16 Желтоқсан, 2011

Зиманов дәрісі

804 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін
Осы жылдың қыркүйек айы­ның соңында «ҚАЗАҚ» га­зеті­нің алқа мүшесі, ака­демик Салық Зиманов редакцияға екі күн бойы қатарынан келіп, газеттің 2013 жылы болатын 100 жылдығы, қазақ дала­сын­дағы әділ сот, ел құқығын ба­ға­лау тарихы, «Қазақтың ата заң­дары­ның» он том­дығы жөнінде және бүгінгі өмір, қо­ғам жайлы кеңінен әңгіме қозғаған еді. Қазан айының ортасына қарай оқы­мыс­ты өзімен болған сұх­баттың мәтінін оқып, қарап берді. Содан бір ай өткен соң ғазиз жанның жүрегі соғуын тоқ­татты. Төменде ғалым Салық Зиманов пен «ҚАЗАҚ» газеті­нің бас редакторы, жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің екеуара сол әңгімесі ел газеті «Егемен Қазақстанға» ұсынылып отыр. Мұндағы айтылған ойлар мен қозғалған мәселелерді ака­де­миктің аманаты, ұрпаққа арнаған соңғы сөзі десе де болады. Бірінші күнгі әңгіме – Сөзді денсаулықтан басталық. Қалайсыз, аға, соңғы кездері аурухананы жиілетіп кеттіңіз... – Шүкір, бірақ жас ұлғайғанда ыңқыл-сыңқыл көбейе бере ме, қалай, әйтсе де жұмыстан қалған жоқпын. Бір тәубем осы! – Мықты болыңыз, аға, тілектеспіз! – Тырысып бағамыз да... – Енді ойда жүрген әңгімені басталық... Сөзі­міз­дің бісмілләсі, өзіңіздің ұйытқы болуыңызбен жа­рыққа шыққан «Қазақтың ата заңдарының» он том­ды­ғы туралы болмақ. Мұның құнды еңбек екені сөз­сіз. Осы көптомдыққа түбегейлі тоқта­лып өтсеңіз? – Оқушылар назарына ұсынылған «Қазақтың ата заңдары» деп аталатын бұл он томнан тұратын көптомдық серия – концептуалды (тұжырым­дама­лық деңгейдегі) басылым, жалпы қазақ ғылымы са­ла­сындағы тың жұмыс. Менің тікелей бас­шы­лығыммен, дәлірек айтқанда, ғылыми жетекшілігіммен, басылымның бас редакторы әрі автор­лары­ның бірі ретінде мол күш жұмсалған осынау тарихи реформаторлық зерттеу еңбек қазақ хал­қы­ның бай құқық саласының кемел шежіресі іспетті іргелі бастама. Жә, сонымен «Қазақтың ата заң­дары» көптомдық кітабының құрылымдық жо­ба­сын тізсек, төмендегіше боп шығады: І-том. Белгілі тарихи тұлғалардың, ойшыл­дар­дың, жиһангерлердің, ғылым мен мәдениеттің бұ­рын­ғы-соңғы көрнекті өкілдерінің еркіндік идея­ла­рына негізделген қазақ әдет-ғұрып заңдары, олар­дың «ежелгі болмысы» туралы ойлары мен пі­кір­лері. Билер және билер сотының тарихы мен олар­дың қоғам, ел өміріндегі ерекше рөліне арналған зерттеулер. ІІ-том. Ұлы дала қазақтарының өміріндегі Қазақ құқығының «көне болмысы» туралы әртүрлі зерттеулер көшпелі өркениеттің дәстүрлі демо­кра­тия­сын бойына сіңірген және ежелгі еркіндік идея­ларына негізделген, көбінесе ауызша тарихта сақталған, қазақ құқығы жүйесінің көшпелі өмірді реттеудегі жасампаздығы мен тетіктері туралы зерттеу жұмыстары қамтылады. ІІІ-том. Қазақтың белгілі әрі беделді билері, олар­дың биліктері мен шешендік өнері, өсиеті, на­қыл сөздері, ел тұтастығы мен ер намысын қорғау жолындағы сүбелі үлестері. Абай – ұлы ойшыл, ақын, әрі қазақ әдет-ғұрып құқығының білгірі мен реформаторы. Оның «төбе би» болып сайлануы, нақтылы биліктері кеңінен беріледі. ІV-том. Қазақ әдет-ғұрып құқығының ескерт­кіш­тері. Ізденістер мен табыстар. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы», олардың тізімі мен нұсқалары. V-том. Қазақ құқығының «көне болмысына» арналған ресейлік және орыс тіліндегі әдебиеті, мұ­рағат деректері. Дала өлкесін отарлау кезеңін­дегі құқық саласындағы күшпен енгізілген кейбір өзгерістер және «Қазақ құқығының» өміршең­ді­лігі, ішкі қасиеті мен құрылымдылығы ғасыр­лар­дан ғасырларға сақталуы жөнінде. VI-VII-томдар. Қазақ құқығы нормаларының жиынтығы және кейінгі жазбалар. Соның ішінде оның әдеттік-құқықтық нұсқалары, әр кезеңдегі әр түрлі авторлармен, сондай-ақ білгірлермен, оның жа­ңа кезеңдегі «мұрагерлері» мен жолын ұстану­шы­лардың жинақтары. ХІХ ғасырда Ресей әкімші­лігі тарапынан арнайы құрылған экспедиция ма­те­риал­дары. Бір бөлім «Қазақ құқығы» туралы Еуропа әде­биеттерінде жарық көрген деректерге арналады. VIII-том. Қазақ әдет-ғұрып құқық жүйесіне, оның қалыптасуына елеулі әсерін тигізген Орта Азия, Шығыс Түркістан хандықтарының, Моңғо­лия мен Қытай мемлекеттерінің құқықтық жар­лық­тары. Салыстырмалы зерттеу және түсініктемелер. ІХ-том. Соттық құқықтық және саяси құ­ры­лысты бейнелейтін қазақ мемлекеттілігі мен Ұлы дала сотының көрнекті қайраткер-билерінің бейнелері көрсетілген көркемсурет, фотоқұжаттар мұралары. Х-том. Алдыңғы айтылған томдарға кірмеген, соңынан іздестіру мен зерттеу жұмыстарының барысында табылған қазақ құқығы туралы жаңа мәліметтер мен деректік құжаттар. Арнайы бөлімде анықтамалық материалдар ұсынылған. – «Қазақтың ата заңдарының» соңғы онын­шы томы тұтастай «Қазақ билер соты – бірегей сот жүйесі» атты Алматыда өткен халық­ара­лық ғылыми конференцияға арналғанынан ха­бардармыз. Осы басқосудың өтуіне өзіңіз де бір кісідей атсалыстыңыз емес пе? – Соңғы томның «Қазақ билер соты – бірегей сот жүйесі» атты халықаралық ғылыми конфе­рен­ция­ның жұмысына арналғаны рас. Осыдан екі жыл бұ­рын, нақтырақ айтқанда, 2008 жылдың 22-23 ма­мы­рында «Интеллектуал – Парасат» заң ком­паниясы және республиканың Жоғарғы Соты ұйымдастырған аталмыш ғылыми іс-шара Алматы қаласында өтті. Көшпелі қазақ қоғамының азаматтық және құ­қықтық мәдениеті қойнауында қалыптасқан қазақ билер соты ортақ мәдени құндылық қана емес, со­ны­мен қатар, өркениет тұрғысында аса ма­ңыз­ды инс­титуттық саяси-құқықтық жүйе болып табы­ла­ды. Би­лер соты қандай тарихи кезең болмасын кез кел­ген сот билігіне аса қажетті ұйымдастыру және мо­раль­дық қасиеттердің принциптерін өзінің құры­лы­мы мен қызметінде дәріптеп, берік ұстана білді. Яғ­ни, этно-генетикалық және өте қолайлы табиғи-гео­графиялық, саяси-аймақтық, әлеу­мет­тік, этно-мәде­ни ерекшеліктердің арқасында то­лық­қанды тарихи-этностық және тағылымды ортада тәлім алып, өр­кендеген қазақ билер соты атал­мыш ерекшеліктерден де еңселі болды. Осын­дай тектілік пен мән­ді­ліктің маңыздылығын ай­шық­тап, гуманитар­лық ілім саласына «Қазақ билер соты – бірегей сот жүйесі» деген мәртебелі сөз­ді енгізуге бағытталған бұл тұжырымдама жоғарыдағы халықаралық ғылы­ми конферен­ция­сы­ның басты тақырыбы болды. – Ал, қазақтың әділсоты жөнінде не айтасыз? – Қазақтың әділсоты дегенде шын мәнінде әділ­діктің символы болған билер соты көз ал­ды­мызға елестейді. Ол халықтың санасы мен аузын­да әділдіктің бейнесі саналды, мәдени құндылығы мен өнегелі бағдарына айналды. Ол