Жазғы спорт • 17 Шілде, 2018

Жаһан жаңалықтары. Уәлихановтың үшінші жеңісі

396 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық боксшы Асхат Уәли­ханов Голливудта (АҚШ, Калифорния штаты) өткен кәсіпқой бокс кешінде шаршы алаңға шығып, өзінің үшінші жеңісіне қол жеткізді.

Жаһан жаңалықтары. Уәлихановтың үшінші жеңісі

Төрт раундқа жоспарланған айқаста отандасымыз жергілікті боксшы Дарел Харриспен кездесіп, төрешілердің бірауыздан шыққан шешімімен қарсыласынан басым түсті. Отандасымыздың америкалықтан шеберлігі де, жеңіске деген жігерлігі де асып түсіп, төрешілерді мойындатты. 

Асхат Уәлиханов жарақатына байланыс­ты араға жыл салып рингке қайта оралған болатын. Ол соңғы рет шаршы алаңға өткен жылдың сәуір айында шыққан. Бұл оның кәсіпқой бокстағы төртінші айқасы және үшінші жеңісі.  Ал Харрис қатарынан үшінші жекпе-жегінде жеңіліске ұшырады. 

Айта кетейік, Уәлиханов кәсіпқой бокстағы өткен жылдың ең үздік менеджері Эгис Климаспен жұмыс істейді.

Фульсанг 7-орынға көтерілді

Биыл 105-рет ұйымдастырылып жатқан «Тур де Франс» көпкүндігінің тоғызыншы жарыс күні аяқталып, велошабандоздар Аррастан Рубэге дейінгі 156,5 шақырым қашықтыққа созылған бәсекенің ең маңызды жолын жүріп өтті.

«Астана» велокомандасының капитаны Якоб Фульсанг жарыс барысында құлағаннан кейін, команда өз көшбасшысын негізгі топқа жеткізу үшін барын салды. Сондай-ақ Омар Фраиле де мәреге жақындағанда «Астана» капитанына көмектесу үшін пелотонға қайта оралуға мәжбүр болды. Нәтижесінде Якоб Фульсанг Танел Кангертпен бірге мәре сызығын қалың топпен бірге кесіп өтті.

Рубэдегі спринтте неміс Джон Дегенкольб мәреге бірінші келсе, бельгиялық Грег Ван Авермат екінші, Ива Лампар үздік үштіктің қатарынан көрінді. Кезең қорытындысы бойынша, «Астана» командасының капитаны Якоб Фульсанг жалпы есепте 7-орынға көтерілді.

1 күміс, 1 қола медаль иеленді

Германияның Саарбрюккен қаласында ерлер мен қыздар арасында дзюдодан Еуропа кубогы аяқталды. Байрақты бәсекеде 26 елден келген 387 дзюдошы бақ сынады. Олардың арасында қазақстандық спортшылар да бар.

Жарыстың бірінші күнінде 66 килода қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев күміс жүлдеге ие болды. Финалдық бәсекеде ол грузиялық балуан Торник Нагиашвилимен белдесіп, есе жіберді. Ал аса ауыр салмақта белдескен отандасымыз Санжар Жаббаров (+100 кг)  Еуропа кубогының қола жүлдегері атанды. Жаббаров жұбаныш белдесуінде өз командаласы Ерасыл Қажыбаевты жеңіп, үшінші сатыдан көрінді.

Жарыс нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 9-шы орынды иеленді. Бірінші орында 4 алтын жеңіп алған Ресей құрамасы тұр.

Дайындаған 

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»