![171211-20](http://old.egemen.kz/2011img/171211-20.jpg)
Тәуелсіздіктің атар таңы да, батар күні де оны санаумен бағалы емес. Сол күндерде нендей ғанибет іс істедің, халыққа қайырым болар қандай жұмыс орындадың, еліңе күн сәулесі аямай төгілердей бітірген шаруаң қайсы – 20 жылдың бағасын осылар бермек. Экономика, саясат, мәдениет тақырыптары басын қар басқан бір-бір шың болғанда ел намысын жоқтайтын да, қорғайтын да Спорт өнері осынау Тәуелсіздік жылдарының тынысын айқын сездіретін дүрс-дүрс соққан жүрегі болғаны жасырын емес. Олай болса, жиырмаға толған Тәуелсіз елдің талшыбықтай солқылдаған спорт өнері жайлы және сол өнердің маңдайынан сипап, арқасынан қағып, қолтығынан демеген қабырғалы қайраткер жайлы болмақ бүгінгі әңгіме. Ол жан – Тәуелсіз қазақ елінің Тұңғыш Президенті, Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!
Көзі қарақты жанға белгілі, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұрынғы Кеңес Одағы кезінде салынып,
![171211-21](http://old.egemen.kz/2011img/171211-21.jpg)
пайдаланып келген инфрақұрылымдар қысқа мерзімде не тозып, не қолды болып, спортымыздың дамуына пайдасын тигізе алмай қалды. Ал, экономикалық ахуалдың күрделілігінен көптеген спорт нысандары жекешелендіріліп, әсіресе бұқаралық спорттың дамуында қиын да күрделі кезең орнады. Бірақ Елбасы елдік істердің бірі ретінде Қазақстан халқының болашағына тікелей тұтқа болатын бұл саланы назардан тыс қалдырған жоқ. Тәуелсіздіктің үшінші жылы табалдырықтан аттаған сәтте-ақ Елбасының нұсқауымен Қазақстан Үкіметі «Қазақстан Республикасының «Қайрат» ауыл дене шынықтыру-спорт қоғамының жұмысын жетілдіру туралы» №556 қаулысын қабылдады. Бұл дәл сол күннің еншісі болудан гөрі ел спорты стратегиясының көрінісі болған қаулы еді. Ал, 1995 жылы Елбасының «Қазақстан Республикасында бұқаралық спортты дамыту жөніндегі шұғыл шаралар туралы» Жарлығы шықты. Кеңес Одағы тараған кезде шашылып кеткен ел спорты енді-енді етек-жеңін жинап, болашақ алынар асуларға маңдай бұрып, әлемдік қауымдастық көшінде сенімді қадам жасай бастаған еді. Ұзамай Елбасының Жарлығымен «Қазақстан Республикасында бұқаралық спортты дамытудың 1996-2000 жылдарға арналған мемлекеттік Бағдарламасы» қабылданды. Стратегиялық дейтініміз сол, жас мемлекет ең әуелі қай істің де тамырын тереңдететін шараны қолға алуы, соны басым сала етуі қажет болатын. Спорт саласындағы Тәуелсіз елдің тұңғыш ресми қаулылары мен жарлықтары ел денсаулығына деген қамқорлық – бұқаралық спортты жолға қоюға арналып жатса, одан асқан ойлы қадамды таңдау да, табу да мүмкін емес болатын.
Мұның бәрі құрғақ сөз, жансыз санамалаулар емес. Жоғарыдағы қаулылар мен жарлықтардың аясында, сонымен қатар, тікелей іс барысында жасалған қамқорлық нәтижесінде, кеше ғана шаңырақ көтерген жап-жас Қазақ елі өзі дербес мемлекет ретінде қатысқан екі жазғы Олимпиялық ойындарда 200-ге тарта мемлекет арасынан біріншісінде 24, ал келесісінде 22-ші (!) орын алып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Міне, осындай толағай табыстар толқынында тұрған сәттің өзінде Елбасы елінің спортының ертеңіне алаңдап, 2001 жылы өзінің №570 Жарлығымен «Қазақстан Республикасында дене шынықтыруды және спортты дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» қабылдады. Бұл мемлекеттік бағдарламаның ел спортын өркендетуге жасаған ықпалы орасан: ең әуелі, бағдарламаны іске асыру барысында спортпен шұғылданушылар саны қауырт өсті, спорт нысандары көптеп салынды, бұрынғы барлары күрделі жөндеуден өткізілді, жаңа заман талабына сай көптеген спорт мектептері ашылды. Кешелері ғана жаппай жабылған спорт мектептерінің саны елімізде 400-ге таяды. Спорттағы дарынды ұл-қыздарға арналып 15-ке таяу облыстық мектеп-интернаттар ашылды. Солардың алтын алқадай үлгісі − Алматы қаласындағы «Шаңырақ» ықшам ауданындағы республикалық мектеп-интернаты.
