Қазақстан • 13 Шілде, 2018

Сенатор еуропалық парламентшілерге Қазақстанның жаһандық бастамалары туралы айтты

292 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Төлеубек Мұқашев 12 шілдеде Варшавада болған Орталық және Шығыс Еуропа елдері төрағаларының саммитіне қатысты, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенатор еуропалық парламентшілерге Қазақстанның жаһандық бастамалары туралы айтты

Польша парламентаризмінің 550 жылдығына арналған форумда Т.Мұқашев Қазақстан-Польша әріптестігінің бұрыннан жалғасып келе жатқан дәстүрлерін жоғары бағалады. Сенатор өмірі мен шығармашылық ізденістерін Қазақстанға арнаған Польшаның атақты ғалымдары Адольф Янушкевич, Густав Зелинский, Бронислав Залеский және Александр Затаевичтер біздің халқымыздың жадында маңызды із қалдырғанын атап өтті.

Бүгінгі таңда, сенатор атап өткендей, біздің елдеріміз арасында саяси, экономикалық және гуманитарлық салаларда жемісті ынтымақтастық кеңейіп келеді. Халықаралық ұйымдар аясында, оның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде тұрақты емес мүшелері болып табылатын Қазақстан мен Польшаның арасында өзара тығыз қарым-қатынас қалыптасты. Т.Мұқашев Қазақстандағы 32 мың поляк диаспорасы екі ел арасындағы достық көпірі екенін айтты. Баяндамашы екі мемлекеттің парламентаралық өзара іс-қимылының келешегіне де тоқталды.

Т. Мұқашев қоғамдағы алуан түрлі саланы жаңғырту жөніндегі  ауқымды бастамалар, оның ішінде «Қазақстан-2050» стратегиясын, «Нұрлы жол», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын іске асыру жөніндегі Қазақстан заң шығарушыларының қызметі туралы еуропалық парламентшілерді хабардар етті.

Оның сөзінде Қазақстанның халықаралық аренадағы негізгі бастамаларына сипаттама берілді. «Қазақстан Елбасының ядролық қаруға қарсы, бейбітшіл, геоэкономикалық күш-жігері мен жаңалықтары халықаралық шиеленістерді бәсеңдетуге ықпал етеді, әлемнің болашақ құрылымы туралы интеллектуалдық пайымдауларды байытады», - деді депутат.

Қазақстанның мәдениеттер мен өркениеттердің жаһандық үнқатысуларын ілгерілетудегі тәжірибесі жиналғандардың ықыласын туғызды. Т. Мұқашевтың айтуынша, Астананың 20 жылдығы аталып өткен мерейлі жылда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезін өтуі діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік пен даму жолындағы үнқатысуларын ілгерілетуде еліміздің өзіндік үлесі болады.