Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Елордада тұсауы кесілген бірегей орталық

319 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

1997 жылы Қазақстан хирургтерінің I конгресінде елімізде Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтын ашу туралы мәселе көтеріліп, оның қажеттілігі ал­қалы жиын қабылдаған қарарда да көрсетілген болатын. Содан кейінгі 3-4 жыл ішінде мақсатты түрде атқарылған ұйымдастыру-құру жұмыстарының нәтижесінде 2001 жылы Астанада аталған институт дүниеге келді. Елордада тұсауы кесілген осынау орталық, бүгінде травматология және ортопедия саласының көшбасшысына айналды. Астананың Арқа төсіне орнығуы отандық медицинаның өрістеуіне, тынысының кеңеюіне жол ашқаны айқын. 

Елордада тұсауы кесілген бірегей орталық

Астанада алғаш хирургтердің кон­гресі өткенде практик дәрігерлер, зерттеуші ғалымдар елімізде жарақат­тануды азайту мен алдын алу мәсе­лесімен түбегейлі айналысатын ғылыми орта­лықтың қажеттігін салалық ми­нистр­лікке баса айтты. Содан сөз­бұйдаға салынбай, аталған инс­титут ашылып, 15-16 жыл ішінде қы­руар жұмыс атқарылды. Әрине тың­нан ғылыми-зерттеу институтын ашып, оның жұмысын жолға қою оңай іс емес. Дегенмен сол күндерден бері ұжымның басшылығында келе жат­қан ірі ғалым Нұрлан Батпеновтің іскер­лігі мен ұйымдастырушылығының арқа­сында қиын да, қызықты, жемісті де жеңісті жылдар артта қалды. Институт кішкене ғана ортопедиялық бөлім­шеден ірі ғылыми-клиникалық және оқыту орталығына айналды. Ә дегенде Ресейдің іргелі Н.Приоров, Г.Илизаров атындағы, Новосібір ғылыми-зерт­теу институттарымен байланыс орнатуы­ның арқасында көптеген мамандар тәжірибеден өтіп, даяр­ланып шықты. 

Медицинада күн өткен сайын ізде­ніс­тер болмаса, алға жылжу мүмкін емес. Институт мамандары мұрын мүм­кін еместей көрінетін операцияларды жасайтын болды.

Өңірде ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдардың жұмыс бары­сында жарақат алып, айлап төсекке таңылып қалатынын зерттеген профессор Гелен Цой ортопедия-травматология саласында осы тақырыпта екі бірдей дис­сертация қорғаса, профессор Әлібек Әбдірахманов кеуде сүйектерінің туа­бітті сколиозға ұшырауына операция жасау тәжірибесін енгізді. Көп ізба­сарларын даярлап, оларға 5 доктор, 18 кандидаттық диссертация қорғат­ты. Бұл жұмыстың әрқайсысы пациенттер өмірінің сапасын арттыруға бағыт­талған. Мәселен, профессор Николай Орловскийдің буын мен сүйек сынуында көрсетілетін жедел және жоспарлы көмектердің сапасын арттыруда ат­қарған ізденістері, сондай-ақ профес­сор Жанғали Хамзабаевтың остеопорозды емдеудегі нәтижелерімен бірге бірқатар ауруларды ультрадыбыстық диаг­ностикалаудағы жетістіктері бір төбе.

Осы ретте эндопротездеудегі «Каz НИИТО моделінің» орны өзгеше. Оны институттың өзінде ғана емес, шетел­дердің майталман мамандары мойын­дап, қолданып жүр. Жоба авторы, институт басшысы, ҰҒА академигі Нұрлан Батпеновке осы жұмысы үшін Мемлекеттік сыйлық берілді. Бұрын про­тез салынып жатқан кезде сүйек ішін­­дегі қысымның жоғарылауы қиын­шылық туғызса, бұл әдіс қайта қысым­ды төмендетуге мүмкіндік берді. Бекіту әдісінің де артықшылығы бар. Міне, сондықтан осындай жақсы бір өлшем­дерінің арқасында, Каz НИИТО толық мойындалды. 

Нұрлан Батпенов 11 монография, 700-ден астам ғылыми мақалаларды жазу­мен бірге 32 оқу-әдістеме құра­лының, 95 авторлық патенттің иесі әрі ғалымның жетекшілігімен 8 докторлық,  20-дан астам кандидаттық жұмыс қор­ғал­ып шық­­ты. 

Институтта саланың дамуына өзге­ше серпін берген бірнеше орталық ашыл­ды. Соның бірі – ортроскопия­ орта­лығы. Бұл екі бөлімшені бірік­тіріп, буындарға ауыр жарақат түсірмейтін кіші ин­вазиялық операциялар жасаудағы рес­публикадағы алғашқы қарлығаш болды. Қазіргі уақытта 1500-ге дейін ірі буындарға ортроскопиялық операция­лар жасалады. Нәтижелері де көңіл қуантады. Екіншісі, ірі буындарды эндопротездеу орталығы. Оның құрамына 4 бөлімше кіріп отыр. 2016 жылы жаңадан омыртқа патологиясының орталығы ашылды. Мұнда да 4 бөлімшеде білікті мамандар жұмыс істеуде.

