17 Желтоқсан, 2011

Мерекеге тамаша сыйлық

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында А.Бай­тұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде жағымды жаңалық болды. Университетте үздік технологиямен салын­ған заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. 150 миллион теңгеге түскен бұл құрылысты университет өз қаржысына, өз күшімен салды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында саламатты өмір сал­тын насихаттау керектігіне және халықтың 30 пайызын спортқа тартуға ерекше маңыз берген болатын. – Жаңа спорт кешені жастардың бетін спортқа аударуға және бұқаралық спорт түрлерінің кең жайылуына өзіндік үлесін қосады деген сенімдемін, – дейді университет ректоры Асқар Наметов. Жаңа спорт кешені студенттердің дене­шынықтыру сабағының өтуіне лайықталған. Оның ішінде ойын алаңы, тренажер залы, көрермендер орны, киім ауыстыратын, жуы­натын, санитарлық бөлмелер бар. Сонымен қатар спорт кешеніне жасанды кілем төсел­ген жазғы ойын алаңы да кіреді. Бұл білім ордасындағы бірінші спорт кешені емес. Қаланың КЖБИ шағын ауда­нында орналасқан жаратылыстану факультеттерінде жалпы спорт шараларына арнал­ған және күрес, теннис залдары, шахмат клубы бар. Енді қаланың орталығында орналасқан факультеттердің оқытушылары мен студенттері спортзал үшін Қостанайдың екінші шетіне ат сабылтпайтын болады. Жатақханада жататын студенттер үшін жаңа спорт кешені қарға адым ғана жерде орналасқан. Университеттегі спорт кешенінің ашы­луына келген облыс әкімі Сергей Кулагин қалалар мен аудандарда беріліп жатқан тұрғын үйлердің ауласында осындай спорт алаңдары мен кешендері қоса салынуы керектігін айтты. Қостанай қаласында оның жарқын мысал­дары қазірдің өзінде бар. Жаңадан салынған «Наурыз» шағын ауданындағы спорт алаңы тұрғындардың игілігіне айналған. Университет ұжымы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өздеріне осындай тамаша сыйлық жасады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.