Аймақтар • 05 Шілде, 2018

Ақтөбеде Астананың 20 жылдық құрметіне орай 35 нысан пайдалануға берілді

507 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе аймағында  Астананың 20 жылдық биік белесі құрметіне 35 әлеуметтік, өндірістік және сауда ғимараттары мен нысандары пайдалануға берілді. Аталған құрылыстарды жүргізуге тартылған таза инвестицияның көлемі он бес миллиардқа жуық. Сондай-ақ Елордаға тарту ретінде облыс тұрғындарының игілігіне берілген нысандардың тең жартысына жуығы мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында бой көтерген. Осы арқылы 350 жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік туып отыр.

Ақтөбеде Астананың 20 жылдық құрметіне орай 35 нысан пайдалануға берілді

Өңірде Астананың 20 жылдығы құрметіне ашылған нысандардың бірқатары облыс аудандарының үлесіне тиеді. Атап айтқанда олардың қатарын орта мектеп ғимараттары, стадиондар, заманауи үлгідегі спорт пен ойын алаңдары, фельдшерлік-акушерлік және медициналық қосындар, сондай-ақ дәріханалар құрайды. Осынау сан алуан өзгерістер мен жаңалықтардың бәріне бірдей куә болу, бәрінің басы-қасынан табылу мүмкін бе? Әлбетте мүмкін емес.

Әйтсе де Астананың 20 жылдығы құрметіне Хромтау ауданындағы Дөң ауылында 800 балаға арналған орта мектептің ашылуы мен Дөң-тау кен байыту комбинатының жұмысшыларына арналған 120 пәтерлік тұрғын үйдің пайдалануға беру рәсіміне қатысудың сәті түскен-ді. Осындай қуанышты сәтте Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өткен жылы өңірде 14 орта мектеп ғимараты пайдалануға берілгенін, ал биыл 26 мектептің құрылысы қызу жүріп жатқанын атап өтті. Оның басым бөлігінің құрылысы жыл аяғына дейін аяқталмақ. Соның ішінде Хромтау ауданындағы Дөң ауылында жобалық құны 1 миллиард 400 млн теңге құрайтын мектеп ғимаратының пайдалануға берілуі – Елорданың 20 жылдығымен  тұспа тұс келіп отыр. Мұның елеулі нышандық мәні бар.

Бір бірімен Гәрпі үлгісінде түйіскен қос оқу корпусынан тұратын білім шаңырағында барлық қажетті жағдайлар бар. Мұндағы барлық кабинеттер кең жолақты интернет желісіне қосылған. Сондай-ақ қос спорт залы мен мультимедиялық бөлмелері де жан-жақты жабдықталған. Ал мектептің ат шаптырым ауласында футбол, баскетбол және теннис алаңдары жасақталған.

Жоғарыда айтылған Дөң-тау кен байыту комбинатының жұмысшыларына арналған 120 пәтерлік бес қабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген. Дәл осы күні Хромтауда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерге 12 милллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Аталған  қаражат үлкен өмірге қадам басқалы отырған жас өрендердің банкіде ашылған есепшоттарына аударылмақ.

Міне осылайша Ақтөбе аймағында Астана күні құрметіне табаны күректей 35 нысан пайдалануға берілді. Бұл мейлінше қомақты тарту екені анық.

Темір Құсайын