Аймақтар • 02 Шілде, 2018

Қостанайда Ұлттық домбыра күні мерекесін «Домбыра-думан» концерті қорытындылады

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай қаласының іргесінен ағатын Тобыл өзенінің бір қойнауынан өткен жылы салынып, пайдалануға берген Тәуелсіздіктің 25 жылдығы атындағы демалыс паркінде  Ұлттық домбыра күні мерекесінің құрметіне Облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырған «Домбыра-думан» атты концерт өтті. Оған  облыс өңіріндегі домбырашылар мен дәстүрлі әншілер, өнер ұжымдары қатысты. Кешке қарай өткен концертте ашық аспан астындағы амфитеатрда ине шаншар орын болған жоқ. Қоңыр домбыраның шанағынан төгілген күй мен күміс көмей әншілердің әні құлақ құрышын қандырды.

Қостанайда Ұлттық домбыра күні мерекесін «Домбыра-думан» концерті қорытындылады

«Елбасының шілденің  1-ші жұлдызын Ұлттық домбыра күні мерекесін етіп белгілегеніне ризамын. Қанша орыс мектебін бітірсек те, домбыраның үнін естігенде елеңдеп қаламыз, қан тартады ғой. Менің немерем «Жұлдыз» балалар студиясына домбыра үйренуге барады. Қазір ол осы студияның  балаларымен бірге Парижде байқауға қатысып  жүр. Ұлтымызбен бірге жасап келе жатқан домбыраның қазаққа бергені көп» дейді көрермен Гүлнар Мұрзина.

Концертте көрермендер тек ән-күй тыңдап ғана қойған жоқ,   домбыра туралы викториналық сұрақтарға жауап беріп,  кәдесыйлар алды.  Сонымен қатар мерекеге жиналғандар  саябаққа тігілген ақбоз үйдің ішінде облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлері ұйымдастырған домбыра көрмесін де тамашалады. Онда Мұхтар Әуезовтың, Амангелді Имановтың, тағы басқа  Қостанай өңірінен шыққан тұлғалардың  домбыралары жұртшылық назарына ұсынылды.  

Бір қызығы, ұйымдастырушылар концерт аяқталған соң, жиналғандар арасынан домбыра тартып өнер көрсетуге тілек білдіргендерге мүмкіндік берді. «Ел іші – өнер кеніші» деген, сахнаға домбыраның құлағында ойнайтын өнерпаздар шығып, күй тартып, ән шырқады.

Негізі Қостанай қаласында Ұлттық домбыра күні мерекесі күндізгі  сағат 11.00-де Орталық әмбебап кітапханасы алдында   «Нұр Отан »партиясы облыстық филиалының «Жаса Отан» жастар қанаты ұйымдастырған  «Домбра-party» жастар акциясымен басталған болатын. Түстен кейін Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы мен Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірлесіп ұйымдастырған «Балалардың көзіндей қасиетті домбыра» атты  акция өтті.  Ұлттық домбыра күні қостанайлықтардың рухын аспандатты.

Нәзира Жәрімбет

ҚОСТАНАЙ