![171211-19](http://old.egemen.kz/2011img/171211-19.jpg)
Тәуелсіздігін жаңадан алып, еркін ел болудың әліппесін жаңа оқып жатқан Қазақстан үшін дүниенің бәрі спортқа келіп тіреліп қалған жоқ. Жас ел, жаңа қадам – дербес мемлекет ретінде өз шекарасын белгілеп алудан бастап, көрші мемлекеттермен, қала берді алыстағы алпауыт елдермен достық қатынас орнатудың қиындығының өзі қия жартасқа өрмелеуден бір кем емес еді. Ел ішіндегі тұрмыс ахуалы, ұлт пен ұлтты, ұлыс пен ұлысты тұтастыру тағы бар. Кеңес Одағының аузынан от шашқан кезінде атом бомбасы жинақталған әлемдегі төртінші территория екеніміз ше? Елбасы осы шаруаның бәрін асқан көрегендікпен бірінен соң бірін тындырып отырды. Солармен бірге спорт саласын да назардан тыс қалдырған жоқ. Аса күрделі кезеңде қабылданған спортты дамытудың 1996-2000 және 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруды қатаң бақылауға алды. Ал, бұл бағдарламалардың орындалуы елімізде дене шынықтыру мен спорттың дамуына ерекше әсер етті. Айтулы кезеңдердегі Қазақстан спорты әлемдік көштегі ғаламат жетістіктерімен де тарихқа алтын әріптермен жазылды. Олимпиада тұғырына В.Смирнов, Е.Ибраимов, В.Жиров, Б.Жұмаділов, А.Парыгин, М.Мамыров, Б.Саттарханов, О.Шишигина, М.Ділдәбеков, Ю.Мельниченко, Б.Артаев, И.Герлиц, И.Байрамуков және өзгелердің қазақ елінің атынан шығуы шын мәніндегі ел атын төрткүл дүниеге жариялаудың ерен үлгісі болды. Осының бәрінің бастауында ел спортына ерекше мән беріп, қамқор болған Елбасының ұлы еңбегі жатыр.
Қол жеткен жетістікті ешкімнің алып қоймайтыны белгілі. Өмір тынымсыз алға жылжуда. Яғни одан қалып қоймау үшін кезең сайын жаңа шаралар белгілеп отыру − үздіксіз даму заңы. Жоғарыдағы екі бағдарлама өз міндетін атқарды-ау деген 2006 жылдары Елбасының Жарлығымен «Қазақстанда дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл бағдарламаның өз ерекшелігі болды. Осыған дейін азат ел ретінде әлемдік жарыстарға, осы саладағы бай тәжірибелерді ортаға салған жиын-кеңестерге қатысу арқылы Қазақстан спорты өз алдына аясы бұрынғыдан да кең мақсат қоюы қажет еді. Ол – ел спортын әлемдік үрдістен кем емес дәрежеде дамыту. Яғни, халықаралық стандарттарға сай инфрақұрылым орнату, әлемдік талаптарға жауап беретін кешенді спорт құрылыстарын салу, халықаралық нормативтік-құқықтық талаптардан ауытқымау, спортты дамытудың ғылыми жетістігіне сүйену, әрине, елімізде спорттың көмегімен саламатты өмір салтын орнықтыру арқылы халық денсаулығын нығайту, бір сөзбен, елімізде жан-жақты, төрт құбыласы тең мемлекет құру идеясы басым бағыт алды.