«Бұрын егде жастағы адамдардың жарақаты болғанда көп қарайлайтынбыз, ал қазір жілік басын алып тастап, орнына эндопротез салуды үйреншікті алмастыруға жатқызатындай жағдайға жеттік. Пациенттердің арасында 100 жасқа таяп қалғандары да бар. Біздің инс­титутта басталған осы операция­лар қазір облыс орталықтарындағы ауру­ханаларда жасалады. Мәселен, кіші инвазивті операцияларда дәрігер артоскоп, эндоскоп арқылы қарап отырып буынға кішкентай ғана тілік жасап, ішіне енеді. Мүмкіндігінше сау тіндерді сақтап, оған зарар тигізбей, тек ем-шарасын жасайды. Буынның ішіндегі жарақаттанған шеміршекті тігеді немесе алып тастайды. Буын ішіндегі әртүрлі байламдарды тігеді. Қажеттілік туса, оны пластикалық материалдармен алмастырады. Буын бетін қаптап тұрған шеміршекті алмас­тыруда хондропластика қолданылып, алдын ала пациенттің өз жасушасын өсіру арқылы жарақатқа ұшыраған тінін алып тастап, қолдан өсірілген пациенттің өз тінімен алмастыру атқарылады. Бұрын ортан жілік сынса, үлкен тілік жасайтынбыз. Жұмыс барысында пациенттен біраз қан кетіп, қан құю жүргізілетін, операция­дан кейін пышақ тиген жердің ауқымы да біршама болып, аурудың жанына бататын. Қазір басқаша, тіліктердің көлемі әрі кетсе 3-4 см шамасы», дейді орталықтың ғылыми хатшысы Ерғали Нәбиев.

Сонымен бірге ұршықты (вертельді) протездеу қолданылып жүр. Бүгінде әлі де еңбек ете алатын жас адамдар үшін мұның маңызы үлкен. Себебі мүм­­кіндігінше жілік басындағы сау тіндер сақталынып, ұршықты протезбен біраз уақыт жүре алады, ал кейін қа­жет­тілік туғанда оны басқа ірі протезге алмас­тыруға болады.

Ерғали Нұғманұлының айтуынша, қандай да операция өткеннен соң пациент­тің іріңді-қабыну процесіне ұшы­рауы мүмкін. Қанша жерден сани­тарлық норма сақталса да, бұл – болатын дүние. Сондықтан операциядан кейін, әсіресе эндопротездеуден соң іріңді ас­қынуларды емдеудегі технология жетіл­дірілуде. Бүгінде антибактериалды қасиеттері бар заттарды қолдануда дүние­ жүзінде күміске қызығушылық туып отыр. Күміс­­­тің табиғатында анти­септикалық қасиет бар. Мұны бабаларымыз да білді. Жаңа туған баланы шомылдырғанда суға күміс салады. Біз­­дің ғалымдар күмісті зарар­сыздануға қол­дануды қарастырып жатыр. Бірақ қан­дай мөлшерде қолдану керек, ағ­за­ға улы кері әсерін тигізбеу үшін қанша уақыт ұсталуы керек деген бағытта зерттеулер жүруде. 

Жалпы институт республика бойынша денсаулық саласындағы жаңалықтар мен жақсы әдістемелерді тарату мен үйретудің үйлестірушісі болып келеді.

– Травматологияның бір ерекшелігі түрлі протездерді бекітуде, басқа да технологияларды қолдануда көптеген металл құрылғылар, бұрандалар, ше­­гелер­ге дейін пайдаланылады. Ұжым­ мүшелері ойлап тапқан, қазір қолда­нылып жүрген металл бұйымдар­дың барлығы шетелдерде жасалды. Әйгілі «Каz НИИТО» Германияда, ал өзіміз ойлап тауып, ұсынған ортан жі­лік пен тоқпан жіліктің сынығын бекі­тетін құралымызға Польша зауыт­тарына тапсырыс берудеміз. Бізде арнайы шеберхана жоқ. Бірақ Шығыс Қазақстан облысындағы металл зауыттарымен меморандумға отырып, өзіміз ойлап тапқан құрылғыларды шығаруды қол­ға алуды көздеп отырмыз. Елімізде отан­дық металдан жасап, қазақстандық танталмен қаптап шығарсақ, пациент­тер­ үшін протездің құны да арзандай­ды әрі отандық дәрігерлер мен құрас­тырушылардың әлеуетін де әлемге танытатын үлкен шаруа болмақшы,  дейді Е.Нәбиев.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»