– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, қазір Назарбаев Университет әлемге танымал іргелі оқу орындарының бірі болып саналады. Университет өз дамуында көп нәрсеге қол жеткізіп үлгерді. Жас дарындарды одан әрі қолдау мақсатында қандай шаралар қарастырылып жатыр?
– Бүгінде Мемлекет басшысы Назарбаев Университет және еліміздің жалпы ғылыми әлеуетін дамыту перспективаларын талқылауға зор мүмкіндік беріп отыр. Бұл жұмыстарды сала-сала бойынша тарқатып айтуға болады. Айталық, биыл университет шығарылымында Медицина мектебі алғаш рет өзінің 25 түлегіне диплом берді. Олар болашақ докторлар, ғылыми зерттеушілер мен академиялық клиникалық дәрігерлердің бірінші санаты сияқты еліміздің ертеңгі жарқын болашағы, білікті де бесаспап мамандар. Айта кетуіміз керек, жоғарыдағыдай мектептердің саны жыл сайын артып келеді. Оның ішінде жаңадан ашылған Кен ісі мектебін ерекше атауымызға болады. Сол бойынша қазір мамандар даярлау үстіндеміз. Қазақстанның өзінің табиғи қазба байлықтарының көп екенін ескере отырып, болашақта сол саланы игеретін біздің университет түлектері болса дейміз.
Ал жалпы университеттің алдағы жоспарларына үңілетін болсаңыздар, 2025 жылға қарай Назарбаев Университет студенттерінің саны екі есеге өседі. Ондағы бакалавр дәрежесін алып шығатындар саны 5 мың 300-ге дейін жетеді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта аталмыш оқу орны ғылыми зерттеу жұмыстарын да жандандыруды түбегейлі қолға алмақшы. Сондай-ақ жыл соңына дейін өз зертханасы бар жаңа нысан ашылуы тиіс. Біздің университеттің іргетасы қаланғанға дейін жас дарындар мектеп бітірген соң мақсатына жету жолында шетелде білім алуға бел буатын. Бірақ өз елінде де әлемнің бетке ұстар университеттерінен кем түспейтін оқу ордасының барын естіген олар бүгінде жоспарлы түрде Қазақстанның ең беделді жоғары оқу орнына түсуді дұрыс санайды. Біздің университеттің ерекшелігі сол, 4 жылдан соң бакалавр дәрежесін алып шыққаннан кейін, осы жоғары оқу орны жанындағы медициналық мектепте білімін жалғастыруға мүмкіндік алады. Көпшілігі бұл университетті тек ғылым жолына бет бұрған білім ошағы деп түсінеді. Бұл – қате пікір. Біздің түлектер оқудан бөлек қосымша ғылыми зерттеу жұмысын жасауға үйренеді. Демек бұл алаң өз алдына ғылыми зерттеу жүргізе алатын дәрігер дайындайтын бірден-бір университет болып табылады. Сонымен қатар тек жаратылыстану ғылымдары емес, сондай-ақ саясаттану және әдебиет мамандығын да қатар оқып шыққан түлектер жетерлік. Олар да бакалаврды тәмамдаған соң магистратураны шетелде оқу арқылы өз ісінің ең озық, алдыңғы қатарлы маманы болып шығады. Магистратураға тапсырған олардың біздің елде алған білімі толықтай жеткілікті болатынын кез келген түлек дәлелдеп жүр. Бұдан демек Назарбаев Университет шетелдің озық оқу орындарынан асып түспесе, кем түспегені деген ой түюге болады.
Биыл 811 студент Назарбаев Университеттен түлеп ұшты. Оның 506-сы – бакалавр, 302-сі – магистр, тағы үшеуі – докторант. Былтыр жоғары оқу орнын 737 түлек тәмамдаған. Биыл бітірушілер саны 10 пайызға көп. Өткен жылы Президент Н.Назарбаев 2025 жылға қарай студенттер санын екі есеге көбейтуді тапсырған еді. Бұл тапсырма бойынша жұмыстарды бастап кеттік. Қайталап айта кетейік, қазіргі уақытта оқу орнын 750-800 түлек бітіріп шықса, 2025 жылға қарай бакалаврлар санын 5 200-5 300-ге дейін өсіреміз. Сонымен бірге ғылыми-зерттеу жұмысы қарқынды дамып жатқандықтан, PhD докторанттары санын арттыруды да алдағы ірі жоспарларымыздың бірі деп айтуымызға болады.
– Университетте ақылы білім алуға қанша қаражат қажет?
– Назарбаев Университетте ақылы білім алу құны өзге университеттермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Өйткені педагогтер базасының үштен бірі – шетелдік мұғалімдер. Біз әлемнің кез келген үздік оқу ордаларымен иық теңестіре аламыз. Бізді бітіріп, бакалавр дәрежесін алып шыққан 40 пайыз студенттер өздерінің білімдерін әрі қарай жалғастырады. Оған университеттің сапалы білім базасы негізгі тірек болып отырғандығына сенімдіміз. Сондай-ақ біздің студенттер үлкен мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті аудиториялар мен жатақхана орнын көбейту ісіне де ерекше мән береміз. Оның барлығы шәкірттің төлеген ақысына татитындай болуы керек. Алайда шетелде оқуға жұмсалатын қаржыға қарағанда Назарбаев Университетке төленетін сома әлдеқайда төмен. Оның ар жағында түлектердің елде оқып, елде қызмет етуіне де үлкен мүмкіншілік бар.