![171211-17](http://old.egemen.kz/2011img/171211-17.jpg)
Жоғарыдағы бағдарламадан кейін елімізде спортпен шұғылданушылар саны ерекше жоғарылады, салалық спартакиадалар, мемлекеттік кешенді жарыстар, оқушылар, студенттер, еңбекшілер арасындағы бұқаралық жарыстар көбейді. Сонымен қатар, елімізде Қысқы Азия ойындарын өткізуге шешім қабылданып, Қазақстанның спорт саласында тарихи сахнаға шығар сәті жақындады. Жасыратын түк жоқ, елімізде Қысқы Азия ойындарын өткізуге шешім қабылданып қойған кезеңде әлемдік қаржы дағдарысы бұрқ ете қалды да, көп елге «байтал түгіл бас қайғы» кезеңі келіп жетті. Қазақстан экономикасы үшін де аса ауыр жылдар басталды. Қысқы Азия ойындарын өткізу қыл ұшында тұрды. Сол кезде Елбасымыз Елбасыға ғана тән мінез бен шешімділік танытып, Азия ойындарын өткізу мәселесін күн тәртібінен алған жоқ. Еліміздің Премьер-Министрі де, спорт министрі де Елбасының бұл батыл мінезін бүгінге дейін ризашылықпен қайталап айтудан жалыққан емес. Ал, VII Қысқы Азия ойындарының Алматы мен Астана қалаларында жарқырап өткені бәріміздің көз алдымызда.
Сол Ойындарға бару жолы оңай болған жоқ. Бұған дейінгі Қазақстандағы бар спорт құрылыстарында тек Азиядағы ең алпауыт Жапония, Корея, Қытай ғана өткізе алған Азия ойындарын ойната алмас едік. Ол үшін ерекше инфрақұрылым мен кереметтей кешенді спорт құрылыстары қажет еді. Олар қолға алынған да болатын. Бірақ әлемдік қаржы дағдарысы қолды мықтап байлаған да тұс осы еді... Тағы да бәрі Елбасының шешімділігіне тірелді. Нұрсұлтан Әбішұлы бастап қойған спорт құрылыстарын аяқтауға еш толқусыз нұсқау берді және осынау өлшеусіз қиын экономикалық кезеңде қаржы көзін аша білді. Нәтижесінде, «Астана-Арена» жабық футбол стадионы, Астанадағы «Алау» мұз айдыны, «Сарыарқа» республикалық велотрегі, «Барыс» спорт кешені салынып, «Қазақстан» спорт сарайы күрделі жөндеуден өтті. Алматыда халықаралық шаңғы трамплиндер кешені, «Алатау» шаңғы және биатлон стадионы, «Табаған» спорттық-сауықтыру кешені салынып, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, биік таудағы «Медеу» спорт кешені, «Шымбұлақ» сауықтыру спорт кешені жаңаша бой көтеріп, өздерінің екінші тарихын бастады. Бұл аталған спорт құрылыстары тек қысқы Азиядаға арналып салынды деген жан қатты қателеседі. Бұл алтын алқадай спорт құрылыстары Қазақстан секілді жас мемлекеттің ертеңіне қызмет етпек. Міне, «Астана-Аренамызда» ірі-ірі халықаралық футбол ойындары өтуде, «Сарыарқада» кеше ғана велотректен әлем Кубогының жарыстары өтті, «Алауда» әлемдік коньки бәйгесі болды, Алматыдағы шаңғы тұғырын бүкіл әлемнің ең үздік қанатты шаңғышылары байқап та көрді. Балуан Шолақ сарайы да, Медеу де, Шымбұлақ та әлемдік жарыстардан бір сәт босаған емес. Олай болса, Елбасының сол шешімді қадамдары мен қамқор алақанының арқасында жас Қазақ мемлекетіне әлем спорты көшіп келгендей болған жоқ па? Ал, бұл – үлгі, бұл – тәжірибе, бұл – тәрбие мектебі. Бүгінде Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атағалы отырған Қазақстанда 17 жоғары спорт шеберлерін шыңдау мектебі (оның 3-і республикалық), 25 Олимпиадалық ізбасарлар даярлау орталығы (оның 8-і республикалық), 15 республика спортындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар жұмыс жасайды. Бұл – бүгінгі күннің үлесі. Ертеңнің бағдарламасы мұнан да мол.