көшпелі қазақ қоғамы мемлекеттілігінің барлық кезеңінде тек тарихи аңыз ретінде болған жоқ, сонымен қатар ХІХ ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейін өмір өрі­сі­нің, шындығының бір бөлігі болды, яғни әділ би­лердің сирек өкілдері өмір сүрді. Би әділ­сотының өміршеңдігінің, ғасырлар бойы сақталуының өз құпиясы бар. Біріншіден, ол өз тамырын халық­тың табиғи тарихынан алды, өз идеологиясында жалпыадамзаттық арман мен қоғамның талабын көрсетті. Екіншіден, билер әділсотының атасы болып табылатын көшпелі қазақ қоғамы талай күйзелістерді бастан кешіргеніне қарамастан, өз негізін өркениет ғасырының басына дейін сақтап қалды. ХІХ және ХХ ғасырлар аралығында қазақ халқы әлі де билер әділсотын аңсап өмір сүрді, ал олардың зиялы өкілдері – қоғам қайраткерлері оның мемлекеттік жүйеге енгізуге лайық үлгісін назардан тыс қалдырмады. Сот ғасырлар бойы, қай қоғамда болмасын, билік пен ел басқарудың мәні мен сәні болып табыл­ған. Ең алдымен сот мекемелеріне қарап қоғам­да­ғы билік жайлы, оның халық мүддесі алдындағы адалдығы туралы пікір қалыптасады. Шын мәнін­де, мұндай ұғым сот ауыртпалығын көбірек шегетін көпшілік арасында басым болады. Көшпелі қазақ қоғамының тірегі болған билер соты тарих қойнауында қалып қойса да оның беделі арта түсті, өзгерген өмірге қарамастан, бүгінде де көп­ші­лік арасында, оның ішінде қазіргі билік ба­сын­дағылардың да қайғысы мен қуанышының игілігіне айналды. Бұл оғаш пікір емес – билер әділ­соты­ның құндылығын аңсаған шындық. Осы жерде «көшпелі қазақ қоғамындағы билер соты» деген ұғымды анықтап алған жөн. Сөз көш­пелі қазақ қоғамын даралап бөліп алып, оны отырықшыл және қалалық қауымдардан ал­шақ­та­ту емес, сондай-ақ олармен арадағы бай­ланыс­тар­ды жоқ­­қа шығару да емес, керісінше, көшпелі қа­зақ қауым­­дарының өзіндік ерекшеліктерін, құнды, тіпті әлемдік маңызы бар жетілген құбылыстарын айырып айту мақсаты көзделді. Осындай жете назар аударатын, ерекше бөліп көрсететін құбылыс – билер әділсоты. Билер соты үстем болған дәуірдің сот жүйесінің «алтын ғасыры» деп аталуы, оның дү­ние­ге келуі, осындай мәртебеге ие болуы Ор­та­лық Азия­дағы ұлан-байтақ кеңістікті алып жатқан көш­пелі қазақ дала өлкесіне байланысты, оның туын­ды­сы. Отырықшы, мұсылман діні көбірек та­ра­ған көр­ші өңірлер мен елдердің басқару үлгісі, олардың тән заңдары мен тәртіптері қазақтың көшпелі қоға­мы­ның өзіндік дамуымен ішкі ырғағына айтарлықтай өзгерту әсерін тигізген жоқ, керісінше, белгілі дең­гейде оның сақталуына, нығаюына қызмет етті. – Сөзіңіз аузыңызда, ал осы әділсот үлгі­лерін бүгінгі заманға лайықтау арқылы қазіргі сот жү­йе­сіне енгізуге бола ма? Немістің ертедегі бір білгір ғалымы әрі жазушысы Георг Кристоф: «Прежде чем осудить, всегда нужно подумать, нельзя ли найти оправдание», деген екен. Осындай қағиданы біздегі әділсот дейтін қазіргі үкім шығарушы сот басында отырған кадрларымыз өз тәжірибелерінде жүзеге асыра алып жүр ме? – Бес саусақ бірдей емес, өзіңіз айтып отырған ұстаным, әрине, қажет-ақ, бірақ әр судья соны жадында ұстайды дей алмаймын. Іс қарау – бұл зор жауапкершілік. Жүрегі таза адам ғана әрі кеткенді бері тартады. Мәселен, Қазақстан колониялар мен түрмелерде отырған адамдардың