Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Кәсіпкерге не кедергі?

406 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алыстағы ауыл халқы да бизнес бастауға ниетті. Бірақ ақшаның аздығы қолбайлау, ал несие алуға екінші деңгейлі банктердің талаптары жоғары. Аудандарда банк бөлімшелері де бола бермейді, құжат рәсімдеу үшін қыстың суығы мен жаздың аптабында облыс орталығына қатынау қажеттілігі туады. Бір келгенде жұмысың біте қойса жақсы, сандалып ұзақ жүріп жинаған құжатыңа банк келісім бермесе, еңбегің еш, тұзың сор. Ауылдық жердегі үй-жайдың құны да төмен, тіпті банкке кепілдікке қоюға жарамай қалады. Екінің бірінің жалақысы жоғары кепілгері тағы жоқ. Осының бәрі айналып келгенде кәсіп ашып, нәсіп тапқысы келетіндердің ойларын орындалмаған арман күйінде қалдырып жүр. Қайтпек керек?

Кәсіпкерге не кедергі?

Атыраулық кәсіпкерлер облыс әкімі Нұрлан Ноғаевпен өткен кезде­су­де осы мәселені ортаға салды. Об­лыс­тық кәсіпкерлер палатасының бас­­шысы Абдолла Ыдырысовтың айту­ынша, тығырықтан шығар жол бар: банк­ке телміріп отыра бермей, аудандар­да шағын несие беру ұйымдарын ашу керек. Мұндай тәжірибе Маң­ғыс­тау, Қостанай облыстарында жүзе­ге ас­қан. «Егер «Атамекен» ҰКП қар­жы­лан­дырып, жергілікті билік қол­дау көр­­сетсе, ауыл кәсіпкерлері ша­ғын не­­сие беру ұйымдары арқылы же­ңіл­­дікпен ақшалай қаражат алып, іс бастар еді», дейді палата басшысы. Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева бұл ұсыныс шаралар жоспарына енгізілгенін, Кәсіпкерлер палатасы қажет құжаттарды рәсімдеп, шағын несие беру ұйымын ашуға лицензия алса, әкімдік тарапынан көмек болатынын айтып қуантты. Нәтижесі қандай боларын уақыт көрсетеді.

Газға алдын ала төлем жасау мә­се­лесі де атыраулық бизнес ие­ле­рін бі­­раз­­дан бері толғандырып ке­ле­ді. «ҚазТрансГазАймақ» мекемесі газ­дың ақшасын алдын ала төлеп қою­ды талап етеді, бұл жаңадан бас­таған к­ә­сіпкерлерге қиындау. «Атырау­Жа­рық» мекемесімен де бұрын осындай проблема болған, бірақ ол шешілді. «Атырау коммуналдық қызмет көр­се­ту орталығы» газ жүйелерінің қау­іп­сіздігін қамтамасыз ету туралы келісім-шарт жасағандарымен, еш­қан­дай жауапкершілік алмайтындары «қызық». Қазақстанның кәсіпкер әйел­дер қауымдастығы облыстық бө­лім­шесінің басшысы Айгүл Бая­ми­рова осы жайттарды ашып айтты. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өн­ді­рістік филиалының директоры Мақсат Әбуов газға алдын ала төлем жасау мәселесі орталық аппаратта қаралып жатқанынан хабардар етті. Мүмкін бір өзгеріс болып қалар. 

Жас кәсіпкер Ержан Нұреденов арнайы технопарк ашылса деген ойда. «Мысалы, Оралда, Өскеменде, Алматыда технопарктер бар. Атырауда мұнай-химия экономикалық аймағы құрылған, алайда ол тек мұнай саласын­да­ғы бизнеске арналып отыр. Жаңа жоба­ларды іске асыруға екінші маман­дан­дырылған экономикалық аймақ құ­рылса, жақсы болар еді», дейді талап­ты жас. 

Статистикаға сүйенсек, әрбір төртін­ші атыраулық кәсіпкерлікпен ай­на­лыса­ды. Бизнесті дамытуға бағытталған екі мем­лекеттік, екі өңірлік бағдарлама табыс­ты жүзеге асып жатыр.     

Кәсіп­керлермен ашық диалог жүр­гізген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев айтылған мәселелердің оң шешілуіне ықпал ететінін айтты. 

Жақсы жаңалықтың бірі, жақында Атырауда «Толық форматтағы кәсіп­кер­лерге қызмет көрсету орталығы» ашы­лады. Бизнес иелерінің күнделікті жұмыс­тарына керек 30 мемлекеттік орган­ның, даму және қаржы инсти­тут­тарының, екінші деңгейлі банктердің өкілдері, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы да осы орталықта болады. 

Атырауда экономикалық дамудың негізгі бағыты мұнай өндіру, мұнай сала­сында қызмет көрсету болғанымен, соң­ғы жылдары шағын және орта биз­­несті дамытуға белсенді көңіл бө­лініп, агроөнеркәсіптік кешенде, кө­лік-логистикалық және құрылыс сала­ла­рында жақсы көрсеткіштерге қол жет­ті. Бұл бір жағынан билік пен бизнес ара­сындағы өзара байланыстың қан­ша­лықты дәрежеде екенін де көрсетері анық. 

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