![171211-16](http://old.egemen.kz/2011img/171211-16.jpg)
Спорт өнерінің басты нысанасы – халық. Бұқаралық спортты мемлекеттік дәрежеде дамыту мақсаты Қазақстан халқының денсаулығын ойлаудан, ел ішінде саламатты өмір салтын орнықтырудан туып отырғаны айқын. Елбасының біз сөз еткен жарлықтарының түп негізінде де осындай мемлекеттік қамқорлықтар жатыр. Бұған дәлел – Елбасы өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауларында халық денсаулығы, дене шынықтыру мен спорт, саламатты өмір салтына соқпай кеткен емес. Елбасы тапсырмасымен орындалған «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Үкіметі ел ішінде спорттың материалдық-техникалық базасының күшеюіне көп еңбек етті және қыруар қаржы жұмсады. Бұл істің шыңы болатын құжат Қазақстан Республикасы Президентінің халықты сауықтыру мақсатымен 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы. Бұл қоғамның көп саласын қамтитын үлкен құжатта дене шынықтыру мен спортқа жеткілікті маңыз берілген. Ел ертеңінің жол картасындай бұл бағдарламының сәулесі молынан түсетін күндер де келіп жетті, міне.
Қарап отырсаңыздар, табалдырықтан аттағалы отырған Тәуелсіздіктің 20 жылында Елбасы дене шынықтыру мен спортты бір сәт те назардан тыс қалдырмаған! Ал, мұндай қамқорлыққа республика спортшылары да лайықты жауабын беруде. Сонау 1992 жылы Тәуелсіздігін жаңа алған Қазақ елі Барселона жазғы Олимпиадасы мен Альбервилдегі қысқы Олимпиадаға тараған Одақтың ортақ командасы құрамында қатысты. Нәтижесі – 5 медаль. Ал, 1994 жылы Лиллехамерде өткен қысқы Олимпиялық ойындарға тәуелсіз ел ретінде қатысқан Қазақстан бұл олимпиададан 3 медаль әкелді. Сонымен қатар, 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен XXVI жазғы Олимпиялық ойындарға да Қазақстан жазғы Олимпиадалар тарихында тұңғыш рет тәуелсіз ел ретінде өз ұлттық құрама командасымен қатысты. Және де жер жүзін өздеріне жалт қаратты: Атланта Олимпиадасынан біз 3 алтын, 4 күміс, 4 қола жүлде жеңіп алып, 200-ге тарта мемлекет арасынан 24 орынға ие болдық! 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен қысқы Олимпиададан біз тағы 2 қола жүлдемен оралдық. Қазақстан спортының жұлдызды шағы екі ғасырдың іргесінде Сиднейде өткен XXVII жазғы Олимпиялық ойындарға тұспа-тұс келді. Алыстағы жасыл құрлықтан біз тағы да 3 алтын, 4 күміс медаль жеңіп алып, енді 22 сатыға шықтық! Бұл Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен Елбасы қамқор болып келген қазақ спортының тарихқа алтын әріптермен жазылған табысы болатын. Мұнан соң Солт-Лейк Сити және Турин қысқы Олимпиадаларына қатыстық. Афина (1 алтын, 4 күміс, 3 қола) және Бейжің ( 2 алтын, 4 күміс, 7 қола) жазғы Олимпиадаларынан табысты оралдық. Жалпы, Тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақстан спортшылары тек қана Олимпиялық ойындардың 11 алтын, 22 күміс, 17 қола жүлдесін жеңіп алған екен. Қазақ елінің көгілдір туы мен әнұраны әлем қалаларының төрінде осынша рет көтеріліп, осынша рет салтанатпен шырқалды деген сөз бұл! Тіпті кеше ғана Сингапурде өткен I жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстанның ертеңі болар жас спортшыларымыз елімізге 2 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлдемен оралды. Бұл – Елбасы қамқорлығына жастар жауабы!
