Қазақстан • 16 Шілде, 2018

Академияның филиалы ашылды

568 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалы ашылды. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби білімін жетілдіру бағытында жұмыс істейтін академия филиалының ашылуына Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев арнайы келді.

Филиал ғимаратының ашылу салтанатында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ғимарат алдына қойылған ескерткіш тақтаға қолтаңбаларын қалдырды. Мұндағы оқыту кабинеттерін, кітапхана мен басқа да жұмыс бөлмелерін аралап, олардың жабдықталуымен танысқан А.Шпекбаев академияның Алматы облыстық филиалын республикадағы үздік филиал ретінде атап өтті.

– Мемлекеттің қолдауымен облыс орталығында ашылып отырған академия филиалы – өңірдің мемлекеттік қызметшілері үшін тамаша мүмкіндік. Алдағы уақытта мұнда білімі мен кәсіби біліктілігін жетілдірген мемле­ке­т­тік қызметшілер облыс экономи­касын одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенімдімін, – деді жиында сөз алған аймақ басшысы А.Баталов.

Ал А.Шпекбаев өз сөзінде Президенттің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызмет істері саласындағы қолға алынып жатқан заманауи бағыттар туралы баяндады. Соның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес жұ­мыс­тарының нәтижелері, халық алдындағы есептілік, мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру, жалпы саланы цифрландыру туралы мәселелерге кеңінен тоқталды. Әсіресе ең алдымен мемлекеттік қыз­мет­шілердің өзі электронды үкімет пор­талы арқылы жұмыс істеп үйренуі керектігін атап айтты.

– Цифрландыру ісіне ең алдымен жергілікті жерлерде әкімдер мүд­делі болуы керек. Бұл орайда Алматы облысының әкімдігі үлкен қол­дау көрсетіп отыр. Соңғы уақытта Алматы облысында электронды форматта мемлекеттік қызмет көрсету көр­сеткіші артып келеді, – деді Мем­лекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­ті­гінің төрағасы.

Сондай-ақ осы күні облыс орта­лығында «Мемлекеттік қызметті кәсі­би­лендірудің заманауи трендтері: өңір­лік аспект» атты семинар-ке­ңес өтті. Семинарды Президент жа­нын­дағы Мемлекеттік басқару ака­демиясының ректоры Фатима Жақыпова жүргізді. Жиынға респуб­лика­мыздың өзге облыс­тарын­дағы академия филиалдарының директорлары арнайы шақырылды.

Семинардан кейін Алик Шпекбаев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің ғимаратын аралап көріп, департамент ұжымымен кездесті.

 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы