Футбол • 16 Шілде, 2018

Жаһан жаңалықтары. Роналдудың жейдесі минут сайын сатылып жатыр

403 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Италияның «Ювентус» командасы Португалия мен Испанияның «Реал» клубының шабуылшысы Криштиану Роналдуды 112 миллион еуроға сатып алды.

Жаһан жаңалықтары. Роналдудың жейдесі минут сайын сатылып жатыр

Роналду Турин командасымен төрт жылдық келісімшартқа қол қойып, жылына 30 миллион еуро жалақы алуға келіскен. Сондай-ақ TuttoJuve сайтының мәліметінше, Роналдудың жейдесіне сұраныстың көп болғаны соншалықты, клуб дүкені алдында ұзын-сонар кезекке тұрып, сатушылар үзіліссіз қызмет көрсетуге мәжбүр болған. Нәтижесінде минут сайын Криштианудың бір жейдесі сатылып жатыр. 
 

Жекпе-жек ұйымдастыруға 10 күн берді

Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) орта салмақтағы әлем чемпио­ны британиялық Билли Джо Сондерске (26-0, 12 КО) әлемнің экс-чемпионы америкалық Деметриус Андрадемен (25-0, 16 КО) жекпе-жек өткізіп, WBO белдігін қорғауды міндеттеді.
BoxingScene басылымының жазуынша, Бүкіләлемдік бокс ұйымы екі боксшының промоутерлеріне жекпе-жекті ұйымдастыру үшін 10 тәулік уақыт берген. Егер екі тарап ортақ мәмілеге келе алмаса, WBO кездесуді өте аз сомада ұйымдастыратын промоутерге береді.
Сондерс 2017 жылдың желтоқсан айында канадалық Давид Лемьені жеңген соң әлі бірде-бір кездесу өткізген жоқ. Негізі, сәуір айында Билли отандасы Мартин Мюрреймен жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Алайда бұл кездесу Сондерстің жарақатына байланысты екі рет өтпей қалды

EA Sports символикалық құрамды жариялады
EA Sports Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатының ең үздік футболшыларының есімін анықтады. Тізім төмендегідей екі құрамға бөлінген.
 

Негізгі құрам: Каспер Шмейхель (Дания), Андреас Гранквист (Швеция), Йерри Мина (Колумбия), Киран Триппьер, Харри Кейн (екеуі де – Англия), Лука Модрич (Хорватия), Иско (Испания), Филиппе Коутинью (Бразилия), Н’Голо Канте (Франция), Эден Азар, Ромелу Лукаку (екеуі де – Бельгия).

Қосалқы құрам: Гильермо Очоа (Мексика), Уго Льорис (Франция), Марио Фернандес (Ресей), Рафаэль Варан (Франция), Харри Магуайр (Англия), Денис Черышев (Ресей), Кевин де Брюйне (Бельгия), Иван Ракитич (Хорватия), Ирвинг Лосано (Мексика), Такаси Инуи (Жапония), Артем Дзюба (Ресей), Килиан Мбаппе (Франция), Эдинсон Кавани (Уругвай), Марио Манджукич (Хорватия).

Дайындаған

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»