Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Кеш қойылған диагноз... Қазақстанда бас және мойын қатерлі ісігіне жылына 2 мыңнан астам адам шалдығады

252 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір жаһанда қатерлі өскіндердің таралуы бойынша бас және мойын қатерлі ісігі 6-орынды иеле­неді. Қазақстанда  жылына бас және мойын қатерлі ісігімен 2 мыңнан астам адам ауырады. Өкініштісі олардың басым бөлігі дерт меңдеп, аурудың III–IV кезе­ңіне жеткенде ғана көмекке жүгі­неді. 

Кеш қойылған диагноз... Қазақстанда бас және мойын қатерлі ісігіне жылына 2 мыңнан астам адам шалдығады

Кесірлі кеселден емдеудің тиімді әдістерінің бар болғанына қарамастан,  диагноз қойылған соң 1 жылдың ішінде науқастар арасындағы өлім-жітім  50 пайызға жетіп отыр. Алайда ем уа­қытында көрсетілсе, өмір сүру мүм­кіндігі 80-90%-ды құрайды. Бас және мойын ісігімен ауыратын науқастар арасындағы өлімнің басты себебі – кеш қойылған диагноз. Кеш диагностика себебінің бірі халықтың ауру мен оның даму қаупі туралы мағлұматтардан хабардар болмауы. Келесі бір себеп – медициналық қызметкерлердің білім деңгейінің  жеткіліксіздігі мен түрлі мамандықтағы дәрігерлер арасында іс-қимылдың тиімді үйлестірілмеуі. 

Осы мәселеге орай, Алматы қала­сында бас және мойын ісігін ерте диагностикалау мақсатында онколог-дәрігерлердің қатысуымен «Бас және мойын ісігін ерте диагностикалау» тақырыбында  баспасөз жиы­ны өтті. Бұл шара бас және мойын ісігін ерте диаг­ностикалау еуропалық апталығының аясында атқарылды.

Баспасөз мәслихатында онкологтер бас және мойын ісігінің алғашқы белгілері, қауіптің негізгі факторлары мен аталған аурудың алдын алу ша­ралары жайында, сонымен қатар Қазақстанда бас және мойын қатерлі ісігін алып тастаудағы бірегей ота туралы сөз қозғады. Кездесуге Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтында  (ҚазОРҒЗИ) ота жасалған науқастар да қатысты. Аталған институт директоры Қазақ­станда онкологиялық ауруларды емдеу тегін екендігін ескертті.

Институттың бас және мойын өс­кіндері орталығының профессоры Ғалым Әділбаев пен директордың ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары, медицина ғылымының кандидаты Дәурен Әділбай осы мәселе төңірегіндегі өзекті жайттармен бө­ліс­ті.

Мамандар стоматологтер мен отоларингологтерді оқыту маман­дардың онкоқауіпсіз болуына мүм­кіндік бере­тіндігін алға тартуда. Олар қауіпті белгілерді байқаған жағдайда жедел зерттеу жүргізіп, уақытында диагноз­ қою мүмкін болмақ. Осы арада 2015 жылы Қа­зақстан Еуропалық бас және мойын қатерлі ісіктерін зерттеу қоғам­дастығы  құрамына (The European Head and Neck Society (EHNS) енгенін еске сала кетуге болады.  Бұл 2006 жылы бас және мойын­ қатерлі ісіктерін зерттеу үшін құ­рылған және бүкіл әлем мойын­даған мультдисциплинарлы ұйым болып табылады. Еуропалық бас және мойын қатерлі ісіктерін зерттеу қоғамдастығы (EHNS) бас және мойын аурулары саласындағы сарапшылар арасында біліммен бөлісуді ынталандыру және зерттеудің жоғары стандарттарын ұстану, білім алу мен оқыту, аурудың алдын алу және науқастарға қарауды негізгі мүддесі ретінде ұстанады. 

Еуропалық апталық екі кезеңнен тұрады. Яғни Қазақстан мен Ресейдің басты онкологтері тарапынан отола­рин­гология және стоматология сала­ларындағы мамандарды оқытады. Бұл бас және мойын қатерлі ісігін ерте диаг­ностикалаудағы кампанияның бірінші кезеңі. Қазақстанның алты қаласында, Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Ақтөбе және Семей қалаларында стоматологтер, ЛОР-дәрігерлер мен онкологтер бас және мойын қатерлі ісігінің ерте кезеңін диагностикалау әдісі бо­йынша оқытудан өтеді.

Екіншіден, Қазақстанның әрбір тұрғыны бас және мойын тұсындағы  жаңа өскіндерді ерте бастан анықтау үшін, созылмалы қатерсіз патологияларды диагностикалау бақылауынан өте алады. Мамандардың мультидис­циплинарлы командасының тегін бақылауы биыл 17-23 қыркүйек ара­лығында өтеді. Мамандар мұндай тегін тексерілуге алдын ала 8 800 080 05 58 нөмірі арқылы жазылып, қаралуды ұсынып отыр. Бұл шаралар 1 тамыз бен 23 қыркүйек аралығында жүзеге асады. 

Өткен жылғы осындай кампания шеңберінде 811 науқас бақылаудан өткен. Нәтижесінде 123 адамда бас және мойын патологиялары анық­тал­ған, оның 29-ына қатерлі ісік диагно­зы қойылған. 

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