Қазақстан • 06 Шілде, 2018

Мереке қарсаңында партия қатары толықты

410 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана күні қарсаңында жас ғалымдар, іскер азаматтар, қоғам белсенділері, елді жеңісімен қуандырып жүрген спортшылар және өз саласында айтарлықтай жетістіктерге жеткен басқа да жүздеген қазақстандық «Нұр Отан» партиясының мүшесі атанды. 

Мереке қарсаңында партия қатары толықты

Партия Саяси кеңесінің отырысында Елбасы партиялық кадрлардың әлеуетін арттырып, бұл саланы жүйелі жаңғырту туралы нақты тапсырма берген болатын. Соған сәйкес «Нұр Отан» партияішілік трансформацияны қолға алып, кадрлық сапаны күшейтуді бастап кетті. Сондықтан биыл еліміздің жетекші партиясына мүше болғысы келгендер үшін нұротандық атану оңайға түскен жоқ. Олардың әрқайсысы түрлі талаптар бойынша іріктеліп, таңдалып алынды.

Салтанатты шараны ашқан партия Төр­аға­сының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев алдымен қа­ты­сушыларды Астана күнімен құт­тықтап, биыл бұл мерекенің мәні де, маңызы да бұ­рын­ғыдан өзгеше екенін айтты. Ұйым қатары­на жаңадан қабылданған жас нұр­отан­дықтар алдағы уақытта Елбасы бастамаларын жүзеге асыруға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Нұротандық атанған азаматтардың қа­тарын­да бұған дейін де партияның әр бастамасын қолдап, оның іске асырылуына өз үлесін қосып, партиялық жобаларға белсенді қатысып жүрген жандар бар. Нақты айтқанда, математика, физика және информатика пәндерінің мұғалімдері арасындағы халықаралық креативті олимпиаданың жеңімпазы, бағдарламалау негіздерін оқытатын компанияның жетекшісі Абзал Оразәлиев, ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған ағылшын тілін үйрететін курс­тарды ұйымдастырушы Мансұр Құрманғалиев, «Богатырь Комир» компаниясының басшысы, партияның «Балаларға арналған тегін ІТ-сынып» жобасынын демеушілердің бірі Рустам Сансызбаев, «Қазақстанның Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС-нің бас директоры, Көкшетау қаласында партиялық жобалардың жүзеге асырылуына қаржылай қолдау көрсеткен кәсіпкер Олег Балыбин бүгін партиялық билеттерін алды.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»