Су спорты • 03 Шілде, 2018

Бес жүлде олжалады

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Кореяның Чонджоу қаласында академиялық ескек есуден Азия кубогы аяқталды. Сарықұрлықтың ең үздік спортшылары қатысқан айтулы додада қазақстандық спортшылар үшін сәтті өтті. Өйткені еліміздің ескек есушілері үш алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды.   

Бес жүлде олжалады

Азия кубогы бәсекесінің жекелей сынында жарыс жолына шыққан отандасымыз Александра Опачанова алтын жүлдеге қол жеткізсе, жұптасып өнер көрсетуде Мария Пойда мен Алина Мочулге тең келер қарсылас табылмады. Ал жарыстың соңғы күніндегі жекелей сында Алина Мочул же­ңімпаз атанды. Сондай-ақ қыз­дар арасында төрт адам­дық ескек есуде Мария Пой­да, Светлана Германович, Александра Опа­чанова және Виктория Чепи­кова күміс, ерлер арасында жұп­тасып сынға түскен Евгений Васильев пен Михаил Таскин қола жүлдегер атанды.

«Қазақстан құрамасы Азия кубогы бәсекесінде жақсы өнер көрсетті. Нәтижеміз жаман емес. Үш алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алдық. Бұл додада Гонконг, Оңтүс­тік Корея, Вьетнам командалары өте жақсы дайындықпен кел­гені анық байқалды. Жарыс өз жерінде өткен соң, кореялықтар бір емес, үш құрамын бірден қатыстырды. Ал Вьетнам құра­масында еуропалық маман­дар жұмысқа тартылған. Сол себепті, олардың деңгейі әлдеқайда өскен. Ал біз үшін ең басты қарсылас – Өзбекстан құрамасы болды. Олар Азиядағы өте мықты командалардың бірі», дейді академиялық ескек есуден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Анна Белоногова. 

Бас бапкердің айтуынша, Азия кубогы тамыз айында Ин­донезияда өтетін Жазғы Азия ойындарының алдындағы ең үлкен дайындық. «Алда Азия ойындары келе жатыр. Ол біз үшін биылғы жылдың басты додасы. Азия ойындарында алтынға таласу қиын болады, себебі, Қытай ең мықты команда саналады. Десе де біз жүлде алу үшін бар күшімізді саламыз», деп атап өтті бас жаттықтырушы.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар