«Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаевтың мәлімдеуінше, байқауға қатысушылар үш күн ішінде инновациялар, урбандалу және «жасыл» технологиялар бағыттары бойынша жобалар ұсынған. Оның ішінде «Ақылды аудан» тақырыбы бойынша жеңімпаз атанған топ өз жобаларын іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік алып отыр.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені «Sredalab» командасы иеленді. Олар қысқа жылыжайлар құрудың маңыздылығына тоқталса, жүлделі бірінші орынға ие болған «Nurcelona» тобы көлік тұрақтарына арналған AirBnB ұқсас жүйені құру арқылы көзге түсті. Екінші орынды – «RainTech» командасы алды. Олар қалалық дренаждық жүйені құруды ұсынып отыр. Мүмкіндіктері шектеулі жандарға арнайы IT мектеп ашуды ұсынған «IT технологиялар мектебі» тобы үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар қала әкімінің арнайы жүлдесімен «King Win» тобы марапатталды. Байқаудың жалпы жүлде қоры 3 300 000 теңгені құрады. Айта кетерлігі, қатысушылардың жұмыстарын шетелдік сарапшылар мен инвесторлар және мемлекеттік қызметкерлер бағалады. Аталған байқау халықаралық сәулетшілер конгресі аясында өтіп отыр.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»