![Лебіздер легі](/article_photo/1530846292_article_b.jpeg)
Мартине РИВАСИ-ОФФАНТ,
суретші (Франция):
– Астана – жаңа қала. Бұл мемлекет үшін жақсы, ал суретшіге пейзаж керек. Сондықтан да болар, басында Астанаға сапарым қалай болады екен деп уайымдадым. Бірақ қала маңындағы әдемі көріністерді көргеннен кейін жақсы көріп кеттім. Астанада мен гармонияны сезіндім. Жазық далада бой көтерген ерекше қала. Әсіресе қыс мезгілінде өте сұлу. Ал сол жағалауда заманауи стильдің куәсі болсаң, оң жағалауда ескі қаланың көрінісі ашылады. Бұл сабақтастықты суретші ретінде ерекше жылы қабылдадым.
Николя РУЧТИ, қоғаммен байланыс маманы (Швейцария):
– Мен бұрыннан Азия мемлекеттерін жақсы көремін. Бірнеше жыл Қытайда тұрдым. Кейін Қазақстанға баруға мүмкіндік туды. Шынымды айтсам, посткеңестік елдердің бірі болғандықтан, сол заманның архитектурасын көретін шығармын деген күдік басым болды. Бірақ Астанаға келгенде, қаланың сұлулығына ерекше тамсандым.
«Tour de France»-қа жиі қатысатын «Астана» велокомандасын біздің елімізде көп адам біледі. «Астана» велокоманданың атауы ретінде ғана қабылданады. Бірақ өз көзіммен көрген соң, мен енді қала туралы көп айтатын боламын.
Синан УДИЛ,
менеджер (Анкара):
– Астанамен таныстығым бірнеше жыл бұрын ғана болды. ТМД елдерінің ішінде ең ұнағаны, жүрегіме жақыны осы шаһар екенін түсіндім. Астанаға келген бетте адамдардың білімділігін көріп, таңғалдым. Одан кейін қаланың бір-біріне ұқсамайтын, архитектурасы ерекше ғимараттары тамсандырды. «Хан Шатыр» кешенінің өзі қайталанбас архитектура екені, әлемде оған ұқсас ғимараттардың жоқ екені елорданың ерекшелігін көрсетсе керек.
Габриэль МАКГУАЙР (АҚШ):
– Мен Орталық Азияның мәдениеті мен әдебиетіне қызығып, Қазақстанға қазақ тілін үйрену үшін бардым. Алдымен Оңтүстік Қазақстанда тұрдым. АҚШ-қа кетпес бұрын Астанада жұмыс істеу туралы ойлана бастадым. 2007 жылы Астанаға қыдырып келдім. Қалада биік ғимараттар көп, көшеде адам аз болғаны маған таңсық көрінді, тіпті ғылыми фантастика секілді болды. Қазір қала өзгерген. Мені ең бірінші таңғалдырғаны – 20-дан асқан, жұмысы, тұрақты табысы бар адамдардың ата-анасымен тұруы болды. Бізде ата-анаңды тек демалыс күндері көруге барып қайтатындықтан, бұл дәстүр ерекше әсер етті, әрі бірден құрметтеуге лайық үрдіс екен деп ойладым. Себебі бұл туыстық қарым-қатынастың беріктігін көрсетеді.