Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Жол бойындағы жедел жәрдем

476 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Павлодар – Семей тас жолы бойындағы Новоямышево және Чер­но­рецк ауылдарында көлікпен және заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған жедел жәрдем бекеттері  ашылды. Жедел-жәрдем бекетінің ашылуының алдында ғана Новоямышево ауылына жақын жерде көлік апаты болып, бір адам ауыр жарақаттанған еді. Науқас дереу жаңа санитарлық автокөлікпен облыс орталығына жеткізілді.

Жол бойындағы жедел жәрдем

Жедел-жәрдем бекеттерінің ашылуына қатысқан Санитарлық авиация республикалық орталығының директоры Нұржан Отарбаевтың  айтуынша, жедел медициналық жәрдем жүйесін жаңғырту аясында елімізде барлық жедел қызмет түрлерін бір жүйеге біріктіру міндеті қойылған. Мақсат – 10 мың адамнан аз тұрғыны бар ауылдарды да жедел жәрдеммен қамтамасыз ету. Тіпті,  шағын бөлімшелердің тұр­ғындарына да медициналық көмек қолжетімді болуы керек. Сон­дай-ақ ауылдық дәрігерлермен бірлесе қызмет ету арқылы жедел жәрдем дәрігерлері жәрдем берудің халықаралық стандарты бойынша тәжірибе алмасады.

Ал өңірде қай жерден болсын жедел жәрдем шақырса, барлық ақ­парат бір жүйеге түсіп, кім жыл­дамырақ көмектесе алады, ұшақ немесе тікұшақ қажеттігін анықтай ала­ды. Облыс орталығындағы жедел медициналық жәрдем орталығы еліміз­дегі барлық стансалардың қыз­меті сарапқа салынған респуб­ликалық байқауда үздік те атанды. Бұл күндері жедел-жәрдем орталығы GPS-на­вигациясы жүйесін пайдалануда. Басқару  жүйесі автоматтандырылған түрде жұ­мыс істейді. 

Жалпы, GPS-навигациясы жүйе­сі қазір облыс орталығынан тыс аумақ­тарда да қолданылуда. Ба­қы­лаушы маман­дар аудан орта­лықтарын, ауыл­дарды монитор терезесі арқылы қадағалай алады. Тосын оқиға орын алып, адамдар зардап шеккен болса, дереу сол жаққа жетеді немесе жақын орналасқан амбулаториялық ауру­ханаға хабарласады. Бұл қон­дырғылар энергиясыз екі сағат жұмыс істей алады екен. Қоңырау шалған адамның байланыс нөмірі автоматты түрде сақталады. Жан-жақты жабдықталған реано­мо­бильдегі арнайы құралдар ар­қы­лы реанимацияға жеткізілуі тиіс науқастарға алғашқы көмек көрсе­тіледі. Дәрі-дәрмек, оттегі аппараты, реанимациялық сөм­ке, әр дәрігерде планшет бар. 

Бас дәрігер Қанадан Ахметжанов­тың айтуынша, үш жыл бұрын об­лыстық жедел жәрдем стансасына санитарлық авиация енгізілді. Өңірде  «Жедел жәрдем» кластері құрылды. Осылайша жедел жәрдем қызметінің  аудандық бөлімшелері облыс орталығындағы орталыққа бірігіп, жаңа деңгейде жұмыс істеуде. Орталық құрамында «Фольксваген» 4 санитарлы автокөлігі «Ан-2» ұшақтары және «Еврокоптер» бар. 

Өңірдегі барлық аудандар,­ қо­салқы стансаның жедел жәр­дем көліктерімен, заманауи медици­налық жабдықтармен және бір рет қолданатын құралдармен жаб­дық­талған. Тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін кардиометрлер, кувездер, узи-аппараттар және эхонцефалограф сатып алыныпты. Мысалы,  26 бригада күніне  550 шақыртуға барады. Жедел жәрдем орталығында 76 дәрігер,  170 фельдшер, барлығы 544 қызметкер күні-түні  қызмет етеді. Өткен жылы  11 жас дәрігер келіпті. Орталық жанынан аудандардан келетін дәрігерлер үшін оқу орталығы ашылған. Жедел-жәрдем дәрігері Сергей Грищук биыл республика бойынша  «Үздік фельд­шер» атанды. 

Ал жедел жәрдем бекеттері ашыл­ған екі ауыл облысаралық, рес­пуб­ликалық маңызы бар Пав­лодар – Семей тас жолына жақын ор­наласқан. Бұл жол аралығы айтарлықтай қауіпті жол бөлігі саналды. Былтыр бұл жерде 50 жол-көлік апаты орын алыпты. Енді жаңадан ашылған бұл бекеттер өңір, аудан жолдарындағы жол апаты кезіндегі өлім-жітімді азайтуға септігін тигізеді. Жетер уақыттары  да қысқарды. Алдағы уақытта тағы да 5 жаңа жедел медициналық жәрдем бекетін ашу жоспарлануда.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР