Аймақтар • 17 Шілде, 2018

Қостанайда Мемлекетті қызметшілердің әдеп кодексін бұзған ауыл әкімі қызметтен шеттетілді

243 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктігінің Қостанай облысы бойынша департаменті осы мәселеге орай брифинг өткізді. 

Қостанайда Мемлекетті қызметшілердің әдеп кодексін бұзған ауыл әкімі қызметтен шеттетілді

Фото: ng.kz

Онда мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін өрекел бұзған ауыл әкімінің ісі жөнінде айтылды.Меңдіғара ауданындағы Михайлов селолық округінің әкімі Әділбек Кәкімбеков ауылдағы жайылым жөніндегі мәселені шешуде «Сүлейменов Б.И» шаруа қожалығына негізсіз артықшылық беріп, онымен заңсыз, жасырын меморандумға қол қойған. Ал осыған дейін селолық округке қарасты ауыл тұрғындарының малы жайылатын жерді селолық округ әкімімен меморандум арқылы келісіп, 21 жылдан бері «Заря» акционерлік қоғамы пайдаланатын. Ол осы жерді өңдеп, екпе шөп егіп, оны ауыл тұрғындарына сататын. Ауыл әкімі жерді «Заря» шаруашылығының жетекшісі Александр Климкоға еш ескертпестен  өзгеге беруге келіскен. «Заря» шаруашылығы Архипов ауылына әлеуметтік көмек те көрсетіп келеді. Ең бастысы, шаруашылықтың арқасында ауыл тұрғындары мал ұстап, сүт өткізіп, өздерін жұмыспен қамтамасыз етіп отырады. Мысалы, өткен жылы 73 600 000 теңгеге 920 тонна сүт өткізген.

Кәсіпкер А.Климконың арыздануымен Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті ауыл әкімінің мемлекеттік заңдарды бұзған әрекетін мұқият тексеріп, оның «Сүлейменов» шаруа қожалығымен жасаған меморандумының күшін жойды. Ол жайылымды өзгеге беріп жібергенде «Заря» шаруашылығы ол жерге жылдағыдай екпе шөп егіп тастаған болатын. Егер жайылым туралы меморандумның күші жойылмағанда шаруашылық он миллион теңге зиян  да шегетін еді.

«Бүгінгі баспасөз мәслихатының мақсаты ауыл округінің экономикалық-әлеуметтік жағдайын айту емес, ауыл әкімінің заңсыз әрекеті мемлекеттік қызметшілерге сабақ болсын  деген ой еді. Елбасы, халқымыз сенім көрсеткен қызметті адал атқарайық» деді облыстық мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Салауат Мұқсымов.

Осыдан бір айдай уақыт бұрын облыс орталығында Инвесторлар мен бизнесті сыбайлас жемқорлықтан қорғау жобалық кеңсесі ашылды. Оған қазірдің өзінде кәсіпкерлерден шенеуніктердің өздеріне қатысты әрекеті жөнінде бірнеше іс түскен. Ал біз айтқан іс соның тексеріліп, кінәлі анықталып,  анық-қанығына көз жеткен алғашқысы.Енді ауыл әкімінің тәртіптілік ісі Әдеп кеңесінде қаралатын болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай