Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Нашақорлыққа тәуелділіктен құтқарады

1728 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Сақ адам сандығын бекітеді» дегендей, қатерлі жерде қаперсіз отырмаудың қағидасын ескере бермейтініміз бар. Жаманнан сақтана білген қоғам жанын сақтайды. Жаманның бірі – тәуелділік, ой-сананы құрсауға алған нашақорлық болса керек. Бүгінде елімізде нарко­ло­гиялық есепте тұрған науқастар са­ны кемігенімен, инъекциялық есір­ткілерді қабылдайтын адамдар қа­тары ар­тып келеді. 

Нашақорлыққа тәуелділіктен құтқарады

Қадағалаушы эпиде­ми­ологиялық қадағалау қызметінің де­рек­теріне сүйенсек, бұл санаттағы 15 жастан жоғары жандардың үлесі Қазақ­стан халқының 1%-ін құрайды. Әри­не айғайға «аттан» қоспасақ та, алаң­да­тарлық ахуал екені анық. Бұл ретте жағ­дай­ды тұрақтандырудың тиімді əдіс­те­рі­нің бірі – нашақорлыққа тəуелді нау­қас­тарды емдеу мен оңалту жолдарын кеңейту. 

Сарапшылар соңғы бес жылда ме­ди­циналық қызметкерлердің ди­на­­ми­калық бақылауында тұрған нау­қас­тар санының төмендегенін айтады. Алай­да есірткілерді инъекциялық түрде қа­был­дайтын адамдар санының өсу бары­сы үрей туғызады. Шешуі, шегі жоқ бұл проблема күннен-күнге ұлғайып барады. Бүгінде инъекциямен есірткі қабылдайтындардың саны 127 800 адамға жетті. Ал бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 112 740 адам болатын. 

Есірткілерді инъекциялық түрде тұтыну деңгейінің ең жоғарғы көрсеткіші Павлодар облысында (1,7%), ал ең тө­мен­гі көрсеткіші Атырау облысында (0,3%) байқалып отыр. Сондықтан елі­мізде наркологиялық көмек қызметін көр­сету тізбесін кеңейту мəселесі өте өзек­ті. Науқастарды медициналық-əлеу­меттік оңалту медициналық жəне əлеу­меттік іс-шаралардың кешенді, өзара ты­ғыз байланысты жүйесін құрайды. Би­ыл наркологиялық ұйымдарда жəне психикалық денсаулық республикалық ғылыми-практикалық орталығының емханасында 730 төсекжайға лайықталған медициналық-әлеуметтік оңалтудың 19 бөлімшесі қызмет етуде. Бұл мақсатқа арналған орын Солтүстік Қазақстан об­лы­сында ғана жоқ. Оңалтудың ста­ци­онарлық жəне амбулаторлық бағ­дар­ла­ма­ларына былтыр 11 424 науқас немесе есепте тұрған барлық науқастардың 8,4%-і, оның ішінде есірткіге тəуелді 2 921 науқас қатысты. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 8 151 немесе есепте тұрған бар­лық науқастардың 5,2%-ін, оның ішінде на­ша­қорлыққа тәуелді 1907 адамды құ­раған болатын.

– Бүгінде нашақорлық тəуелділігі бар əр науқастың мамандандырылған емдеуге жəне осыған өзінің құқығын іске асыру үшін таңдау жасауға кепілдендірілген қол­жетімділігі болуы тиіс. Бұл дегеніміз – кли­никаны таңдау да, тəуелділіктен ары­лу жолдарына да айналмақ, – дейді психикалық денсаулық рес­публикалық ғы­лыми-практикалық орталығының бас ди­ректоры Николай Негай. 

БҰҰ есірткі жəне қылмыс жөніндегі бас­қармасы штаб-пəтерінің есірткі тұ­тынудың алдын алу жəне денсаулық сақ­тау жөніндегі департаментінің бас­шысы Жилберто Герраның айтуынша, есірткіге тəуелділікті ғылыми негізделген түрде кешенді емдеу есірткі құралдарын тұ­ты­нуға түрткі болатын компульсивтік мі­­нез-құлықты тоқтатуға септігін ти­гізеді. Əрбір араласу, яғни дəрі-дəрмектік жəне психикалық-əлеуметтік араласулар сауықтыру үдерісіне оңтайлы үлес қосады. Медициналық қызметкерлер əр науқасқа арналған дифференциалды жəне дербестендірілген терапияны іріктеуге мүм­кіндік беретін емдеу əдістерінің жан-жақты жəне кең ауқымды портфоли­осына қол жеткізуі тиіс. Əлем бойынша мойындалған нашақорлықты емдеу əдіс­­терінің бірі қолдаушы алмастырушы те­ра­пиясы деуге болады. Бұл бағдарлама елі­міз­де де бар. Бірақ бағдарламаға жа­ңа науқастардың енуіне жəне оның ке­ңею­іне кедергілердің келтірілуі алаң­дау­шылық туғызады. Əлемде бұл терапия нашақорлық тəуелділікті емдеудің ең тиімді тəжірибелерінің бірі ретінде та­ныл­ды. Сондықтан əлемнің 106 елінде­ сə­тімен қолданылып келеді.  Көп­теген зерт­теулердің нəтижелері қол­даушы ал­мастыру терапиясының тый­ым са­лын­ған есірткілерді тұтыну көр­сетк­іш­терін қысқартуға жəне АИТВ жұқ­па­сынан қайтыс болу деңгейі мен АИТВ жұқпасының таралу қаупін төмендетуге өнімді түрде ықпал ететіні турасында куəлік етеді. 

Қазіргі кезде Қазақстанның 9 облы­сын­да жəне Алматы қаласында алмас­ты­рушы терапияның 13 бекеті жұмыс іс­тейді. Бағдарламаны іске асырған кезден бас­тап 2008 жылға дейін науқастардың жалпы саны 1 084 адамды құрады. Бүгінгі таңда 322 науқас немесе опиоидтық тəуелділік есебінде тұрған адамдардың 2,7%-і аталған бағдарламадан өтуде. Бұл адам­дар қылмыстық ортадан шығып, жұ­мысқа орналасады, отбасыларына қайта оралады, дені сау балаларды өмір­ге əкеледі. Бағдарламаның кеңінен та­ралуы АИТВ жұқпасының таралуын азай­туға да септігін тигізетін болады. Сон­дықтан есірткіге тәуелділіктің есесін қайтаруда бұл бағдарлама барынша көмектеседі, дейді мамандар.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»