Саясат • Бүгін, 08:05

Стратегиялық маңызды теміржол желісі іске қосылады

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздегі тауардың 60 пайызы теміржолмен тасымалданатынын, сондықтан теміржол желілерін барынша дамыту – айрықша маңызды міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ Президент биыл «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал» бағытындағы жаңа теміржол желілерін іске қосуды міндеттеді. Бұл орайда жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайтынын ескертті.

Стратегиялық маңызды теміржол желісі іске қосылады

Сурет: inbusiness.kz

«Қазір еліміздегі тауардың 60 пайызы теміржолмен тасымалданады. Сондық­тан теміржол желілерін барынша дамыту – айрықша маңызды міндет. Бүгін­­де бірқатар ірі инфрақұрылым жоба­сы­ның құрылысы аяқталды. Теміржол арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігі едәуір жақсарып, теміржолдың жалпы жағ­дайы тұрақталды. Десек те, елі­міздің теміржол транзиті саласындағы әлеуетін толығымен пайдалануымыз қажет. Алайда бұл маңызды мәселе бойынша анық, айқын стратегия әлі жоқ сияқты. Тозығы жеткен теміржол инфрақұрылымы әлі де көп. Кейбір жерлердегі ахуал тіпті күрделі деуге болады. Биыл «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал» бағытындағы жаңа теміржол желілерін іске қосу керек. Сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» теміржолын жаңғырту жұмыстарын аяқтау қажет. «Бақты – Аягөз» желісін уақтылы пайдалануға беру керек», деді Мемлекет басшысы.

Президент атап өткен стратегиялық маңызы бар «Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы» жобасын толық іске қосу 2026 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, құрылыс алаңында ат­қары­лып жатқан жұмыстардың барысы қатаң бақылауға алынған. Жобаның құрылысын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тапсырысымен «Integra Construction KZ» ЖШС жүргізіп жатыр. Жуырда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Исқалиевпен және жобаны іске асырушы «Integra Construction KZ» ЖШС өкілдерімен кездесуінде құрылыс барысындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Жобаның негізгі мақсаты – «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржол желісі арқылы жүк және жолаушылар тасымалының көлемін арттыру, транзиттік тасымалдарды ашу, жаңа бағыттарды іске қосу, сондай-ақ Түркістан – Шымкент – Ташкент учаскесіндегі өткізу қабілетін тәулігіне 35 жұп пойызға дейін ұлғайту.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Исқалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта аяқталған жер қазу жұмыстарының жалпы көлемі 9,1 млн текше метрді құрайды. 19,8 шақырымға рельсті шпал торы төселген. Сонымен қатар көпірлер мен өткелдер салу, су құбырларын жүр­гізу, жасанды құрылымдарды монтаж­дау жұмыстары қарқынды атқары­лып отыр. Жер тегістеу жұмыстары 70 па­йызға аяқталған. Сырдария өзені жағалауындағы жұмыстар жүргізіліп келеді. Сондай-ақ темір жол бойына шағал төселіп, көпірлер салынып жатыр. «Ердәуіт» стансасынан өзенге дейін 7 көпір салынған. Бұл жұмыстарға жалпы саны 560-тан астам адам мен 400-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған.

Теміржол желісінің ұзындығы 172 ша­қырымды құрайды. Жаңа бағыт «Сарыағаш» өткізу пунктінің жүкте­месін түсіреді, сондай-ақ Сарыағаш, Келес, Жеті­сай, Мақтаарал мен Шардара аудан­дарын байланыс­ты­рады. Атал­ған бағыт­тың өткізу қабі­летін едәуір арттырып, магистралдық көлік, кеден­­дік және шекара­лық инфра­құры­лым­ның даму дең­гейін көтеруге мүм­кіндік береді. Бұдан бөлек, облыстың әлеу­мет­тік-эко­но­микалық әлеуетін артты­рып, жаңа өн­ді­ріс­тердің ашылуына, қосымша жұмыс орын­дарының құрылуына ықпал етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында елдегі көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше тоқталған еді. Соның ішінде Сарыағаш қаласы маңындағы көлік қозғалысының тығыз екенін атап өтіп, осы мәселені шешу мақсатында биыл «Сарыағаш айналма жолы» жобасының құрылысын қолға алу қажеттігін айтты.

Ал күні кешегі Үкімет отырысында теміржолмен қатар автокөлік тасымалын дамытуға қатысты ірі жобаларды да жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сарыағаш айналма жолының жалпы ұзындығы 102 шақырым болады. Жобалау-сметалық құжаттаманың құны – 238,1 млрд теңге. Бұл – I б санатындағы төрт жолақты автомобиль жолы. Жоба республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолына балама бағыт ретінде қызмет атқарып, Сарыағаш қаласы мен оған іргелес аумақтардағы көлік жүктемесін азайтады. Транзиттік көліктердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жол қозғалысы қауіп­сіздігі артып, өңірдің көлік-логис­тикалық әлеуетін дамытуға оң әсерін тигізеді. Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы әрі сапалы орындау бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауға алынып, жобаның белгіленген мерзімде іске асуы қамтамасыз етілмек. Құрылыс жұмыстары биыл басталмақ.

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар

«Ақылды» транзиттің мүмкіндігі

Экономика • Бүгін, 08:55

Иманқара үңгірінің құпиясы

Таным • Бүгін, 08:43

Қос нысанның қадасы қағылды

Аймақтар • Бүгін, 08:40