Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Өнер қонған әулеттің өнегесі

590 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік сарайында «Ақа­наевтар әулеті» атты көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Өнер қонған әулеттің өнегесі

Көрме «Нұр Отан» пар­тия­сының қолдауымен суретші Амандос Aқанаевтың 70 жыл­дық ме­рейтойы мен шы­ғармашы­лы­ғы­ның 50 жыл­дығына және Ас­та­наның 20 жылдық торқалы то­йына орай «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында ұйым­дас­тырылып отыр. Ақанаевтар әулетінен шыққан суретшілер мен басқа да қылқалам ше­бер­лерінің еңбектері қойылған көрмеге «Нұр Отан» партиясы Төра­ғасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Астана қа­ласы әкімінің орынбасары Ер­мек Аманшаев, елімізге белгі­лі суретшілер мен өнер қайрат­керлері қатысты.

Іс-шара барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары халқымыз үшін мәдениет пен өнердің алар орны қашанда ерекше екенін айтты. Сол себепті де Елбасымыз бұл салаға айрықша мән беріп, оның қарқынды дамуына барлық жағдайды жасап келеді.

– Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы ұлттық ко­ды­мызды сақтай отырып, әлемнің озық тәжірибелерінен үлгі алып, болашаққа батыл қадам жасауға бағытталған. Одан бөлек, Мемлекет басшысы алдымызға әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу жөнінде нақты міндет қойып отыр. Бұл жерде тек экономика ғана емес, рухани және мәдени саланың да өркендеуіне баса мән беріледі. Осы тұрғыдан келгенде, Амандос Әтібекұлының еңбектері халқымыздың ұлттық кодын сақтап, оны өскелең ұр­паққа насихаттауға және дамы­ған елдермен терезесі тең дәре­жеде тұруға мол мүмкіндік береді, деді Мәулен Әшімбаев.

Көрмеге «Менің замандас­тарым» атты жанрлық портреттер топтамасына 20-дан астам танымал тұлғалар бейнеленген өнер туындылары кірген. Суретші осы жоба бойынша он жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеуде және оны алдағы жылдарда жалғастыруға ниеттенген. Портреттер циклі Аман­дос Ақанаев пен оның отбасы мүшелері – «Ақанаевтар сурет­шілер әулеті» атты шығар­машылық жобасымен толық­ты­рылған. Сонымен қатар көрмеге Қытай Суретшілер одағының мүшесі Сюй Инлидің де туындылары қойылған.

Көрмеге әртүрлі техникамен жасалған 70-тен астам туынды кенеп, коллаж, рельефтік кескіндеме, графика, қабырға суреттері мен қондырғыларының эскиздері әрқилы бейнеленген.

Мәдениет пен рухани құн­дылықтардың дамуы эко­номи­калық өсім мен халықтың тұр­мы­сын жақсарту сияқты ең маңызды мәселелермен қатар тұрады. Сол себепті де елімізде экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани жаңғыру бастамалары жүйелі жүзеге асырылуда. Осылайша бүгінде қазақстандық мәдениетті әлемдік мәдени мұраның ажырамас бөлігіне айналдыруға айрықша мән беріліп отыр. Ол үшін өнердің дамуына тың серпін беретін осындай іс-шараларды жиі өткізіп, таланттарды қолдаудың берері мол екені анық.

Көрменің ашылуында Астана қала­сы әкімінің орын­басары Ер­мек Аманшаев, белгілі дипло­мат, Көркемөнер акаде­миясының академигі Же­кен Қали­ұлы, Қазақ­стан Суретшілер Одағының төра­ғасы Жанұзақ Мүсәпір, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері Ерлан Айтуаров және тағы басқа қоғам белсенділері мен белгілі суретшілер сөз алып, іс-шараның маңызына назар аударды.

«Амандос Ақанаев – бейнелеу өнерінің жаңа дәстүрін қалыптастырған суретші. Бүгінгі әңгіме Ақанаевтар әулеті туралы болуы керек. Өйткені Ақанаевтар отбасының барлығы суретші және өнер әлеміне өзін­дік ерекшеліктерімен таныл­ған. Елордамыздың 20 жылдығына арналған бұл көрме нағыз бей­нелеу өнерінің шыңын көрсе­тетін көрме деп айтуға болады. Суретшілер отбасы аз емес, бірақ Ақанаевтар отбасы – бірегей. Өзгеге үлгі, ұрпақ­қа өнеге», – деді Жанұзақ Мүсә­пір. Амандос Ақанаев барша өнер­сүйер қауымға және көрме­нің өтуіне атсалысқан азамат­тарға алғысын білдіріп, ерекше ризашылығын жеткізді.

Амандос Ақанаев – тек елі­міз­де ғана емес, Орталық Азияда кеңінен танымал шебер суретші. Оның қайталанбас, өзіне ғана тән өрнектері тұтас түркі жұр­тының аңыз-әпсаналарынан сыр шертеді. Оның картиналары­на қарап көшпелі түркі халық­тарының мәдениетімен жақыны­рақ танысуға мүмкіндік туады.

Қылқалам шеберінің ең­бек­тері осыған дейін әлемнің бірқатар елдерінде өткен көп­теген көрмелерге қойылған. Соның ішінде АҚШ, Испания, Германия, Ресей сияқты елдерді ерекше атап өткен жөн. Одан бөлек, Швейцария, Франция, Италия, Жапония және тағы бас­қа ондаған елдердің жеке кол­лекцияларында суретшінің шығармалары сақтаулы тұр.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»