![171211-18](http://old.egemen.kz/2011img/171211-18.jpg)
Қазақ елі жаңа белестің алдында тұр. Ол – Тәуелсіздіктің жиырма жылында жеткен жетістігімізді алдағы кезеңде еселей түсу. Ол үшін де Елбасы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қамқорлығымен үлкен-үлкен алғышарттар жасалуда. Биыл тарихымызда тұңғыш рет Қазақстанның спорттық форумы өтті. Бұл бүкілхалықтық шарада алыс-жақын шетелдерден азуын айға білеген мамандар жиналып, Қазақстан спортының құдіреті мен кемшін тұстарын ортаға салып, болашақ жоспардың жолын нұсқады. Осы форум аясында ұзақ жылдар Қазақстан спортының алтын бесігі болған «Қайрат» ерікті спорт қоғамын жаңғыртып, ҚР Туризм және спорт министрлігі мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірлесіп қабылдаған Меморандумдарының негізінде «Ел Қайраты» «Республикалық ауылдық дене шынықтыру және спорт қоғамы» Қоғамдық бірлестігі құрылды. Алдағы кезеңде қос министрлік, қала берді Қазақстан Үкіметінің қамқорлығымен осы істе артта қалып отырған және қамқорлыққа зәру ауылдық жерлерде спортты жаңа заман талап еткен дәрежеге көтеретініне сенім мол. Ауыл-селоларда дене тәрбиесі мен спорттан қаржы да, күш те аямай өркендете беру жайлы Елбасымыз тынбай тапсырма беріп келе жатқаны да көзі қарақты жандарға белгілі. Елімізде «Астана» кәсіпқой велоклубы, «Астана» кәсіпқой баскетбол клубтары құрылып, Қазақстан спортшылары жүздеген әлем, Азия чемпионаттарынан, мыңдаған ел біріншіліктерінен қалмай қатысып жатқанының өзі Елбасының сындарлы экономикалық саясаты мен дана саяси ұстанымының көрінісі. Міне, соның алтын жемістеріндей боп Тәуелсіздік алғанына 20 жыл ғана болған қазақ елінің өз ішінен үш дүркін әлем чемпионы шықты. Ол кеше ғана ауыр атлетикадан Париж сахнасын дүр сілкіндірген Сыр бойының түлегі – Илья Ильин! Ал Тәуелсіздік жылдарында дүние есігін ашқан бүлдіршіндей қызымыз Жансая Әбдумәлік ақыл ойыны шахматтан әлемнің төрт дүркін чемпионы болып үлгерді! Ел спортына Елбасы қамқорлығы мен ел спортшыларының ол қамқорлыққа алғысы осындай боп жатса ертеңнен де күтер жеңістеріміз аз болмасы анық.
Ел спорты және Елбасы жайлы бұл жазғандарымыз үлкен баяндаудың алтын алқадай үзіктері ғана болмақ. Бүгінде еліміз бойынша бой көтерген кешенді спорт құрылыстарының саны мен салтанаты өз алдына. Тіпті осы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында республика бойынша 172 жаңа спорт құрылысы өз есігін халыққа айқара ашқан екен. Мұндай ғажап күн бір мемлекетте бұрын болған ба?! Олай болса тәубе дейік, рахмет дейік, көп жаса дейік Елбасымызға. Елімізге де Тәуелсіздігіміз баянды болсын деген жарасар. Ал, сол үшін сіз бен біз, бәріміз, күш-қуатымызды аямай, бір бірімізді Тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай қорғауға шақырсақ несі айып?!
Бір елдің ұлы кемесін жиырма жыл бойы басты бағытынан бұрмай басқарып келе жатқан Елбасымыздың қарапайым адам ретінде мынадай қасиеттеріне тоқталмасам спорттың жарысына қатысып, оның басты салтанаты − марапаттауды көрмегендей боп қалар оқырмандар. Елбасының өзі де нағыз спортшы! Теннис, гольф спортынан Нұрағаңның өзі тұстастарының алды болып жүргенін баспасөзден білеміз. Сонымен қатар, ел басқарған жанның уақыт тауып, күш-жігер аямай жаңа спорт құрылыстарының ашылуына, небір қызық деген спорт жарыстарына баруы мен алыстағы Олимпиадалардың ашылу-жабылу салтанаттарына сапар шегуінің өзі сол жанның денесінде жанартаудай қайнап тұрған күш-қуат, рух бұлағының дәлелі. «Тәні саудың жаны сауды» бұл жерде айтып қана қою жеткіліксіз, сол сөзіңе өзің сеніп, өзің үлгі бола білсең, ғанибет. Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дәл сондай сөзін ісімен дәлелдеген нағыз спортшы қайраткер. Бұл жағынан Қазақстан халқының маңдайының бағы бар екен.
Елбасы және ел спорты! Бұл Қазақстан үшін спорттағы басты бағдарлама. Ол бағдарламаның басты нысанасы – денсаулығы мықты, спорттағы табыстары орасан, әлем халқының көз алдында көгілдір туы және салтанатты әнұранымен елестейтін бұла күшті, биік рухты қазақ мемлекетінің бүгінгі табыстарына еселеп табыс қосып, маңдайын жарқырата беру! Елбасы осылай ойлайды. Сіздер мен біздер бұл ойды одан әрі дамытып, орайымен іске асырушылары болуымыз қажет. Тәубе, сол күндерді бірге көруге жазсын сіздер мен біздерге!
Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, республикалық «Sport» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.