саны бо­йын­ша әлемде 22-ші орын алады екен. Бұл де­гені­ңіз, біздің ел адамдарды түрмеге отыр­ғызу­дан алда келеді деген сөз. Ойласатын-ақ жайт, негізі, кісіден тырнақ астынан кір іздемеу керек, айып тағылса нақты болсын, дәлелді болсын, соған орай үкім әділ шықса өкініш жоқ. Әйтпесе, «әп бәлем, қолға түстің бе» деп абақтыға тоғыта беру жөн емес. Осыған орай, елімізде билер соты, сот билігі деген атаулар мен ұғымдар қазіргі уақытта да сот жүйесінде әділдік, кәсібилік үлгісіне лайықты еліктеу ретінде ресми түрде қолданылады. Респуб­ликада аса күрделі қылмыстық істерді қарауда әділ­дікті ең жоғары деңгейде қамтамасыз ету идея­сымен енгізілген сот алқасы «Билер алқасы» деп атала бастады. Осының өзі де қазақ тарихындағы билер әділсотының деңгейінің биік болғандығын, әділдік және адалдық жолындағы маңызын көз ал­дымызға елестетеді. Сол билер әділсоты үстем бол­ған арада талай ғасырлар өткеніне, қоғамдық-саяси өмірде түбегейлі өзгерістердің болғандығына қара­мас­тан, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республи­ка­сы­ның сот жүйелеріне билер әділсот үлгілерін, но­ми­нациясын кең түрде енгізу төңірегіндегі пікірталас жиі күн тәртібіне қойылуда. Біз үшін осы мәселенің қабылдануы немесе қабылданбауы маңызды емес. Ең маңыздысы – билер әділсотының ел өміріндегі тарихи орнын мойындау, оның бүгінгі Қазақ мемлекетін демократияландыру саясатында құнды қызмет атқара алатын мүмкіндігі болып табылады. – Билер соты дегенде бірден Төле, Қазыбек және Әйтеке бабаларымыз еске түседі. Қазақ­тың осы «төбе билеріне» бүгінде лайықты бағасын бере алдық па? – Билер сотының тарихында ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар ерекше орын алады. Атақты үш бидің өмірі мен шығармашылығы осы кезеңге дөп келеді. Ұлы жүзде – Төле би, Орта жүзде – Қазыбек би, Кіші жүзде – Әйтеке би. Қазақ сотындағы саңлақ сөздер мен бірегей оқиғалар осы кісілердің атымен тығыз байланысты. Ел аузындағы аңыз-әңгімелер мен фольклористика деректері арқылы олардың өмірі мен қызметі туралы көп мағлұмат алуға болады. Үш бидің ұлы істері мен тәлім-тәжірибесі кейінгі билер үшін үлкен үлгі-өнеге. Астанадағы республика Жоғарғы Соты ғи­м­а­ра­тының алдында Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге қа­тар отырған түрінде көрнекті ескерткіш орна­тыл­ған. Олар көшпелі шығыс халықтарының әде­тін­ше төбе басында орналасқан. Бабалары­мыз­дың бірі сол қо­лын жүрек тұсына ұстап, халқына тә­жім еткендей түрде отыр, екіншісі шешендігімен көрініп, жар­ты­лай жұмылған оң қолын алдына тосуда, ал үшін­ші­сінің қолында қағаздары бар. Бұл көрініс әрбір қазаққа жақын әрі түсінікті. Сөз етіп отырған ескерткіш еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Қазақ мем­ле­кетінің символына айналуда. Бұл билерге арналған бейнелер кешені көпшілік халық тағзым ететін орын­ға да айналып отыр. Ешбір мемлекетте сот әділ­дігі өкілдерінің бейнесі мемлекеттік символға дейін көтерілмеген. Бұны халық санасында тарихи тұрғыда қалыптасқан «дала демократиясының» құ­қық­тық жүйесіне берілген жоғары баға деп білемін. – Көптомдықтың ІІІ-томында Абайдың ақын­дығынан бөлек қазақ әдет-ғұрып құ­қы­ғының білгірі әрі реформаторы болғаны жө­нін­де көптеген нақты мәліметтер мен мысалдар келтірілген екен. Осы тұрғыда не айтасыз? – Сіз айтып отырған ІІІ-том екі бөлімнен тұ­ра­ды. Бірінші бөлімде қазақ даласындағы белгілі­ билер туралы ғұмырнамалық мәліметтер, бізге жеткен олардың билік-шешімдері мен өсиеттері топ­тас­тырылған. Екінші бөлімі би әрі «төбе би» бейнесіндегі Абай Құнанбайұлының қызметі мен билік-шешімдеріне арналған. Абай далалық өлкедегі бізге дейінгі құқықтық мұраның ірі білгірі болып табы­лады. Ол қазақ даласындағы әділ соттың «ал­тын ғасыр» биінің образын сомдап қана қойған жоқ, сонымен қатар соттық биліктің, қоғамның өнегелілік дәстүрлерін нығайтудағы және адами қатынастарды сауықтырудағы тарихи үлгісін көрсетті. Абайдың өткір тілін, әсем сөзін, талай шиеленіскен дауларға түсіп айтқан ақылды биліктерін баяндайтын біраз естеліктер, материалдар бар. Әділдігі, шешендігімен Абай жиырманың үстіне жаңа шыққан кезінен-ақ үлкен беделге ие бола бастады. Оның атағы оязной («уездный начальник») түгіл Семей губернаторына дейін жетті. Ел арасында «аузымен құс тістеген» шешен, алмас тілді ақын, әділ билік иесі деген атақ та кеңінен тарады. Абайдың беделінің артқаны сонша, өзі ресми қызмет орнында болмаса да болыс сайлау науқанында оның сөзі, ұсынысы жүріп отырған. Абай қолдаған үміткерлердің ісі оңынан туған. Біздің қолымызда кезінде жиналған елуден астам Абай биліктері, оның үстіне «төбе би» болып ресми танылған кездегі оның басшылығымен жа­сал­ған ережелер де бар. «Қазақтың ата заң­дары­ның» ІІІ-томында Абайдың жер дауы және мал дауына қатысты бірқатар бітім-биліктеріне ғана талдау жасап, оқырмандарға ұсындық. Осылардың өзінен де көп мағлұмат алуға болады. Қорыта айт­сақ, Абайдың қазақ халқы өміріндегі, ақын­дығына қосымша, бұрынғы ел қамын ойлаған, әділдіктің арқауы болған ұлы билердің мұрагері, соңғы өкілдерінің бірі болғандығы байқалады. Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ: – Салық аға, мәнді де ма­ғыналы әңгімеңізге алғыс айтамыз. Редак­ция­ның қызметкері Жасұлан балаңыз біздің бұл сұх­ба­тымызды қағазға түсіріп алды. Бүгінгі әңгіме мұны­мен шектелмейтінін байқап отырмыз, айтар ой жеткілікті. Сіздің өмір туралы, бүгінгі қоғам хақындағы, сондай-ақ өз тұстастарыңыз, тіпті жеке ғұмырна­ма­ңыздағы басқалар байқай бермейтін тағылымдық трактовкаларыңыз бір төбе қалта­ры­с­та қалды. Алда­ғы әңгімеде осы тақырыптарды төңіректерміз... Салық ЗИМАНОВ: – Мен өзі ұзақ әңгімені көп ұната бермеймін. Оқушыларыңызды зеріктіріп алмаңыздар. Сөз шағын әрі қысқа болуы керек, мүмкіндігінше көп жұмыс істеу қажет. Бұл – уақыт талабы. Содан кейін кісіні әсте дәріптей бермесек деймін. Қазаққа қарапайымдылық жара­са­ды, ал шектен шыққан марапат, мақтау адамды адастырады. Тілші: – Әлбетте, бәрі шектеледі, аға, онда осымен бүгінгі әңгімеге нүкте қоя тұралық... Әңгімені ертең де жалғастырамыз дедіңіз ғой...   