Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Рухани жаңғырудың мәні немесе 100 жаңа оқулыққа қатысты мәселелер хақында

666 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Оларда негі­зінен тек батыстық ғалымдар мен ғылыми мектептердің еңбек­тері, көзқарастары келтірілген. Ал философия, мәдениеттану, тіпті әлеуметтану сияқты ғылым­дардың мазмұнына қатысты Шы­ғыс елдері ғұламалары мен заманауи авторларының жұмыстары да аз емес.

Рухани жаңғырудың мәні немесе 100 жаңа оқулыққа қатысты мәселелер хақында

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бір жыл­ бұрын жарық көрген «Бо­­­лашаққа бағдар: рухани­ жаң­­­­­­ғыру» бағдарламалық ма­қа­­­­­­­ласында айтылғандай «...гу­­­­ма­­нитарлық білімнің барлық ба­­ғыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әр­түр­лі тілдерден қазақ тіліне ауда­рып, жастарға дүние жүзін­дегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау» мәселесі тұрғаны анық. Сол оқулықтардың ал­ғашқы бір тобы ретінде 18 кітап қазақшаға аударылды. Осы жұмысқа ғылыми редак­торлардың бірі болып қатысқан адам ретінде, жұмыс барысында жинақталған: рухани жаңғырудың мәні мен мүддесі қандай, сол мүддені орындау­да шетелдік оқулықтардың қазақшаға аударылуы не береді, оларды қалай ұтымды пайдалануға болады, аудар­ма ісін одан әрі жалғастыруда нені ескерген абзал деген сияқты мәселелер төңірегінде бірқатар ойларды ортаға салмақпын.

Рухани жаңғыру бағдар­­ла­масының басты нысаны, – ұлттық сана мен рухты заманауи жағдайларға сәйкес жетілдіру арқылы, Қазақстанның әлемнің алдыңғы отыз елдің қатарына қосылуына негіз бола алатын­ жаңа ұрпақтың тұлғалық ірге­тасын қалыптастыру. Рухы мық­ты ұрпақ қана өз елінің экономикасын үдемелі түрде дамытуға сенім­ді түрде белсенділік таныта алмақ. Ал біздің қазіргі ұрпақтың бойында осындай рух пен сенім­нің аздығынан, елімізде немесе шетелде  жақсы білім алған, қа­бі­­летті деген жастарымыз, ел­де­гі азды-көпті қиындықтар мен қо­лай­сыздықтарға шыдамай, шетел­­дерге кетіп жатқаны жыл өткен сайын көбеюде. АҚШ, Жапония, Германия сияқты ел­дер­дің тарихына зер салсақ, сол елдердегі ең ауыр кезеңдерде: «біз әлемдегі демократияны қор­ғай­тын ұлтпыз», «біз құдайдың өзі қолдаған ұлтпыз», деген сияқ­ты рухани сенімдері елдің қуат­ты рухына айналған. Сөйтіп ел экономикасының даму кезең­дері басталған. 

Айтылғандай жағдайлардың бір диалектикалық жағы ‒ ол, сондай рухани ұрандар арқылы жасалған істердің нәтижелеріне қол жете бастағанда, сол жетіс­тіктер сол ұрандардың «дұрыс­тығын» жүзеге асыруда деген сенім бұрынғыдан да нығая түс­­ті. Жұртшылық енді істі сол ұран­мен атқарады. Ал бұл өз орайында жаңа жеңістерге жет­кізеді. Нәтижесінде, рухани насихаты мен тәрбиесі озық елдің экономикасы да алға жылжиды. Мәселе осы екеуінің арасындағы сабақтастық айналымын сауатты жүзеге асыруда. 

Біз үшін шетелдік оқулықтар­дың тағы бір маңызды жағы бар. 

Егер біздің ел әлемнің озық отыз елінің қатарына қосылатын болса, онда біздің еңбек ету жүйе­­міз, өмір салтымыз көп жа­ғы­­нан сол озық елдердің жағ­дай­ларына жақындайтын болады. Ал ол елдердегі соңғы жазылған оқулықтардың мазмұнында сол елдердің өздерінің өмір салты, жетістігі мен кемшілігі, оларды шешу мәселелері келтірілген. Біздер соларды алдын ала түсі­нуге, қиындықтарының алдын алып, жетістіктерін біздерде де же­тіл­діруге деген түсініктермен, тал­даулармен таныс бола аламыз. Халықта «ақылды өзгенің қателігінен үйренеді, ақымақ ‒ өз қателігінен», деген емес пе. Сон­дықтан шетелдік оқулық­тарды оқығанда өз өмі­рі­міздің келешектегі кейбір жақ­тарын алдын ала танып-біліп, оның қатерлі жақтарынан алдын ала сақтану мүмкіндіктерін табуға болады дей аламыз. 

Отандық авторлар КСРО ке­зіндегі қоғамдық, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар (ҚӘГҒ) бойынша жазылған оқулық­тармен бұрыннан таныс. Жаңа оқулықтармен енді танысуға мүмкіндік мол. Міне, соларды жақсы талдай келе өзі­­міз­дің келешек авторлар өз оқу­лықтарын әлемдік озық тәжі­ри­­белерді салыс­тыра отырып жаза алатын болады. Сонда Ел­ба­сы Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа гуманитарлық білім. Қа­зақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алуға байланысты көрегендігінің маңызды мағы­насы ашылады.

Жаңаша оқыту үдерісінің бас­ты бір мәсе­лесі – Болон үдерісіне енген ел­дер­дің студенттерінің алатын білім­дерінің деңгейі мен маз­мұ­нын теңестіру болып табылады. Яғни қазақстандық студенттер де шетелдердегі ЖОО-ларда өтілетін пәндерге сәйкес білім алуы керек. Онсыз біздің студенттер ғылымның ең соңғы жетістіктерін біле алмайды. Соған жаңадан аударылған оқу­­лықтар арқылы ғана қол жет­кізу­ге болады.

Келесі бір үлкен мүмкіндік те Қазақстанның осы Болон үде­рісіне енуімен байланысты. Болондық келісімшарт бойын­ша, әр елдің студенті, магис­транты мен докторанты оқу мер­зімі кезінде, ұтқырлық жос­пары бойынша, шетелдердегі бір жоғары оқу орындарында жарты жыл оқудан өтуі керек. Міне, біздің студенттер мен докторанттар сол елдерге барғанда, аударылған озық оқулықтар арқылы, олардың студенттері оқыған оқулықтардың деңгейінде еркін түсінісе алатын болады. Ал қазіргі кезде ондай мүмкіндіктер жоқ. Шетелдерге ұтқырлықпен барған студенттеріміз бұрын өткен пәндерінің мазмұнын қай­тадан жаңаша меңгеруге тура келуде. Бұл үлкен кедергі. 

Болон үдерісіне сәйкес оқы­ту­­дың тағы бір шарты – ол сту­денттердің білімді кемінде үш тілде меңгеруі. Ол туралы Елбасымыз да үздіксіз ескертіп келеді. Бұл халықаралық терминологияда трилингвизм деп аталады. Соның бірі ағыл­шын тілін еркін білу қажеттігі. Жаңаша білімдену кезінде қазақ тіліне аударылған оқулық­тарды ағылшын тіліндегі түпнұсқа­сымен салыстырып отыру сту­дент­тердің ағылшын тілін үй­ре­нуіне үлкен мүмкіндіктер береді. Міне, 100 оқулықты аударудың пе­дагогикалық-ди­дак­­ти­калық жақ­тары осында. 

Болон үдерісі, яғни кре­дит­тік технология бойынша оқы­­тудың маңызды бір ерек­­ше­лігі ‒ пән мазмұнын студент­тер­дің өздері игерулері керек. Сон­дай жағдайда оқулық басты рөл атқарады. Алайда оны пайдалану туралы қосалқы оқы­ту-әдістемелік кешені, силлабусы, нұсқаулықтары мен жолдары, әдістері бар. Біздіңше оқулықтары аударылған ше­тел­­дік авторлардың осы ай­тыл­ғандай қосалқы оқыту құрал­дары бар. Біздің ЖОО ұс­таз-профессорлары да соларды қол­дануы үшін сол қосалқы оқы­­ту құралдарын да аудару қажет. Онсыз бұл оқулықтардың кре­диттік технологиямен оқы­тудағы ұтымды жақтарын оқыту практикасында толық қолдана алмаймыз. 

