Медицина • 16 Шілде, 2018

Тағы да 19 проактивті қызмет іске қосылады

654 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл жыл соңына дейін 19 мемлекеттік қызмет SMS арқылы ұсынылып, проактивті қызметтер саны арта түседі. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов мәлімдеді.  

Халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен «Қазақстанда «Электронды үкімет» пен мем­ле­кет­тік қызметтердің дамуы» атты дөң­гелек үстел отырысы барысында А.Оспанов цифрландыру аясында жү­зеге асып жатқан проактивті қызмет көр­сетудің маңыздылығын атап өтті. «ТМД елдері бойынша Қазақстан про­активті қызметтерді алғашқы болып енгізді. Былтыр біз бала туу бойынша мемлекеттік қызметтер кешенін проактивті тәсілмен ұсына бастадық. Азаматтардың қажеттілігін алдын ала болжап, уақыттарын үнемдейтін аса қолайлы қызметке деген қызығушылық күн сайын артып келеді. Бүгінгі таңда жаңа босанған 157 мыңға жуық әйелге SMS-ұсыныс жіберілді. Жуырда әлеуметтік мәселелер бойынша тағы да бірқатар қызметтерді проактивті нұсқада, яғни SMS-хабарлама арқылы көрсететін боламыз», деді ол.

Атап айтсақ, жүктілікке, бала асырап алуға, мүгедектікті белгілеуге, көп­балалы аналарға жәрдемақы та­ға­йын­дауға, қайтыс болғандарды тір­кеу­ге байланыс-
ты мемлекеттік қыз­мет­­­тер проактивті тәсілмен, яғни те­ле­фонның SMS-хабарламасы арқы­лы ­рә­сімделетін болады. Сондай-ақ мем­лекеттік кепілдіктерді төлеу, жылжы­майтын мүліктің сипаттамасын өз­герту, атқарушылық іс жүргізуді қоз­ғау жұмыстары және білім беру са­ла­сындағы қызметтер кешені де про­активті нұсқада ұсынылады.

Сонымен қатар мемлекеттік корпорация басшысы мемлекеттік қыз­мет көрсету саласындағы өзек­ті мәселелерге де тоқталды. «Елі­міз­де жаппай цифрландыру үрдісі жү­­ріп жатқанына қарамастан, мем­қыз­меттердің 51 пайызы әлі күнге дейін қағаз жүзінде ұсынылады, оның үстіне қазақстандықтар қызметтерді электронды нұсқада алуға айтарлықтай ынта білдірмей отыр. Сондай-ақ бір қызметті алу үшін басқа бір қызметке жүгіну қажет және азаматтар 311 қызмет бойынша біздің фронт-офистерге бірнеше рет келуге мәжбүр. Бұл орайда қашықтан қызмет көрсету процесі бойынша әлі де қарапайым және қауіпсіз механизмнің жоқ екендігін айту керек»,  деп ой түйді Абылайхан Оспанов.

Соңғы жаңалықтар