Жаңа туристік бағыттарды қалыптастырып, табиғи, тарихи, киелі мекендерді зерттеу мен ішкі туризм мен инфрақұрылымды дамытуды көздеген экспедиция 2018 жылғы 18 шілде мен 29 қыркүйек аралығында 6 бағыт бойынша 6 туристік кластерді қамти отырып, маңызды табиғи нысандарға бару арқылы өткізіледі. Бағыттар: «Тянь-Шань маржаны» – Алматы облысы; «Алтай – өркениет бесігі» – Шығыс Қазақстан облысы; «Жоңғар Алатауы» – Алматы облысы; «Сарыарқа» – Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстары; «Теңізден теңізге дейін» – Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары; «Жаңа Жібек жолы» – Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары.
«Біз қазақстандықтардың туған жерімізді, ата-бабамыздың мұрасын тануға қызығушылығы артып келе жатқанын байқап жүрміз. Еліміздің табиғаты ерекше – мұнда тау да, жазық та, көл де, өзен де бар. Сондықтан біз Алтайдан Жібек жолына дейінгі аралықты қамтитын экспедицияны ұйымдастырып отырмыз. Кәсіби мамандардан құралған топ еліміздің ең тартымды жерлерін аралап, олар туралы қазақстандық және шетелдік туристерге баяндайтын болады. Сонымен қатар сол жерлердегі туризмді әрі қарай дамыту үшін қажетті инфрақұрылымдық шешімдерді табуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаев.
Экспедицияға 140-қа жуық адам қатысады. Олардың қатарына кәсіби гидтер мен тәжірибелі саяхатшылар, журналистер, тревел-блогерлер, сондай-ақ депутаттар мен медиа тұлғалар кіреді. «Жаңа Жібек жолы» бағыты бойынша National Geographic Ресей тобы да қатысады. «Экспедиция осы сәрсенбіде басталады, әркімнің осы жолдан дәмесі барына сенімдімін. Басты міндет – алдымызда 6 аймақты туристерге жаңа қырынан таныстыру. Біз жаңа әсерге бөленіп, жаңалықтарды ашу үшін шетелге шығудың қажеті жоқ екенін көрсеткіміз келеді, себебі еліміздің тарихына қатысты ең маңызды да қызықты жерлердің барлығы өз елімізде орналасқан», – дейді Kazakh TV телеарнасының директоры Сандуғаш Рахымжанова.
Экспедиция нәтижесінде еліміздің табиғи нысандары туралы жаңа туристік бағыттар, сапалы фото және видеобанктер құрылады, олардың қазіргі күйі туралы өзекті ақпарат алынады.
Сонымен қатар экспедиция барысында қамтылған табиғи нысандар бойынша иллюстрацияланған жолнұсқа жасалатын болады. Экспедиция барысы БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде кеңінен көрсетіледі. Экспедиция құрамына туристік нысандарға бару нәтижесі бойынша арнайы телевизиялық бағдарлама жасауды жоспарлап отырған «Kazakh TV» телеарнасының түсірілім тобы кірді. Кейбір бағыттарына «Хабар-24» арнасындағы «Жерұйық» бағдарламасының түсірілім тобы қосылатын болады. Экспедицияның ресми медиа-серіктесі – «Хабар» агенттігі.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»