16 Желтоқсан, 2011

Партиялар үгіт жұмыстарына кірісті

280 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Кеше Орталық сайлау комиссиясында қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг болып өтті. Брифингте Орталық сайлау комиссиясы төр­аға­сы­ның орынбасары Владимир Фоос журналистерді сайлау нау­қаны барысынан, оның негізгі кезеңдерінен, Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутат­ты­ғына кандидаттарға қойылатын талаптар жөнінен, сондай-ақ сайлауларды ұйымдастыруға және өткізуге бюджеттен бөлінген қаржы көлемінен хабардар етті. Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев 2011 жылғы 16 қа­рашада өз Жарлығымен Парламент Мәжілісі депутаттар­ы­ның кезектен тыс сайлауын 2012 жылғы 15 қаңтарға, ал Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайлана­тын депутаттардың сайлауын 2012 жылғы 16 қаңтарға та­ғай­ын­даған болатын. Сол күні Ор­та­лық сайлау комиссиясы мәсли­хаттар депутаттарының кезекті сайлауын да 2012 жылғы 15 қаң­тарға тағайындаған-ды. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоостың атап өтуінше, екі сайлауды бір күнде өткізу 4 миллиард теңгеден астам бюджет қа­ражатын үнемдеуге мүм­кін­дік береді. Ал сайлау науқандарын ұйым­дастыруға және өткізуге ша­мамен жалпы көлемі 8,2 миллиард теңгедей қаржы жұм­са­лады. Бұл 55 миллион АҚШ дол­ларын құрайды. Сайлау туралы заңдарға сәйкес Мә­жіліс депутат­тығына ұсынылған кандидаттар белгіленген тәртіп бойынша тіркеуден өткізіледі және партиялық тізімдер бойын­ша сайланады. Сайлауларды бір мезгілде өт­кізу дайындықтарын орталық, аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары жүзеге асырады. «Алда тұрған сайлау науқандары барысында құра­мы 93 мыңнан астам адамды қам­тыған 13315 сайлау комис­сия­лары жұмыс істейді, – деді Владимир Фоос осы туралы. – Орталық сайлау комиссиясы нақ­ты кезеңдер бойынша сайлау­ларды ұйымдастыру және өткі­зудің Күнтізбелік жоспарын бекітті. Парламент Мәжілісі депу­тат­тарының кезектен тыс сай­лауына кандидаттар ұсыну 2011 жылғы 16 қараша мен 5 жел­тоқ­сан аралығында өтті. Ал партия­лық тізімдерді тіркеу 16 қараша мен 15 желтоқсан аралығында жү­зеге асырылды. Аталған мерзім ішінде Орталық сайлау ко­миссиясы 8 партияның партия­лық тізімдерін тіркеді. 16 жел­тоқсаннан бастап партиялар сай­лауалды үгіт жұмыстарын бас­та­уына болады». ОСК төрағасының орынба­са­ры бұдан кейін үгіт шаралары кезінде саяси партиялардың сайлау қорларына тоқталды. Оның айтуынша, үгіт шаралары пар­тия­лардың сайлау қорлары есебінен жүзеге асырылады. Пар­тиялардың сайлау қорларының төменгі мөлшері 261,6 миллион теңгені құрайды. Орталық сайлау комиссиясы өзі тарапынан пар­тияларға ақпараттық қолдау көрсететін болады. Бұл мәселеде Орталық сайлау комиссиясы қан­дай да бір саяси партияға ар­тықшылық бермейді. Яғни, бейтарап сипат ұстанады. Сонымен қатар, Орталық сайлау комис­сия­сы республикалық және өңірлік телерадио арналарына ақпарат­тық және жұмылдыру сипаты­н­дағы бейне-аудиолар әзірлеп, ор­наластырды. Бұған қоса еліміздегі сайлау үдерістеріне қаты­су­шылар үшін ақпараттық және жадынамалық нұсқаулықтарды да өңірлерге жіберді. Сондай-ақ қазіргі кезде Комиссия мүшелері мен аппарат қызметкерлері ба­сы­лымдар беттерінде, телерадио эфирлерінде сұхбаттар беру ар­қы­лы сайлау заңнамаларын тү­сін­діру шараларын да қолға алып отыр. «Осы жылдың қарашасында Астанада сайлауларды ұйымда­с­тыруға байланысты республи­ка­лық семинар-кеңес болып өтті, – деді Владимир Фоос. – Одан кейін бұл шара еліміздің аймақ­та­рында да ұйымдастырылды. Мұн­дай семинар-кеңестер елі­міз­дің барлық облыстарында өт­кізілді. Оның жұмысына мемлекеттік органдар мен ұйымдар­дың, саяси партиялардың, қоғам­дық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды». ОСК төрағасының орынба­са­ры тағы бір аса маңызды мәселе ретінде сайлаушылар тізімін анық­тау және салыстыру жұмыс­тары екендігін атады. Оның хабардар етуінше, сайлау заңна­ма­ларына сәйкес сайлаушылар тізімін жасау және оларды акті бо­йынша тиісті сайлау комиссия­ла­рына тапсыру жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар (әкім­діктер) 25 желтоқсанға дейін то­л­ық аяқтауы қажет. Ал учаскелік сайлау комиссиялары сайлаушы­лар тізімдерін сайлаушылардың танысуы үшін сайлауға 15 күн қалғанға дейін, яғни 2011 жыл­дың 30 желтоқсанынан қалдыр­май ұсынуы тиіс. Жергілікті өкілетті органдар­дың сайлауына депутаттыққа кан­д­идаттар ұсыну 14 желтоқ­санда аяқталған еді. «Барлық 3335 сайлау округтері бойынша 9619 үміткер ұсынылды, – деді В.