Өткен жылдың күзінде Ақтөбе қаласында қазақ күй өнерінің теңдесі жоқ тұлғасы, өнер зерттеушісі, қазақтың Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрін өз қолымен құрған Ахмет Жұбанов пен классикалық музыка жанрында талай тамаша туындылар туғызған көрнекті композитор Ғазиза Жұбанованың шығармашылық жолдарын дәріптейтін тамаша орталық ашылған еді. Содан бері жаңадан құрылған мәдениет пен өнер шаңырағы өңірде шығармашылық әлеуеттің толыса түсуіне ұйытқы болып келеді. Мұнда «бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей жас дарындардың талантын ұштауда біраз іс-шаралар белгіленген.
Біз таяуда осы орталықта тағы бір игілікті істің жүзеге асқанына куә болдық. Яғни мұнда «Жұбановтар әлемі» мәдениет орталығы мен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі арасында шығармашылық және гастрольдік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі келісімге қол қойылды. Аталған өнер мен мәдениет ұжымдарының басшылары Лаура Майтекова мен Нұрғиса Дәуешевтің айтуынша, екіжақты мәдени және рухани байланыстар кәсіби шеберлікті шыңдауға және шығармашылық тәжірибені толықтыра түсуге негіз қалайды.
Еліміздің мәдениет пен музыкалық бағыттағы мұралары мейлінше бай. Бүгінгі кезде «Жұбановтар әлемі» орталығы назар аударып отырған басты мәселелердің бірі де оның жауһар үлгілерін дәріптеу болып табылады. Осындай өміршең әрі кең көзқарас тұрғысынан қарастырғанда бұл жаңа мәдени құрылымның қызметі тек бір ғана Ахмет пен Ғазиза Жұбановтардың шығармашылық мұрасын зерттеумен және насихаттаумен шектеліп қалмайтынын айқын аңғара аламыз.
Ал екінші бір ой таразысынан салмақтасақ, республикамыздағы оркестрлер мен дирижерлер, ансамбльдер мен жеке орындаушылар өздерімен өзі, томаға-тұйық күйінде қалып қоймауы тиіс. Әйтпесе мұндай жағдайда өнер мен мәдениеттің өрісі тарылмай тұра алмайды. Керісінше ортақ рухани жобалар мен аймақтық орындаушылық мектептердің бірлескен концерттері бұған дейін қалыптасқан қасаң қағидаларды ығыстырып шығара алады. Мұндайда ынтымақтастық арналарының мейлінше кең болуының маңызы жоғары. Ең бастысы, өзара тәжірибе алмасу тәртібін тереңдету, өнер ұжымдарының бір-бірінен үйренуі, әрі бірін-бірі байыта түсуі мен толықтыруы алдыңғы кезекке шығуының тигізер пайдасы мол. Әрі мұндай шығармашылық байланыстар мен қарым-қатынастар республикамызда филармониялар бірлестігінің шынайы шығармашылық базасын құруға мүмкіндік береді.
Мәселенің мұндай мәнісінен келгенде де «Жұбановтар әлемі» мәдениет орталығы мен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің арасында жасалған келісім екі тарапқа да пайдалы әсер коэффициентін тигізе алары анық. Биылғы шілде айының алғашқы он күндігінде осы келісімге сәйкес алғашқы қадамдар жасалды да. Оның басты дәлелі Нұрғиса Дәуешев бастаған Құрманғазы оркестрі мүшелері «Жұбановтар әлемі» мәдениет орталығының директоры Лаура Майтекованың шақыруына сәйкес Алматыдан арнайы келіп, аталған орталықтың залында үш күн қатарынан концерт қойып, күй мен ән өнерін пір тұтқан ақтөбеліктердің көңілдерін бір серпілтіп тастағаны. Келешекте екі арадағы келісімге сәйкес тараптар жоғарыда айтылған мақсаттар мен міндеттер аясында өзге де бірлескен іс-шараларды жүргізіп, оны мазмұн жағынан да, түр жағынан да одан әрі толықтыра түсуді ұйғарып отыр.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