Қазақстан • 10 Шілде, 2018

Астананың құтқарушылары су қоймаларындағы рейдтік шараларды күшейтті

492 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шомылу маусымының басынан елордада 8 адам суға батып кетті. Қайғылы оқиға азаматтардың суда өзін-өзі ұстау ережелерін сақтамауынан болады. Осыған орай, қалалық азаматтық қорғаныс органдары күн сайын ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астананың құтқарушылары су қоймаларындағы рейдтік шараларды күшейтті

Шомылу маусымы басталмас бұрын, Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылар қызметі күшейтілген режимге көшеді. Мамандар күн сайын өзен арналарын аралап, азаматтарға суда өзін-өзі ұстау ережелері, алғашқы медициналық көмек көрсету ережелері бар жадынамаларды таратады. Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы, подполковник Эльдор Райымбековтың айтуына қарағанда, қайғылы оқиғалар негізінен ата-аналардың немқұрайлығынан, белгіленбеген жерде суға түсуінен, азаматтардың алкогольді ішімдік ішуінен болады. 

«Астана қаласында шомылуға рұқсат етілген жағажайларда абырой болғанда қайғылы оқиға тіркелген жоқ. Азаматтар белгіленбеген жерде шомылу кезінде суға батып кеткен. Бүгінге дейін 17 азаматты суда өзін-өзі ұстау ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Олардың көбісі тыйым салынған су қоймасында шомылып, алкогольді ішімдік ішкен, балаларын қараусыз қалдырған», – деп мәлімдеді Эльдор Райымбеков. 

Осындай оқиғаларды болдырмау, олардың санын азайту мақсатында Астана қаласы ТЖД мамандары елорда тұрғындары мен қонақтарын тыйым салынған жерлерде шомылмауға шақырады. 

«Шомылуға рұқсат берілмеген жерлердегі судың түбі қандай екені белгісіз. Бір жылдың өзінде су рельефі өзгеруі мүмкін. Білетін адамның өзі жүрек ауруына шалдыққан болса, бұлшық еттердің тартылып қалуынан суға батып кетеді. Біз рұқсат берілген жерлерде шомылуға кеңес береміз. Себебі, ондай су қоймалары қажеттінің бәрімен жабдықталып, құтқарушы мамандардың қызметімен қамтамасыз етілген. Барлық ережелерді сақтау керектігін елордалықтардың есіне тағы да бір мәрте салғым келеді, ескертілген талаптарды орындаған жөн», – деді ТЖД департаментінің бөлім басшысы. 

Айта кетейік,  шомылу маусымы елімізде 1 қыркүйекте аяқталады.