Аударылған оқулықтардың авторларын Қазақстанға шақы­рып, жоғарыда айтылған­дай мәселелерге байланыс­ты біз­дің мамандармен, облыс­тық оқу орындардың пән оқыту­шы­ларымен кездесулер өткізудің тағы да үлкен мүмкіндіктері бар. Мысалы, біздің ЖОО оқытушы-ғалымдары сол шетелдік ғалым-авторлармен бірге келешекте бірлесіп зерттеулер жүргізу мүм­кіндіктеріне қол жеткізу, өзі­міз­дің жаңа 100 оқулық жазудың шығар­машылық бастауларын береді. Сонда ұлттық рухани жаңғырудың алдағы уақыттарда жүйелі түрде зерттеудің тұрақты жолдарын табуға, бірлескен жаңа зерттеулердің негіздерін салуға мүмкіндіктер туындайды. 

Осы жолдардың авторы қазіргі кезде қазақ тіліне ауда­рылған 18 оқулықтың екеуінің ғылыми редакторы болды. Содан түйінделген тағы да мынандай пайымдаулар бар. Біріншіден, 2017 жылғы аударма жұмысына 3-4 айдай уақыт берілді. Егер сондай уақыт ішінде қанша жұмыс атқарылғанын шетелдік ғалымдар білсе, онда олар қатты таңырқаған болар еді. Шетелдік оқулықтардың кемі 300, ал не­гізінен 500 және одан да көп бет­тен тұрады. Мұндай жауапты жұмыс толық сапалы болуы үшін әр кітапты аударып, пысықтап, ба­сып шығаруға кемі бір жылдай уақыт керек. 

Екіншіден, ғылыми таным ерек­­шелігі – зерттеу ныса­ны­ның табиғатына сәйкес ке­ле­тін, қа­ра­пайым ой мен тіл­де кез­деспейтін, арнайы теория­лық, қисындық ұғымдар мен тер­­миндерді пайдалануда. Көп жағ­дайда олардың қазақ тілін­дегі балама атауларын табу және оларға өздеріне ғана тән анық­тамалар беру өте күрделі мәселе. Грек, латын, қазір ағыл­­шын тілдерінен алынған, халық­аралық заманауи ұғымдар мен терминдерге айналған сөздердің қайсысын қазақ тіліне аударуға болады, ал қайсысын аудармай, сол халықаралық атау-термин тү­рінде пайдалану керек, деген мәселені ел болып арнайы талдайтын уақыт жетті. Бұл келешек аударма жұмысына үлкен жеңілдік береді. 

Үшіншіден, өткен кезеңдегі ауда­рушылар тобы бірнеше рет басқосу-кеңестер өткізу кезін­дегі анықталған бір нәрсе бар. Ол қазіргі кезде аударылған оқу­­­лық­тардың тек Батыс елдері оқу­лықтары екендігі. Оларда негі­зінен тек батыстық ғалымдар мен ғылыми мектептердің еңбек­тері, көзқарастары келтірілген. Ал философия, мәдениеттану, тіпті әлеуметтану сияқты ғылым­дардың мазмұнына қатысты Шы­ғыс елдері ғұламалары мен заманауи авторларының жұмыстары да аз емес. Сондықтан, алдағы уа­­қытта Шығыс елдері авторлары жаз­ған маңызды оқулықтарды да аудару қажет. Рухани жаңғыру бағдарламасында Президенттің өзі де шетелдік оқулықтарды «әртүрлі тілдерден» аудару керек деп көрсеткен. 

Егер Батыс пен Шығыс елде­­ріндегі ҚӘГҒ бойынша қалыптас­қан дүниетанымдардың мән-ма­ғыналарын салыстырып талдап­ үйренсек, егер солардың негі­зінде өзіміздің рухани бай­лық­­­тарымызды ғылыми тұр­ғы­дан терең талдап, соларды ғы­лыми пән мазмұнына енгізе ал­­сақ, егер солардың негізінде келе­шек ұрпақтарымыздың ру­ха­ният­тылығын өзге ұлттар­дың ру­ханияттылығынан кем түс­пейтін деңгейге көтере ал­сақ, сон­­­да ғана Қазақстанның мәңгі­лік ел болуының сенімді негізі са­лын­­бақ. 

Міне, 100 оқулықты қазақ ті­лі­не аударудың ұлттың рухани жаң­­­ғыру бағдарламасына енуінің қыр­лары мен сырлары туралы уәждеріміз осындай.

Сапар ОСПАНОВ,
философия ғылымдарының докторы