Екінші күнгі әңгіме – Ұлттық академия жайындағы пікіріңізді білгіміз келеді. Осы төңіректе әр тұста әр қалай сөздер айтылып қалады... Академия жабылады екен, ғимаратын әлде біреулер жекешелендіріп алыпты дейтіндей... – Мұндай сөздерді естіген де, тыңдаған да емеспін. Жалпы мен бұралқы сөздерге құлақ аспайтын жанмын. Академия жабылмайды, содан соң «ғи­ма­рат жекешеленіпті» дегенді білмедім, тіптен мүмкін болмайтын дерек. Осы реттен де академия туралы айтылатын әр қалай сөздерге қосылмаймын. Мемлекет болған жерде білімнің қарашаңырағы болуға тиісті. Ол шаңырақ – Ғылым академиясы. Сондықтан бұл киелі ғылым ордасы әрдайым өз орнында тұруға тиісті. Тұрады да. Айт-айтпа, білім деңгейі жоғары бол­­сын деңіз, ғылым жан-жақты дамыса көшелі жұрт боламыз, осы жағын күйттесек ұтамыз, әйт­пе­се ұтыламыз, бұл – заман талабы. Рас, қазір акаде­мия­да бұрынғыдай баяғы толайым сан салалы боп ұйысып отыратын көп институттар ықшамдалды, штаттары аз. Кейбір институттар бөлек шаңырақ көтеріп кетті, бірақ бұған қарап академияның стату­сы төмендеді деген пікір қалыптаспасын, қайта уақыт талабына орай ғылым іріленуге бет бұрды, мұны заманауи бағыт ұстанды деу орынды болар. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат жыл сайын өсе түсуде, қамқорлық жетеді. Ендеше академияның бүгіні де, болашағы да аса зор. Гәп соны дұрыс ұстап, үлгірте білуде. Мен білетін ақиқат осындай. – Тұстастарыңыз, әріптестеріңіз, аға-іні­лері­ңіз жайлы қандай пікірдесіз? – Бір сөзбен айтқанда жақсы пікірдемін. Біз Әл-Фарабиді, Қожа Ахмет Ясауиді, Шоқан, Ыбы­рай, Абайды көрген жоқпыз, Ахмет, Әлихан, Мір­жа­қып, Мағжандар ілімімен аз сусындадық. Кешегі Қаныш, Әлкей, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден ағалары­мыз­дың тәлімін аз да болса ала алдық. Бүгінгі өз әріп­тес­терім Сұлтан Сартаев, Мақсұт Нә­рікбаев, Болат Мұхамеджанов, Қайрат Мәми, Бектас Бекназаров, т.т. – заңгерлер тобы тәуір, шетінен еңбекқор жандар, жақсы араласамыз. Қазіргі жазушылардан Ол­жас, Мұхтар, Әбіш, Әбдіжә­міл­ге тәнтімін. Тұстас ғалым­дардан Серік (Қирабаев), Камал, Төрегелді, Кенже­ғали, Сағындықты ұната­мын. Соңғы інілерімнен Иман­ғалиды бір төбе кө­ремін. Кезінде «Мәдени мұ­ра» бағдарламасы ая­сы­н­да Иманғали Нұрғалиұлы «Қа­зақтың ата заң­дарының» көп томдығының шығуына басшылық жасап, зор көмек көрсетті, редакция алқасының бас редакторы болды. Сонда бір аңғарғаным: Иман­ғали бастаған ісіне аса тыңғы­лық­ты, іскер жан екен. Бұл – жақсы қасиет! Содан кейінгі байқағаным, Иманғали ұлт ісіне білек сыбана кірісетін ұлт­жан­ды, халық қазынасына қайраттана қи­мыл­дайтын азамат екендігін танытты, қолымды ұзартты, нәти­жесінде көптомдық сәтті шықты. Мұх­тар Құл-Мұхаммед шәкіртім де әрдайым қасымнан табы­ла­ды, оған айтар да алғысым шексіз. Дип­ло­мат­тардың арасынан Қасымжомартты бөлек айтар едім. Бұл жігіттердің маған білімдарлығы, әдеп-жігері, тәлім-тәрбиесі ұнайды. Сондықтан ыстық тартып тұрады. Өздері Президенттің жанында жүріп жақсы жетілді. – Өз ұрпақтарыңыз жайлы, жалпы ұрпақ тәрбиесі туралы айтсаңыз? – Өз ұрпақтарым жайлы не айтайын – бөлек­теп айтар дәнемем де жоқ. Бәрі ел қатарлы, жұрт­тан асқан жерім бар дей алмаймын. Өмірбаяным елге таныс, сан айтылып, сан жазылған, оны бұ тұс­та және тізу артық. Қазақ қоғамында – туған топырақта өмір сүріп келеміз. Бұл – бақытым! Ал жалпы ұрпақ тәрбиесі жайлы сөз қозғағанда, әңгі­ме ұзарады, өз басым бұл тақырыпты ауқымды әрі жауапты көре­мін. Демек, тақырып мәңгілік тақырып. Содан кейін бұл тақырыпқа рецепт те қоя алмайсыз, жалпы мен ұрпақ тәрбиесіне әр кезде, әр мазмұнда айтып қалып