Осы жерде біз Назарбаев университеттің білім сапасы «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген студенттердің деңгейінен бір де кем емес екендігін мақтанышпен айта аламыз. Биыл университетімізде тек қана ғылыми зертханалар орналасатын жаңа ғимарат ашылады. Бұл жаңа ғимарат та 2025 жылға арналған жоспарды орындауға өз септігін тигізеді. Қандай жағдай болсын, студенттердің алаңсыз білім алуына жағдай жасауымыз керек.
– Сонда алдағы уақытта «Болашақ» бағдарламасымен оқытуды мемлекет тоқтатуы мүмкін бе?
– Мұндай тәжірибе 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Яғни, қазір «Болашақ» бағдарламасы бойынша бакалавр дәрежесінде білім алу шектеулі деуімізге болады. Тек ерекше мамандықтар үшін ғана шетелде бакалавр дайындайды. Мысалы, сурет өнеріне қатысты мамандықтар бойынша шетелде оқытады. Ал магистрлерге келетін болсақ, 2017 жылы Үкімет біржақты тәртіппен «Болашақ» бағдарламасы бойынша дайындалатын магистрлер грантының біршама бөлігін біздің университетке ауыстырды. Және бұл ұсыныс Үкімет тарапынан жүзеге асты. Біз ешқандай сұраныс жасамаған болатынбыз. Мұның өзі білім ордасына деген үлкен сенім деп түсінеміз.
– Назарбаев Университетте шетелдік студенттер білім алуда. Олардың үлгерімі қалай?
– Олар айтарлықтай көп емес. Тіпті өзге мемлекеттерден келіп оқып жатқан 0,5 пайыз маңайында ғана студент. Атап айтар болсақ, Ресей Федерациясынан, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген шәкірттер осы пайыздың ішіне кіреді. Негізінен, өзге мемлекетте білім алудың көптеген артықшылықтары бар. Оған әсіресе жастар құлықты болуы керек. Тәжірибе алмасу, өзге мәдениеттердің дәстүрлі мектептерімен танысу талапкердің болашақ көшбасшылық қырын, қасиетін ашуға көп септігін тигізеді. Сондай-ақ ол студенттерден біздің университет те көптеген тәжірибе жинақтайтынын айта кеткен жөн. Олар кейін көршілес мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты жақтайтын мамандар болып өсіп шығады. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дамыған 30 мемлекет қатарына Қазақстанның кіруіне жасалған алғышарттарының бірі екенін де айта кеткеніміз дұрыс. Мысалы, бүгінде Қазақстан өзінің ішкі жалпы өнімінің 0,2 пайызын осы білім саласына, оның ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсап отыр. Ал дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш 2,5 пайыздан 4 пайызға дейінгі аралықты қамтиды. Айталық Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттердің ғылыми-зерттеу әлеуеті зор мемлекеттер қатарына енетіні сондықтан.
– Түлектердің алдағы уақытта жұмыспен қамтылуы туралы айтып берсеңіз?
Назарбаев Университет түлектеріне Қазақстанда қалу міндеті қойылмайды. Түлектеріміз өз білімін жалғастыру үшін шетелге де кетіп жатыр. Қазақстанда табысты еңбек етіп жүргендер де бар. Олар көбінесе қаржы саласын, ірі консалтингтік компанияларды таңдаған. Көпшілігі өз бизнесін ашып жатыр, бұл бізді қуантады. Өткенде Алматыдағы аты белгілі жоғары оқу орнының ректоры өзінің баяндамасында Назарбаев Университет болашақта тұралап қалады деген болжам айтыпты. Оның пайымынша, бізді бітірген студенттер бәрібір шетел асып кететін сыңайлы. Бірақ Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдардан бергі даму сатысы ол пікірге толық қайшы екенін айтқым келеді.
– Назарбаев Университетке қабылдау талаптары өзгеру мүмкін бе? Сондай-ақ халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарына жеңілдіктер қарастырыла ма?
– Талаптар бұрынғыдай. Ол ақпараттардың барлығы университеттің сайтында, басқа да ақпарат көздерінде толық көрсетілген. Негізгі ескеретін жағдай, ағылшын тілін жетік білу және үміткердің GPА жоғары болуы қажет. Бұл жерде талапкердің ғана көзқарасы ғана емес, ата-ананың шешімдері болатынын жасырмаймыз. Қайткен күнде де өзінің білімі мен білігіне сенген мектеп бітіруші қалаған уақытында біздің студент атана алады.
Ал олимпиада жеңімпаздарына келетін болсақ, әрине талантты оқушыларды біз үнемі бақылап, өзіміз зерттеу жүргізіп отырамыз. Талантқа әр кезде талас күшті болады. Біз бәсекелестікке қабілетті балаларды бірінші қамтып қалу үшін көптеген жеңілдіктер қарастырамыз.
Жалпы, кез келген университеттің басты үш ұраны болады: оның біріншісі талантты табу, яғни ұстаздың да, шәкірттің де таланттары бір аудиторияда тіл табысуы, екіншісі бай ресурс және үшіншісі басқару жүйесі. Осы үш бағыт университеттің жан-жақтылығы болып табылады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Мирас АСАН
«Егемен Қазақстан»