16 Желтоқсан, 2011

Ассамблея қағидасы: бір ел – бір тағдыр

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қадірлі отандастар! Бү­гін біз­дің халқымыздың өмірінде ерекше маңызды тарихи күн. Біз Ота­нымыз – Қазақстан Респуб­ликасы Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығын бірлікте, бейбітшілікте, мамыражай заманда мерекелеудеміз. Біз қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған ұлы мұратының ақиқатқа айналып, қазақ жерінде азаттықтың ақ таңының арайлап атқанына куә болдық. Тәуелсіздік – Қазақстан халқы үшін қас­терлі ұғым, ұлы оқиға, өшпейтін құндылық. Ең күрделі кезеңдерде қазақ халқының кемең­герлігі мен толеранттылығы, ақжарқын көңілі мен қонақжай қасиеті жаңа мемлекеттің азаматтары­ның этностық шығу тегіне қарамастан ұйыстыру­шы бастау болды. Жас мемлекеттің төрт құбыласы теңеліп, іргесі бекітілген осы жылдар ішінде еліміздің Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасын­да Қазақстанда жаңа экономикалық және саяси қатынастар жүйесі қалыптасты. Президенттің басшылығымен әлемдік қауым­дас­тықпен ең тиімді жүйелердің бірі деп танылған этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі іске асты. Бірліксіз – ұлт жоқ. Ұлтсыз – мемлекет жоқ. Мем­лекетсіз болашақ жоқ. Осы бір қарапайым қағи­далар этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың бастауына айналды және жас мемлекеттің адымды қадам­дармен дамуын қамтамасыз етті. Осының арқасында Қазақстан Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде жүз жылға татитын жолды басып өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдағы аза­маттық бейбітшілік, қоғамдық келісім және саяси тұрақтылықтың іргетасына айналды. Бүгінде Ассамблея «бір ел – бір тағдыр» қағи­дасы бойынша ел бірлігін қалыптастырудың ең басты тетіктерінің біріне айналды. Тәуелсіздік, мемлекеттік тіл, мәдени-тілдік әр­алуандықты сақтау, қоғамды экономикалық-әлеу­меттік жаңғырту оның қызметінің басты қайна­рына айналды. Қазақстан халқы Тәуелсіздіктің 20 жылдығын өзінің өткеніне мақтанышпен және болашағына сеніммен қарсы алады. Біз келешек ұрпаққа лайық­ты мирас – ерікті, тәуелсіз, болашаққа ұмтылған Қазақстанды қалыптастырып қалдырамыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы барша Қазақ­стан халқын осы тарихи оқиғамен, біздің бірлігімізбен, бейбітшілікпен және қасиетті қазақ жері­нің тұтастығымен құттықтайды. Осы жарқын мереке жалынды жігер сыйлап, Отанымыздың игілігі жолындағы ізгі мақсаттарға қол жеткізуге жол ашсын! Бірлігіміз бен берекеміз баянды, Тәуел­сіздігіміз тұғырлы, мемлекеттігіміз мәңгі болсын! Мерекелеріңізбен, қадірлі отандастар!

Қазақстан халқы Ассамблеясы