Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі құрметіне арнап Астана қаласы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалы бірігіп жариялаған республикалық жыр мүшәйрасы өз мәресіне жетті. Көрнекті қаламгерлер төрелік еткен қазылар алқасы бәйгеге қатысқан 125 ақынның шығармаларын жан-жақты сараптай келе еңселі еліміздің асыл мұраттарын жарқырата жырлай білген жүлдегер ақындарды анықтады.
Сонымен, Астанадағы аламан жыр бәйгесінде бас бәйгені – «Азаттық» атты толғауымен Оңайгүл Тұржан, бірінші орынды – «Аспаннан қазақ жауған күн» поэмасымен Жәркен Бөдешұлы, екінші орындарды – «Алла менен Алаштың арасында» атты өлең топтамасымен Серік Ақсұңқарұлы және «Ақбоз атты арулар», «Тәуелсіздік» толғауларымен Биғайша Медеуова, үшінші орындарды – тәуелсіздікке арналған бір топ өлеңдерімен Гүлнәр Салықбаева, Тоқтарбек Хамзин, Наурызбек Саршаев жеңіп алды. Ынталандыру сыйлықтарын – Толыбай Абылаев, Ақылбек Шаяхметов, Жұма-Назар Сомжүрек, Сәуле Досжан, Динара Мәлікова иеленді.
Мүшәйраға қатысқан барлық ақындардың бәйгеге түскен шығармалары іріктеліп, келер жылы «Тәуелсіздікке тарту» деген атпен жеке кітап болып шығатын болды. Жинақтың жарық көруіне Астана қаласы әкімдігі демеушілік жасамақ.
«Егемен-ақпарат».