Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы және Қазақстан театрлары ассоциациясы ұйымдастырған фестивальда еліміздің үздік театр ұжымдары: М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры және республикамыздағы ең жас өнер ордасы Astana Musical театрларынан бөлек, Италия, Германия, Польша, Литва, Жапония, Грузия, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Өзбекстан және Қырғызстан театрларының сахнаның сан түрлі сиқырын игерген шығармашылық ізденісі өнерсүйер көпшіліктің көңіліне берік бекіп, әр көрермен үшін естен кетпес әсерін ұзақ уақыт айтып жүрер айтулы өнер оқиғасына айналғаны сөзсіз.
КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі актер Асанәлі Әшімов, Париж қаласындағы ұлттық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, театртанушы, профессор Беатрис Пикон-Валлен, Литва орыс драма театрының бас режиссері, Литва және КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Йонас Вайткус, режиссер, театр сыншысы, IVT, theatre-contemporain, mode&custumes бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіз журналисі, перфомер және мим өнері актері Давид Шавлис – Асатиани және Габриэль Гарсиа Маркес атындағы америкалық театр қорының көркемдік жетекшісі, режиссер Давид Папава Гурджи бастаған сыншылар алқасының сарапшылығымен кәсіби тұрғыда баға берілген фестивальда көрермен қауым Джорджо Стрелер (Италия), Роберт Стуруа (Грузия), Эймунтас Някрошюс (Литва), Юрий Бутусов (Ресей) сынды әлемнің үздік режиссерлерінің қойылымдарын тамашалауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ Франция мемлекетінен шақырылған арнайы қонақ Берлин, Венеция және Канн кинофестивалінің «Оскар» және «Алтын пальма бұтағы» сыйлығының иегері, белгілі актриса Жюльет Биноштың өнер университеті студенттері мен театр және кино актерлеріне арналған шеберлік сыныбы да фестиваль қатысушылары мен қонақтарына шығармашылық соны серпіліс сыйлағаны сөзсіз. Әйгілі актрисаның ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің салтанатты жабылу рәсіміне тарту еткен «Жүректен шыққан сырлы сөз» атты шығармашылық кешінің де астаналық өнерсүйер қауым көңілінде жағымды әсерімен жатталғаны анық.
Ал бас қаланың басты оқиғасына айналған ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестиваліне қатысушы қонақтар мен театр мамандарының Қазақстан, оның ішінде елордамыз – Астана жайлы пікірі де, әсері де сан алуан. Фестивальдан, Қазақ елінен алған әсерлерімен бөліскен мамандар пікірі төмендегіше өрбіді.
Жюльет БИНОШ,
Берлин, Венеция және Канн кинофестивалінің «Оскар» және «Алтын пальма бұтағы» сыйлығының иегері, белгілі актриса:
– Таңсәріде ұшақтан түсе салғаннан менің назарымды аударғаны – қаланың сәнді де сәулетті архитектурасы болды. Адамдары да сондай ақжарқын, күле қарап жауап беретін ізетті, жайдары жандар екен. Қазақ халқының қонақжайлылығы да мені айрықша тәнті етті.
Сахна тыңғылықты да жіті ізденісті, еңбекті талап етеді. Күні кеше Канн фестивалінде топ жарған жерлестеріңіз, актриса Самал Еслямованың жеңісі де үздіксіз ізденістің жемісі екені сөзсіз. Біле білсеңіздер, әлемнің ең беделді кинофестивалінде топ жарған қазақ қызының жеңісі – мұқым қазақтың абыройы, мақтанышы. Бұл Қазақстандағы өнердің деңгейін көрсетеді деп есептеймін.
Давид ШАВЛИС-АСАТИАНИ,
режиссер, театр сыншысы, IVT, theatre-contemporain, mode&custumes бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіз журналисі, мим өнері актері:
– Фестиваль маған өзінің бағдарламалық мазмұнының сан алуандығымен, жанрлық, формалық тұрғыдан бір-біріне ұқсамайтын сантараптылығымен айрықша ұнады. Театр маманы ретінде ең әуелі осы жағын атап өткім келеді. Әсіресе Литва театры әкелген Ф.Кафканың «Аштық шебері» және ресейлік театр қойған А.Чеховтың «Ваня ағай» спектакльдері көңілімде ерекше сақталды. Сол секілді қазақстандық жас режиссер Фархат Молдағалиевтің «Қарагөз» қойылымындағы ізденісін айрықша атап өткім келеді. Astana Musical театры ұсынған «Қыз Жібек» қойылымы да өзіндік ұлттық бедерімен қызықтырды.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»