Фоос осыған байланысты. – Олардың ішінде облыстық, Астана және Алматы қалалық мәслихаттарына – 1784, аудандық мәслихаттарға – 5820, қалалық мәслихаттарға 2015 кандидат бар. Қазіргі уақытқа дейін мәс­лихаттар депутаттығына 6773 кандидат тіркелді. Кандидат­тар­ды тіркеу 20 желтоқсанға дейін жалғасады. Ал 21 желтоқсаннан бастап сайлауалды үгіт жұмыс­тары басталады. Тіркелген депу­таттыққа кандидаттардың әрқай­сысына телерадио және баспа басылымдарында үгіт шарала­рын жүзеге асырулары үшін бірдей қаржы бөлінетін болады. Мәслихаттар депутаттығына кан­дидаттардың сайлау қорла­рының ең төменгі мөлшері 10,5 мил­лион теңгені құрайды. Кандидаттар сондай-ақ осы мақсатқа өз­де­­­­рі­нің жеке сайлау қорларын құру­ларына да болады». Орталық сайлау комиссиясы төрағасы орынбасарының атап өтуінше, ОСК сайлаушылардың өздерінің конс­титуциялық құқы­ғын тиімді және еркін жүзеге асыруына бар­лық мүмкіндіктер жасайды. Сонымен бірге, Комиссия сай­лау­ларды жоғары дең­гей­де өт­кі­зу үшін барлық қажетті кадрлық және материалдық ре­сурс­тарға ие. Саяси партиялармен, сайлау үдерісіне қатысу­шы­лармен, аза­маттық қоғам инс­ти­туттарымен өзара тиімді қаты­нас­тар орна­ту­ға әзір. Осыған бай­ланысты Ортсайлауком жанынан алқалық кон­сультативті кеңесші орган – Ақпараттық дауларды қарау жө­ніндегі қоғамдық кеңес құрыл­ған. «Қазіргі кезде Ор­та­лық сайлау комиссиясына 93 өті­ніш түсті, – деп жалғастырды сөзін Владимир Фоос. – Олар­дың 38-і біздің тарапымыздан қа­рал­ды және тиісті жауаптар мен тү­сініктемелер берілді. Бір өтініш қарастырылу сатысында тұр». Бұдан кейін ол сайлау үде­рістері барысында қазақстан­дық­тарды нақты және сенімді ақпараттармен қамтамасыз ету жайына тоқталды. ОСК төр­аға­сы орынбасарының атап өтуін­ше, Орталық сайлау комиссиясы сайлау кампаниясының барлық кезеңінде 53 баспа басылымына, 13 республикалық телеарнаға, 7 ақпарат агенттігіне және кеңінен танымал 19 қоғамдық-саяси интернет ресурстарына мониторингі жасауды жүзеге асырады. Осыған байланысты жергілікті жерлерде партиялар мен кан­ди­даттардың баспалық үгіт мате­риалдарының еркін таралуына қажетті барлық жағдайлар жа­салған. Сонымен қатар, еліміздің барлық елді мекендерінде үгіт материалдарын орналастыру үшін арнайы орындар, ақпарат­тық қал­қалы жабдықтар, тағы бас­қалар дайындалады. Және саяси партиялар мен кан­дидат­тар­дың сайлаушылармен кездесулер өт­кі­­зулеріне тең жағдайлар берілетін болады. Сөзінің қорытындысында Вла­димир Фоос сайлауларды бай­қауға келетін шет мемлекеттер мен халықаралық ұйым­дар­дың байқаушыларына қатысты мәселелерге де тоқталды. Оның айтуынша, 2005 жылы кезектен тыс Президент сайлауына шет елдер мен халықаралық ұйым­дардан – 1227 байқаушыны, 2007 жылғы кезектен тыс Парламент Мәжілісі депутаттарының сай­лауына – 1179, осы жылдың сә­уі­рінде өткен кезектен тыс Президент сайлауына – 1059 бай­қау­шы және 212 шет ел БАҚ-та­ры­ның өкілдері аккредиттелген. Ал осы сайлауға шетелдік байқау­шы­ларды Сыртқы істер ми­нистр­лігінің ұсынысы бойынша Орталық сайлау комиссиясы аккредиттеуден өткізеді. «Қазіргі кезге дейін Орталық сайлау ко­миссиясы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 47 байқаушысын аккредиттеді, – деді ол. – Оның 46-сы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясынан, 1-еуі ТМД байқаушылар миссиясы­нан. Байқаушыларды аккредиттеу 2012 жылдың 9 қаңтарына дейін жалғасады». Брифинг соңынан Владимир Фоос журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.