Қазақстан • 16 Шілде, 2018

Уақыт таңдаған Көшбасшы

548 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«...Иероглиф әлі ешқандай белгі түспеген таза параққа келісті түседі». Бұл – Қазақстанның жаңа елордасы – Астана қаласының бас архитекторы, жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның қазақтың кіндік қаласы турасында айтқан тағылымды ойы. Рас, бірінші болу, әлі ешкім жүріп, басып көрмеген тыңға түрен салу қай кезеңде де оңай болмаған. Бұл тәуекел кім-кімнен де батылдық һәм шешімгерлікті талап еткен. 

Уақыт таңдаған Көшбасшы

Әйтсе де, ондай жауапты қадамдарға көшбасшысын кейде уақыттың өзі таңдап жатады. Осыдан тура жиырма жеті жыл бұрын егемендігін енді алып, дербес мемлекет құруға бағыт алған Қазақстандай құт мекеннің апыл-тапыл басқан алғашқы қадамын нықтап, бағытын анықтауға Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген басшыны бұйыртуы – уақыттың ерекше сыйы десек, титтей де артық айтқандық емес. Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының арнайы тапсырысымен көрерменге жол тартқан ресейлік белгілі режиссер Радик Кудояровтың  «Уақыт таңдауы» («Назначенные временем») атты екі бөлімді деректі фильмі осы ойымызға толықтай айғақ болады.

Бұған дейін «Шарль де Голль. Мәр­тебелі президент» атты деректі филь­мімен көпшілік көрермен, әсіресе, қоғам қайраткерлері мен саясаткерлердің көңі­лінен орын алған режиссер Кудояров­тың бұл жұмысы да мазмұны мен тарихи деректерді көркемдік биігінде сөйлете алу шебер­лі­гімен көрушісін бірден өзіне бау­рап алады. Аталған фильм Астана қала­сы­ның 20 жылдық мерейтойына арнайы дайындалғанымен, негізгі екпін мен басымдық Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихының 30 жылға жуық айтулы кезеңінде сан түрлі сынақ пен маңызды шешімдерге толы  қайраткерлік қадамын, көреген саясаты мен дегдар болмысын жан-жақты ашуға бағытталған. Сол арқылы еліміздің жаңа елордасы – Астана қала­сының географиялық қана емес, сая­си-экономикалық, жалпы тарихи маңыздылығы сауатты сарапталады. Ресей, Қытай, Жапония, Аустрия, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Голландия, Израиль, Испания, Франция, Италия, Швейцария сынды әлемнің алпауыт елдерінің көшбасшылары мен сая-
си қайраткерлерінің Қазақстан, Астана жайындағы, тәуелсіз елдің әлемдік саяси аренадағы тұғырын тіктеп, бағытын анықтауындағы Елбасының кемеңгер шешімдері турасында айтқан пікірлері деректі туындының мазмұнын байытып, ауқымын кеңейткен. Осы арқылы көрермен Қазақстанның жаһандық кеңістіктегі орны мен рөліне жан-жақты көз жүгіртіп,  байыпты сараптама жасайды. 

Фильмде дерек көп, алайда сол шежіренің барлығы кәсіби шеберлік пен орынды пайдаланудың нәтижесінде қарапайым көрерменнің қабылдауына қиындық тудырмайды. Керісінше, қызықты етіп берілген, бұған дейін ешбір жерде ескерілмей келген ел тарихына, Елбасының жеке өз басына, маңызды шешім қабылдар тұстағы ішкі сезімдеріне қатысты айтылған жүрекжарды сырлары өзінің шынайылығымен, деректердің бейнелі сөйлетілуімен жүректі жанның көңіліне берік орнығады.

«Мен – өте арманшыл адаммын. Бала күнімнен мені алдымда үлкен бо­ла­шақтың күтіп тұратынын іштей се­зе­тінмін. Ол сезімнің қайдан келгенін тү­сінбеймін. Бірақ ес білгелі осы бір ға­жай­ып сезім менімен үнемі бірге келеді. Әлі есімде, бір күні әжем түс көріпті. Тү­сінде мен ақ боз атқа мініп тауға қа­рай өрлеп бара жатыр екенмін. Орта жолға келіп, артыма қарайласам, әжем: «Төмен қарама, таудың биігіне, шыңына шық» деп бағыт сілтеді. Бұл жай ғана түс емес, менің болашағыма бағытталған аян болса керек. Кейін әжем түсін айтып, өз жорамалын жеткізгенде-ақ мен сол болашаққа сенгенмін. Ол арманның дәл осындай жауапты қадамға алып келетінін нақты білмесем де, елім үшін пайдамды тигізетініме шын иланғанмын. Тіпті, кейін Қарағанды политехникалық институтының студенті болғанымда кейде таңертең беті-қолымды жуып, айнаға қарап тұрып: «Елің үшін қайтсең де  пайдаңды тигізуің керек» деп өз өзімді қамшылайтынмын. Осындай арман мен мақсат мені алға жетеледі. Елімнің тағдырына қатысты маңызды шешімдерді қабылдауыма себепкер болды. Мұны бұған дейін ешбір жерде айтпап едім, бүгін бөліскім келді», деп Елбасы қарапайым ауыл баласының қайраткер көшбасшы дәрежесіне көтерілгенге дейінгі өмір жолында әсер еткен маңызды сәттерімен бөліседі. Аталған туындының басты ерекшелігі саяси маңызды деректермен қатар қарапайым адами сезімдердің бір фильмнің өн бойында егіз өріліп, шебер шендестірілуінде дер едік. 

Мұның барлығы да, сөзсіз, көрерменін толғантпай қоймайды. Тауға қарап ер жеткен баланың армандарының аласа болуы әсте мүмкін емес еді. Сол асқақ арман ел тарихындағы шешуші кезеңде жауапты қадамдарға жетеледі. Ұлт болашағына бейжай қарамайтын тұлға сол кезде-ақ өзін көреген басшы, дегдар саясаткер ретінде дәлелдей білді. Уақыт ұсынған сынақтың ешбірінен жеңілмей азат елдің байрағын зеңгір көкте желбіретті.  Ешкім баспаған тыңға бірінші болып түрен салып, Тәуелсіз елдің тарихын тағылымды етті. Әлі белгі түспеген ақ парақ – егемен елдің шежіресі көреген шешімдерінің арқасында тарих тарамдарында өзгеше бедерленіп, қазаққа ғана тән өз өрнегін түзді. Күні кеше тұсауы кесілген «Уақыт таңдауы» деректі фильмі бізге осындай ой салды.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»