жүрген кісімін. Өз ба­сым қазақ дейтін ұлтым­ның тегіне, жара­ты­лы­сына ризамын. Біздің ұлт ұрпақ тәрбиесіне көп мән берген жұрт. Қазақ бесік тәрбиесін білген ел. Бұл дегеніңіз – басты мәселе! Босаға, шаңырақ, отбасы дегенді білген халық адасар ма. Мұның бәрі «Отан» дейтін қастерлі де киелі сөзге келіп тіреледі. Міне, ұрпақ тәрбиесіне осы тұрғыдан қараған жөн. Жалпы, қазақ дейтін халық болашағы зор халық. Келешек ұрпақпен өсіп дамиды. Ал, ұрпақ тәрбиесін жетілдіремін дейтін кісі алдымен өзін тәрбиелеп қатарға қосса сонда тәрбие бір ізді болады. – Отбасыңыз жайлы білгіміз келеді... – Жолдасым Шәрбан, академик-ғалым еді. Мамандығы химик-тін, ертерек дүние салды, қазір түсіме жиі кіреді. Ұл да, қыз да бар, немерелерім өсіп жатыр. Бір сөзбен, бәріне шүкіршілік... – Кісіге қала, көше, мектеп, жоғары оқу орын­дарының, кеңшар атауларының берілуіне қалай қарайсыз? – Мұны енді қоғам, орта, халық шешулері керек. Пікір айту қиын, сұрағыңыздың түп-тамырын түсі­ніп тұрмын. Сондықтан сөзді созбай-ақ қояйын, кейінгі ұрпақ шешетін шаруаға араласу қажет болмас... – Қазіргі нарық заманы жайлы пікіріңіз? – Нарыққа ешкім де қарық болдым демес. Нарыққа үйрену керек, игеру жөн. Қазаққа «кеңқолтықтық» әрдайым жараса бермейді, замана ығын білген жұрт қай тұста да жұтамайды. – «Қазақтың ата заңдарының» V-томында 1885 жылы құрастырылған «Қарамола ережесі» беріліпті. Осы Абай жазған заң ережесіне түсінік бере кетсеңіз? – 1885 жылғы мамыр айында Семейден 70 ша­қы­рым жердегі Қарамолада сол кездегі патша ұлық­тары қыр қазақтарының төтенше съезін өткіз­ген. Бұл жәрмеңке басталған кез еді. Кейін ол Қарамола съезі атанды. Оған Семей, Кереку, Қар­қа­ралы, Өс­ке­мен, Зайсан – бес дуанның болыс, би­лері, белгілі адам­дары, көптеген қазақтар қа­тыс­қан. Әдетте мұн­дай съездерде патша әкімшілік орындары бір дуан мен екінші дуан арасындағы жер дауы, жесір дауы, ба­рымта, ұрлық сияқты мәселелерді шешетін. Соны­мен қатар, елден алым-салық жинайды. Жәрмеңкеде біріншіден сауда-саттық мал мен зат айырбасы жүргізілсе, екіншіден әкімшілік, саяси құқықтық мәселелер қаралатын орын болған. Қарамола съезіне жүзге тарта болыс пен билер, ел басқарушы ірі феодалдар қатысқан. Съезді ба­с­қар­ған Семейдің сол кездегі генерал-губер­на­торы Цик­линский мен әрбір ояздың басшылары еді. Осы съезде басқа ояздың, әсіресе Өскемен, Зай­сан дуан­ба­сылары Тобықты еліндегі ақы-дау­ларына Абайды күй­дірмекші болады. Сол арам ниетпен қаулы жаса­сып баталасып, Абайды айдат­пақ­шы болып жат­қан­да, съезге оның өзі барады. Жеке басының асқан білімділігі мен тапқырлығының арқасында Абай адал­дығын айтып, генерал Циклинскийді сөзден ұтып, әлгі күтпеген тосын пәледен аман құтылады. Екінші жағынан араға бітімшілік айтып Абайдың досы Әлімхан кіріседі. Ол да тапқыр, өткір шешендігімен Абайға төніп келген мылқау күштің қара түнек бұлтын буша тарқатады. Абайды сүріндіреміз, жа­сы­тамыз деп келгендер мұратына жете алмай қалады. Керісінше, Абай бұл ұлы дүбір жиында кіріптар кісі болмай, сол съездің төбе биі болып сайланып, тәмам елді, жиылған жұртты аузына қаратады. Сөйтіп, Абайдың қазақтың ескіні өзгерту туралы көптен ойлаған көкейкесті арманының бірі іске асқандай болады. Бұл заң сол