан орталығы Құлан ауылында 160 адамға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Нысан құрылысына 362,8 миллион теңге бөлінген. Мердігер «Нұр Тұрсын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кешен құрылысын өткен жылдың наурыз айында бастап, елдіктің мерекесіне орай ел тұрғындарына тарту етті.
Ал Талас ауданы, Қаратау қаласында биыл қоныстой көбейді. Қаратаулықтар Астана күнін жаңа пәтерде тойлайтын болды. Аудан орталығында 70 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Шағын шаһардың 5-шағын ауданында орналасқан №51 үйдің жөндеу жұмыстарына 226 миллион 886 мың теңге бөлінген. Сонымен қатар Қаратау қаласында «Елдана» балабақшасы пайдалануға берілді. Аталған нысан 50 балаға арналған. Жобалық құны 20 миллион теңгені құрайтын мектепке дейінгі білім беру мекемесінде балалардың заманға сай білім алуына барлық мүмкіндік жасалған.
Шу ауданының орталығы Төле би ауылында «Нұр-Аш» және «Лашын» балабақшалары өз жұмысын бастады. Жалпы құны 41,5 миллион
теңгеге салынған «Нұр-Аш» балабақшасы 75 балдырғанды қабылдауға арналған. Мұнда өскіндер қазақ және орыс тілдерінде білім алады. Ал «Лашын» балабақшасының құрылысына 7 миллион теңге бөлінген. Бұл жерде де 75 балдырған үш топқа бөлініп, оқытылады.
Тараз қаласында облыстық олимпиадалық резерв арнайы мектебінің 3 ангарлық спорт залы пайдалануға берілді. Оның құрылысына 494,7 миллион теңге бөлінген. Өткен жылдың наурыз айында басталған нысанның құрылыс жұмыстарын «Қаратау құрылыс-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Нысан жобасын «Тараз-Технопроект» компаниясы жасаған. Ал құрылысы өткен жылы басталған облыстық арнайы балалар-жасөспірімдер №4 спорт мектебіндегі велосипед базасының құрылысын «АЕМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Мереке қарсаңында мәресіне жеткен жұмыстарға 166,5 миллион теңге жұмсалған.
Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Астана – аймақтардың арқауы» атты облыстық форум өтті. Аталған форумда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов сөз сөйлеп, барша жамбылдықтарды Астана күнімен құттықтады.
Ең бастысы – қысқа ғана 20 жыл ішінде Астана мемлекеттік брендке, мәңгілік мемлекеттігіміздің, асқақ рухымыздың нышанына айналды! Астана ел дамуындағы бағыт-бағдарға, қозғаушы күшке серпін беріп отыр. Соның ішінде өңірлердің дамуына да оң ықпал етіп отырғандығы белгілі. Сондықтан да бүгінгі «Астана – аймақтар арқауы» атты форумның өтуі орынды. Өйткені өңірлердің өркендеуі – Астананың дамуымен тамырлас! Мемлекет басшысы «Астана 20 жылдың ішінде бүкіл әлем қызыға көз тіккен мегаполиске, әлемнің маңызды кездесулер өтетін үнқатысу алаңына айналды. Қаламыз қарқынды дамып, өркендеудің келесі белесіне қадам басты» деген болатын. Бұл – әлемдік кездесулер алаңына айналған Астана туралы қысқаша қайырылған баға.
Сонымен қатар «Астана – аймақтардың арқауы» атты облыстық форумда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы Тұрсынай Әбдіқадырова, Тараз қаласындағы №40 мектеп-гимназия директорының орынбасары Ирина Щедрина және елорданың құрдасы, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің 4-курс студенті Еркежан Ыбыраева сынды азаматтар сөз сөйлеп, бүгінгі таңдағы Астана қаласының даму қарқынына, еліміздің әлем алдындағы беделіне тоқталды. Өз сөздерінде спикерлер Астана әр қазақтың мақтанышы екенін, сонымен қатар бүгінгі жетістігіміз татулық пен бейбітшіліктің нәтижесінде келіп отырғанын жеткізді.
Аталған форумның соңында облыстық филармония әншілері «Елімнің жүрегі – Астана», «Город мой», «Арман қала – Астана», «Елін сүйген Елбасы», «Нұрлы Астана», «Аяулы Астана» әндерін нақышына келтіре орындап, көрермен көңілін серпілтті.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы