Өткен аптада чуваш этно-мәдени бірлестігі саябақта концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Облыстық чуваш мәдени орталығы мен қатар құрылған халық әндері мен билерін орындады. «Сеспель» фольклорлық ансамблі құрылған-ды. Баянда ойнайтын Гайнутдин Ташимов осы ансамбльдің көркемдік жетекшісі. Ұлттық фольклорлық ансамбль жастардың өз халқының салт-дәстүрін, ән, билерін, тілін ұмытпай жалғастырулары үшін қажет.
Қалалық саябаққа жиналған тұрғындар чуваш халқының әндерін тыңдап, мәдениетімен, ұлттық тағамдарымен және салт-дәстүрлерімен танысты. Тағы бір басты ерекшелігі, чуваштар қазақ және орыс тілдерінде Астанаға арналған әндер шырқады.
Мерекеге жиналған жұртшылық чуваштардың ыстық та, дәмді бәліштерінен ауыз тиді.
– Жалпы, чуваш халқы жазғы уақытта «Агатуй», «Щимек», «Уяв» сияқты көптеген мерекелерін тойлайды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Біз осы мерекелердің маңызын, ерекшелігін чуваш жастары ұмытпасын дейміз. Мысалы, «Агатуй» көктемгі егістің басталуына, ал, «Уяв» аяқталуына арналады. Ал, біз бүгінгі күндері еліміздегі достық пен бірліктің, берекенің төрі – Астанамыздың мерейлі тойын қарсы алудамыз. Өйткені, барлық жақсылық пен мейірім Елбасының баталы сөзімен және әсем де арайлы Астанадан тарайды. Құтты болсын Астана тойы! Бұл біздің жастарымызға қажет рухани ой салар мерекелер, – дейді бірлестік төрайымы Елена Софронова.
– Біздер Достық үйінде чуваш тілін үйреніп, өзара туған тілімізде сөйлесеміз. Чуваш тілі жоғалып барады деу дұрыс емес. Тілді сақтауға біздің өңірдегі «Жаңғыру» мектебінде барлық жағдай жасалған. Бүгінгі мерекедегідей салт-дәстүрлерімізді дәріптеп, насихаттай аламыз,– дейді чуваш жастар бірлестігінің жетекшісі Оксана Копотун.
Бұл күндері өңірде 700-ге жуық чуваш ұлтының өкілі тұрады. Бауырлас халық қазақ жерін отандарындай көріп, ұлттық құндылықтарын сақтап, туған тілдерін жаңғыртып өзгелерге үлгі.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР