Аймақтар • 16 Шілде, 2018

Оқушылар Курчатов қаласындағы қасиетті жерлерді аралады

532 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» жобасы бойынша ҚР Ұлттық Ядролық орталығы мен Ядролық технологиялар паркі бірлесіп «Курчатов қаласындағы технологиялық қасиетті орындар» атты бағдарлама қабылдаған еді. Аталмыш бағдарлама облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен биыл жаз айында тұңғыш рет жүзеге аса бастады. Осыған орай алыстан ат арылтып келген қонақтар ең алдымен Семей ядролық сынақ полигонының деректерінен хабар беретін музейді аралады.

Оқушылар Курчатов қаласындағы қасиетті жерлерді аралады

– Музейде КСРО кезінде ядролық жарылыстар орын алған, сынақтар жүрген «Дегелең», «Балапан», «Опытное поле» сияқты алаңдардан  көріністер толық қамтылған,-деді Курчатов қаласының әкімі Алмас Оңдақанов,-музей қорында 100-ден астам түрлі естеліктер, экспонаттар, карталар, фото және бейне материалдар бар. Сынақ алаңдарынан тікелей әкелінген деректі заттардың барлығы да осында.

«Ұлттық қасіреттен-ұлттық мақтанышқа дейін» деп аталатын экспозиция залында Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен құрылған Ұлттық Ядролық орталықтың тарихы кеңінен қамтылыпты. Токамак КТМ, КИР «Байкал-1», пилотсыз басқарудағы жабдық, қазіргі таңдағы заманауи өлшеуіш-есептегіш және кәсіпорынның марапаттары мен наградаларын да осы музейден тамашалауға болады. 

Семейден арнайы келген қонақтар «Ядролық технологиялар паркі» АҚ-ындағы «ЭЛВ-4» аумағына да барды. «ЭЛВ-4» дегеніміз бұл түрлі материалдарды арнайы жабдықта радиациялық тексеруден, бағамдаудан өткізу және мөлшерін анықтау құрылғысы. Қазіргі уақытта аталмыш электронды қондырғыда полимерлер бұйымдарды тігу, медициналық бұйымдарды зарарсыздандыру, резеңкелерді қыздырып өңдеу жұмыстары жүреді. 

Курчатов қаласының әкімі Алмас Оңдақановтың айтуынша, киелі жерлерді аралауға келген қауым ғалым И.В.Курчатовтың ескерткішіне барып, ғалым қызмет еткен жұмыс кабинетімен танысып қайтты. Осының өзі тарихтан үлкен ақпарат береді, деді ол. Ал Семей ядролық сынақ полигоны мен Курчатов қаласының тарихы туралы керемет фильмді келген қауым қаладағы Мәдениет үйінен тамашалады.

Бағдарлама соңында ересектермен бірге келген Семей қаласының оқушылары «Әлем балалары атом бомбасына қарсы!» атты интерактивті ойынға қатысты. Ойын барысында олар бейбіт атом саласын зерттеудегі әлем ғалымдарының жұмыстарымен танысты. Тамыз айының соңына дейін Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандарынан әртүрлі жастағы балалар Семей мен Курчатов қалаларына осы жобаға орай арнайы келіп қайтпақшы.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

Сурет автордікі

Курчатов - Семей

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше