Әлем • 17 Шілде, 2018

Жас әнші Ернар Садырбаев Витебскіде өткен халықаралық байқауда бірінші орын алды

942 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл сайын Витебск қала­сында өтетін бұл өнер бәйгесі жас таланттарды жарқырата көр­сететін тамаша мүмкіндік болып есептеледі. Биыл да шар­та­раптан үздік 21 әнші қаты­сып, өз бақтарын сынады. 

Жас әнші Ернар Садырбаев Витебскіде өткен халықаралық байқауда бірінші орын алды

Ши­рек финалдан соң, үздік 15-і ірік­теліп, келесі кезеңге өтті. 23 жастағы Ернар Садырбаев әуелі Нұрғиса Тілендиевтің «Құс­тар әнін» шырқап, екінші күні оркестрдің сүйемелдеуімен Раймонд Паулстің «Подбери музыку» және Рокопера Мо­царттың «Я сплю на розах» атты шығармаларын орындаған. Фестивальда Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева мен Димаш Құдайберген төрелік етті. Еске салсақ, Димаш Құдайберген 2015 жылы Витебскіде өткен «Славян базары» халықаралық ән фестивалінде бас жүлдені иеленген болатын. 

Жиырма жетінші рет өткі­зілген халықаралық өнер фести­валінің Гран-при жүлдесі Румы­нияның әншісі Марчел Рош­каға бұйырды. Рошка мен Ер­нар Садырбаевтың ұпайлары бірдей болған (156 балл). Алай­да, қазылар алқасының төр­ағасы Александр Морозовтың ше­шімімен бас жүлде румы­ниялыққа берілді. 

Екінші орынды Украина, үшінші орынды Поль­ша мен Беларусь елдерінің әншілері алған. Бұл – Ернар Садырбаевтың халықаралық дәрежедегі үшінші ірі жеңісі. Бұған дейін Прага қаласында өткен екі бірдей халық­аралық ән байқауынан Гран-При жүлдесін ұтып алған.

1995 жылдан бастап Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенконың жеке қолдауымен өтетін фестиваль халықтар арасындағы мәдени диалогтың қалыптасуына ықпал ететін мәдени шара болып есес­теледі. Фестиваль күндері Бела­русь, Ресей, Украина елдерінің өнер иелерінің гала-концерті, «Шекарасыз фестиваль», «Те­атр кездесулері», «Жұл­дыз­ды сәт» бағдарламалары өткізіледі. Биылғы «Шекарасыз фестиваль» Қазақстанның өнер шеберлеріне арналған болатын. Сонымен қатар, Беларусь президенті Александр Лукашенко «Славян базары» фестивалінің салтанатты ашылу рәсімінде әнші Роза Рымбаеваға «Өнер арқы­лы – бейбітшілік пен өзара түсі­ністікке» арнайы марапатын табыс етті, Әнші бұл марапаттың беріліуі оның шығармашылығын мойындау деп қана емес, Қазақ­станның өнеріне құрмет көрсету екендігін атап өтті. «Беларусь пен Қазақстанның қарым-қатынасы әрдайым жылы болған. Біз оны жылдар бойы сақтап қалдық», деді Роза Рымбаева. 

Ал Витебскіге қазылар ал­қа­сының мүшесі ретінде ке­ліп, фестиваль аясында ән шыр­қаған Димаш Азия-Тынық мұ­хит аймағының ең танымал әртіс­терінің тізімінде тағы көш бастап тұр.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»