Аймақтар • 16 Шілде, 2018

Хантәңірі шыңына медиа экспедиция аттанды

1385 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысы Нарынқол ауданының аумағына аяқ басқан адамның назарын алыстан мұнартқан ақбас шыңды тау сілемі еріксіз өзіне тартар еді. Қазақ танымында Тәңіртау атауына ие болған әлемдегі ең биік шыңның бірі –Хантәңірі осы. 

Хантәңірі шыңына медиа экспедиция аттанды

Теңіз деңгейінен 7010 метр биіктікте тұрған шың еліміздің оңтүстік-шығыс шекарасындағы берік босаға ғана емес, жаһанның қызу қанды туристерін қызықтырған әйгілі туристік нысан ретінде де танымал. Орталық Тянь-Шань тау жотасының шығысы бөлігіндегі аспанмен тілдескен осы мұзарттың ең биік нүктесіне жету адамзаттың аузымен құс тістеген алпинистерінің арманы болудан айныған емес. Жарағын сайлаған жаужүрек жандардың тобы жыл сайын Хантәңірін бағындыруға келіп-кетіп жатады. Бұл туралы шытырман оқиғалы шығарма немесе көркем кино түсіруге болар...

Күні кеше Хантәңірі биігінен Қазақстан туын желбіретуге бел буған тағы бір экспедиция жолға шықты. Алматы облысында жүзеге асып жатқан «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасының шеңберінде жасақталған топтың құрамында белгілі актер, туристік экскурсиялар ұйымдастырумен аты шыққан «Сampit» компаниясының өкілі Әнуар Нұрпейісов, оператор Александр Кузнецов, театр және кино әртісі, «Альпиниада» тау клубына қатысушы Айсұлу Әзімбаева және жобаны жүзеге асыруға жауапты «Жетісу географиялық қауымдастығының» төрағасы Әнуар Демегенов бар. 
- Алматы облысының туристік әлеуеті зор. Жетісу - тамаша флора және фаунасымен қызықтыратын өңірлердің бірі. Бізде шөл, таулар мен өзендер көп. «Жетісу географиялық қауымдастығы» өз қызметі шеңберінде жобалар мен экспедицияларға қатысу үшін энтузиастар мен зерттеушілерді тартады. Қоғамның алғашқы жобасы 20 мың метр биіктіктегі Жетісу шыңдарын бағындыру болып отыр, – дейді бұл жайында Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев.

Демек, бұл экспедицияның жөні бөлек болып тұр. Төртеу түгелденген топ тау басына қызық үшін өрмелеп бармайды. Атау-сойы «медиа-экспедиция» деп айшықталған жобаның мақсаты Жетісу өңірідегі туризмнің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, дүниежүзіне Қазақстанның тұмса табиғаты туралы дәйекті деректер ұсыну болып отыр. Сегізінші тамызға дейін жалғасатын туристік тур аясында әуесқой альпинистер Хантәңірінің ең биік шыңына көтерілуді жоспарлапты. 

Жалпы, «Жетісу географиялық қауымдастығы» ұйымы отандық туризм мен еліміздің киелі жерлерінің картасы бойынша танымдық турлар ұйымдастаруға бел шеше кірісіп отыр. Бұйырса, Хантәңіріне аттанған медиа-экспедиция тобынан бөлек, әйгілі Шыңғысханның қолбасшысы болған Мұқали ноянның ізімін халықаралық экспедиция жолға шықпақшы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көне тарих көшімен жүріп өтетін сапардың негізгі бөлігі Қытай елінің аумағында өтпек.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше