Қазақстан • 17 Шілде, 2018

Арқайым – аңыздар андыздаған алқап

1283 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арқайымға баруды аңсап жүр едім, қызығы Алматыға өзі келді.

Арқайым – аңыздар андыздаған алқап

Жақында  Мемлекеттік орталық музейінде «Синташта» бірегей мәдени-тарихи кешенінің зерттелуіне 45 жыл және қола дәуірінің дүние жүзіне әйгілі археологиялық ескерткіші Арқайымның табылуына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Арқайым – қалалар елі: кеңістік пен бейнелер» атты халықаралық фотокөрмесі ашылды.

Көрменің ашылу салтанатында директордың мәдени-білім жұмысы және сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары Бейбітқали Қақабаев, Қазақстан Республикасы Президентінің архив директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Қайрат Әлімғазинов, Фотокөрменің ұйымдастырушылары Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі және «Арарат» Халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі  Ирина Журавлева,«Арарат» Халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі Юрий Зуйков сөз алып көрменің ашылуымен құттықтады. Сонымен бірге «Арқайым.Оңтүстік Оралдағы мәдени және киелі кеңістік» атты 30 минуттық деректі фильм көрсетілді.

Арқайым — Ресей Федерациясындағы Челябі облысында, Үлкен Қарағанды және Өтеген өзендерінің құйылысында орналасқан қола дәуіріне жататын тарих-мәдени ескерткіштер кешені.

Көлемі, құрылымдық сипаты, ғылыми деректерінің молдығы мен маңыздылығы жағынан тарих, археология ғылымдары үшін маңызы өте зор бұл ескерткіш 1987 жылы ашылды. Содан бері кең көлемді ғылыми-зерттеулік жұмыстары жүргізілуде. Арқайым қонысы екі шеңберлі жал түрінде салынған, ортасында құрылыс салынбаған төртбұрышты алаңы бар бекініс.

«Арқайым – қалалар елі: кеңістік пен бейнелер» фотокөрмесінде фортификация, үй құрылысы, ежелгі шеберханалар, жерлеу рәсімдері мен құрбандық шалу, тұрмыстық заттар, оның ішінде қыш ыдыстар, тастан, сүйектен жасалған бұйымдар, мыс және күшәлалы қоладан құйылған жонғыштар, пышақтар, біздер мен алуан түрлі әшекейлерді қамтитын қызықты мәліметтер қойылған.

Фотокөрме стендтерінде «Қалалар елі» ескерткіштерінің географиялық орналасуы, нығайтылған және нығайтылмаған қоныстардың әуеден түсірілген фотосуреттерінің құпиялары ашылған материалдар, саны жиырмадан асатын нығайтылған қоныстың  ішіндегі он төртінің қазіргі жағдайы мен тұмса табиғаттың авторлық фотосуреттері қамтылған.

Арқайымның тылсым сыры өзіне ынтықтыра түседі. Өзі көрерменін іздеп  келгенде көрген жақсы екен.

Арқайым... аңыздар андыздаған алқап...

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»