Ресей-Испания арасындағы ойында анық фаворит Испания еді. «Қызыл фурия» талай қарсыласты шаң қаптырған азулы ұжым. 2008 жылы Еуропа чемпионатында топтық кезеңде испаниялықтар Ресейді 4:1 жеңді. Кейіннен осы турнирдің жартылай финалында 3:0 басым түсті. Бірақ одан бері де екі команда түбегейлі өзгеріп кетті. Оған кешегі ойында көзіміз анық жетті. Еуропа мен Әлем чемпионатын қатар жеңген испаниялықтар Ресейді жарыс қожайыны болса да, қыспаққа алды. Ойынның 12-минутында Серхио Рамостың арқасында олар есеп ашты. Бірақ гол Сергей Игнашевичтің атына жазылды. Бұл биылғы біріншіліктегі 9-автогол.
Алып денелі шабуылшы Артем Дзюба баспен соққы жасап жатқанда доп Жерер Пикенің қолына тиіп кетті. Төреші еш ойланбастан пенальти белгіледі. Дзюба 11 метрліктен мүлт кетпеді. Таразы басы теңесіп, таблодағы көрсеткіш 1:1 болды. Одан кейінгі ойын сүреңсіз өтіп, матч экстра-таймға ұласты. 15 минуттан тұратын екі тайм Ресейге де, Испанияға да еш пайда әкелген жоқ. Бапкерін ауыстырған Испания Лопатегидің жоқтығын анық сезінді. Тәжірибиесі жоқ Фернандо Иерро қысылтаяң сәтте ойын тактикасын өзгерте алмады. Біліктілігі жетіспеді ме, жоқ әлде шәкірттеріне дұрыс бағыт бере алмады ма, әйтеуір ойын пенальти сериясына ауысты. Құрамаға жаңадан алынған жартылай қорғаушы Коке мен шабуылшы Аспас өз мүмкіндіктерін голға айналдыра алмады. Есесіне, екі пенальти қайтарған Акинфеев құраманы келесі кезеңге алып шықты. Енді Станислав Черчесов командасы ширек финалда Хорватия құрамасымен күш сынасады.
Екінші ойында Хорватия Даниямен кездесті. Бұл ойын алдыңғысының айна-қатесіз көшірмесіндей болды. Алдымен жылдам соғылған голдар орын алды. Небәрі 53 секундта Матиас Йоргенсен бұрыштама кезінде есеп ашты. Араға 3 минут салып қорғаушы қателігін пайдаланған Марио Манджукич жағдайды теңестірді. Одан кейін де шақпақ жейделілердің гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Бірақ Каспер Шмейхэль шын шебер екендігін дәлелдеп берді. Оның үстіне осы матчты трибунадан әкесі де тамашалады. Кезінде атақты қақпашы болған Петер Шмейхель ұлының өнеріне дән риза еді. Себебі Каспер 116-минутта Лука Модрич тепкен пенальтиді қайтарды. Соңына дейін беріспей күрескен даниялықтар пенальти сериясына жеткеніне қуанды. Себебі қақпашысы пенальти тосудың Һас шебері еді.
Бірақ команда капитаны Кристиан Эриксен күтпеген жерден мүлт кетті. Ағылшын премьер-лигасында талай пенальти мен айып доптарын голға айналдыратын Кристианға не кесір жабысқанын ешкім түсіне алмады. Алайда алаңға алмасып кірген, күш қуаты сарқыла қоймаған Милан Бадель де пенальти соқпады. Допты Каспер Шмейхэль қайтарды. Одан кейін екі команда екі-екіден гол соқты. Кезек тағы да алмасып кірген Лассе Шөнеге келді. Дат ойыншысының пенальтиін Даниэль Субашич қайтарып жіберді. Хорват қақпашысы да Касперден еш қалыспады. Дегенмен алаңға алмасып кірген тағы бір ойыншы Пиварич Шмейхельден айласын асыра алмады. Шынын айтқанда, пенальтиді алаңға алмасып кірген тың ойыншылардың ешқайсысы да соқпады. Міне, мұндай да болады екен. Себебі 4-соққыны жасаған Николай Йоргенсеннің соққысын Субашич тырп еткізбей қақшып алды. Ал соңғы сөзді Иван Ракитич айтты. Ол қақпашы мен допты екі жаққа жіберіп, бос бұрышты дәл көздеді. Хорватия келесі кезеңге өтті. Тартысты өткен пенальти сериясы көпке дейін ұмытылмастай болды.
Ермұхамед Мәулен,
«Егемен Қазақстан»