кездегі ресми, кеңсе араб, пар­сы, ноғай тілдерімен жазылған, оны орыс­ша­дан ау­дар­ған Айтбакин деген Қарқаралы дуаны­ның тіл­ма­шы еді. Бұл заң сол жылы Семей губе­р­наторының бұйрығымен Қазан қаласында басы­лып шығады. – Көптомдықтың IV-томында «Жеті Жар­ғы­ға» байланысты біраз құнды материалдарға орын беріліпті. Ал, осы «Жеті Жарғы» хақында сіз не айтасыз? – «Қазақтың ата заңдарының» IV-томы көлемді әрі сипатталуы жағынан әркелкі болып келеді. Атап айтқанда, сол томдағы үшінші бөлім «Жеті Жарғы» деп аталатын Тәуке хан заңдарына арналса, төртінші бөлімінде «Жарғы» атты қазақ құқығының негізгі қайнар көзінің бірі болып табылатын соттық прецедент маңызына ие болған белгілі билердің шешімдері сөз болады. Осы заңдарға деген ғалымдардың, жазушы­лар­дың, журналистердің және халық тарихын сүйіп оқи­тын оқушылардың қызығушылығын бірнеше себеппен түсіндіруге болады. Олардың ішіндегі ма­ңыз­ды­ла­ры келесідей: Тәуке ханның билік құрған ке­зеңі (ХVII ғасырдың соңғы ширегі мен ХVIII ға­сырдың ал­ғашқы ширегі) Қазақ хандығы тари­хын­дағы ең ауыр, өтпелі кезеңдердің бірі бо­лып табы­ла­ды. Тәуке хан­ның кезінде, оның сая­са­ты­на сәйкес билер ақ­сү­йек­­тер арасында басты жә­не анықтаушы әлеуметтік күш­ке ие болды. Сөйтіп, бүкілқазақтық билер кеңес­те­рі мен жина­лыстары Тәуке ханның кезінде мемлекеттегі соғыс және бейбітшілік сияқты маңызды мә­се­лелерді шешетін тұрақты органдарға айналды. Бұған дейінгі хан­дық тәжірибесіне қара­ғанда Тәуке хан­ның «Жеті Жарғы» заңдары қазақ­тың үш жүзінің өкілдері түгел қатысқан жиында тал­қыланып, қабыл­данған заң актісі болып табы­лады және де ең соңғы ай­та­рымыз, дәл осы Тәуке ханның кезеңі біздің за­ма­ны­мызға жақын дәуір деп есептейміз. Ол жө­нін­де аңыз-әңгімелер де, жазба деректер мен материалдар да көп. – Сөз жоқ, бұл көптомдықтың қазақ қауы­мы үшін маңызы зор. Дегенмен, осы кешенді еңбектің мың данамен ғана жарыққа шық­қа­ны аздық етеді емес ме? – Өте орынды сұрақ. Өкінішке қарай, қар­жы­ның тапшылығына байланысты «Қазақтың ата заңдарының» көптомдығын бар болғаны 3000 данамен жарыққа шығаруға тура келді. Оқырманға берері мол мұндай құнды еңбектерді кемінде 50 мың данамен шығару қажет. Өйткені, біз шығарған 3 000 дана барлық жұрттың сұранысын қанағаттандыра алмайтыны айтпаса да түсінікті. – Қазақтың болашағы жайлы не айтар едіңіз? – Болашаққа сену керек, қазақ – болашағы зор халық! Мен бұған сенімдімін! Мұндай ой ма­ған әсіресе, кешегі Тәуелсіздік алдындағы Жел­тоқ­сан оқиғасынан соң мықты қонақтап, көкіре­гі­ме ұялаған. Сырымды енді көп шаша бермейін... – Салық аға, мәнді де мағыналы әңгімеңізге алғыс білдіреміз! – Рахмет, қарақтарым. Алла әрдайым аман қауышуға жазсын...   P.S: Осы сәтте редакцияға газеттің және бір алқа мүшесі, белгілі фармацевт ғалым Кеңес Үшбаев келген еді. Әңгіме күнделікті ағым­да­ғы арнаға ауысты, бұл кісілер кездесу бары­сын­да суретке түсті. Ең өкініштісі, сонда біз дәуір дарабозы, абыз ғалыммен ең соңғы сұхбат жүргізгенімізді сезбеппіз. Ғалым араға бірер ай салып, өмірден өтті. Жұбанатынымыз – әңгімелесіп қал­ғаны­мыз. Ол бізге қазір Зиманов оқыған дәріс сияқты болып көрінеді. Жазып алған: Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ. Алматы.