Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Мәселені медиация шеше ме?

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кішкене кикілжіңге бола сотқа жүгінетіндер бар. Тіпті әке-шешесімен, бір туған бауырымен дүниесін бөлісе алмай соттың есігін тоздыратындардың қатары аз емес. Мысалы, өткен жылы келінімен келіспей қалған Исатай ауданының тұрғыны сотқа талап арыз беріп, келінін үйден аластатуды сұраған. Іске судья медиатор араласып, тараптар келісімге келді. Өкініштісі сол, мұндай деректер көп.

Мәселені медиация шеше ме?

Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен Атырауда өткен жиында сотқа түскен арыз-шағымдар жыл санап артып келе жатқанын айтқан еді. «Елімізде әрбір төртінші азамат сотқа жүгінеді. Аты­рауда бұл көрсеткіш 3,4 пайыз, бұл аз емес. Әсіресе от­ба­­сылық дау-дамайлар көбейіп отыр. Республика бойынша бір жылдың ішінде 67 мыңнан астам отбасы ажырасып, 100 мыңнан астам бала тірідей жетім қалды», дейді С.Сүлеймен.

Атырауда былтырдың өзінде екі мыңға жуық отбасы ажырасқан. Шаңырағынан бө­лек кетіп, бала-шағасына али­мент төлеуден жалтарып жүр­ген әкелер де бар. Бұл отба­сылық құндылықтарды әлі күнге дейін жете сезінбей жүргеніміздің дәлелі. Осы ретте Мемлекет басшысының дауларды шешудің баламалы тәсілі ретінде медиация институтын енгізу туралы тапсырмасының қоғамға көп пайдасы тиіп отыр­ғанын айта кету керек. Сот жүйелерін жаңғырту жобалары аясында Атырау қалалық сотында медиация кабинеттері ашылды.

«Мамыр айынан бері каби­нет­тің көмегіне 86 адам жүгінді, – дейді облыстық сот төрағасы Мар­ғұлан Бектұрғанов. – «Сот медиациясы» деген жаңа жүйе де жүзеге асып жатыр. Іс сотқа жетпей тұрып, судья меди­атор­дың қарауынан өтеді. Нәти­же­сінде тараптар татуласады немесе әрі қарай заңмен бел­гі­лен­ген тәртіпте сот отырысында қаралады». Екі айда ажырасуға берген 247 арыздың 40-ы сотқа жетпей, тараптар судья медиатор көмегімен татуласқан. Кейбір жеңіл қылмыстық істер де алдын ала тергеу кезінде тараптардың ымыраға келуіне байланысты қысқартылып жатыр. Жалпы аймақта медиа­тор­лардың жұмыстары жақсы нәти­же беруде, айталық 2017 жы­­лы сотқа дейінгі медиация тәртібінде 1429 іс, ал осы жыл­дың төрт айында 400 дау­ды қарау аяқталған. «Біз ме­диацияны дамыту бойын­ша жұмыстарды одан әрі жал­ғас­тыруға ниеттіміз. Сол үшін де азаматтар арасындағы кикіл­жің­дерді тез әрі тиімді шешуге бар­лық жағдайды жасауға тырысамыз», дейді.

Тентегін тыйып, бітпейтін дау қуғандарды бітімгершілікке шақыратын дәстүр қазақта бұрыннан бар. Мүмкін медиа­цияны да сол бабалар сал­ты­ның бүгінгі жалғасы деп атау­ға болатын шығар. Қо­ғам  қайраткері Мәдина Ға­б­­ді­сәлімова барлық мәселе от­ба­­сында деген пікірін айтады. Үйінде ұлағатты тәрбие көр­ген ұл-қыздан жамандық шық­пайды, отбасы институтын нығайтатын шараларды әлі де жетілдіре түсу керек секілді. 

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