Қазақстан • 13 Шілде, 2018

Орталық Азиядағы трансшекаралық су мәселесі талқыланды

605 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда өткен су ресурстарын басқару жөніндегі салааралық ынтымақтастықты нығайту мен дамытуға байланысты Аймақтық кеңесте Орталық Азиядағы су мәселесі талқыланды.

Орталық Азиядағы трансшекаралық су мәселесі талқыланды

Су тапшылығы соңғы отыз жыл көлемінде Орталық Азия аймағын алаңдатып отырған көкейкесті мәселе. Сала мамандары су мәселесінің жылдан-жылға ұшығып отырған себеп-салдарын мүдделі тараптар қызметіндегі үйлесімсіздіктер мен су ресурстарын басқарудағы әрекеттердің жеткіліксіздігімен түсіндіреді.

Алматыдағы Аймақтық кеңесте бас қосқан БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЕЭК халықаралық ұйымдарының, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Тәжістан, Түркіменстан және Өзбекстанның ресми өкілдері су ресурстары бойынша аймақаралық ынтымақтастық мәселесін талқылап, Халықаралық суды бағалау орталығының бағдараламасына байланысты ұсыныстарын ортаға салды. Орталық Азия мен аймақтағы елдердің су қорларының тиімділігін арттыру, 2030 жылға дейін су пайдалануға байланысты өзара тәжірибе алмасу кеңес барысында негізігі мәселе ретінде қаралды.

Трансшекаралық су ынтымақтастығы бүгінде адамзаттың өркендеп, жер әлемнің гүлденуі жолындағы басты қадам. Салада келісімдерге қол жеткізу әлемдік қақтығыстардың алдын алып, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Халықаралық суды бағалау орталығын  (ХСБО) Қазақстанда ашу туралы еліміз Үкіметі мен  ЕЭК арасындағы Меморандумға 2017 жылы қол қойылған болатын.  Халықаралық суды бағалау орталығы трансшекаралық ағын сулар мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы Конвенциясының еншілес бірлескен органы болып табылады.  

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