Қазақстан • 17 Шілде, 2018

Биыл Қазақстан перзентханаларында 31 ана қайтыс болды

357 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстандағы ана өлімі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл Қазақстан перзентханаларында 31 ана қайтыс болды

Министрдің айтуынша, алғашқы жартыжылдықта босануға дейін және босанғаннан кейін ана өлімі көрсеткіші былтырғы деңгейден өскен.  Атап айтқанда, жыл басынан бері республика перзентханаларында 31 әйел көз жұмған. 

«Қаңтар айынан бері республикада 31 ана көз жұмды. Жыл сайын республикамызда 50-60 әйел көз жұмады. Ресми статистика бар, одан бөлек жыл сайын құпия аудиттер жүргіземіз, яғни басқа диагноз бойынша тіркелгендерді тексереміз. Құпия аудит есебімен ана өлімі 100 мың жаңа босанған әйелдер арасында орта есеппен 14-15 әйелді құрайды. Қазіргі  уақытта әрбір жағдайға қатысты Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті тергеу жүргізіп жатыр», - деді Елжан Біртанов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, Елжан Біртанов ана өлімі себептерін екі негізгі топқа бөліп көрсетті.

«Бірінші - тікелей босану жағдайына, екіншісі - жарақат, тамақтан улану секілді жүктілікке қатысы жоқ жағдайға байланысты. Ана өлімінің көбеюі әйелдердің денсаулығына да байланысты болып отыр. Өкінішке қарай, жылдық есеппен әйелдердің 20 %-і кеш есепке тұрады. Сондықтан оларды бақылау қиын. Қайтыс болғандар арасында бұл көрсеткіш 50-60%-ке дейін жетеді. Яғни, көз жұмған әйелдердің басым бөлігі уақытында есепке тұрмағандар», - деді ол.

Сондай-ақ, министрдің айтуынша, медициналық қызметкерлердің әйелдерге жүктілік кезінде және босанғаннан кейін қалай қарағаны да маңызды. 

«Бүгін біз Премьер-Министрге жергілікті атқарушы органдар мен денсаулық сақтау басқармалары тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі сияқты мәселелерді баяндадық. Өңірлерде осы сала бойынша жауап беретін басшылар аз, олар жұмыстан шығып кеткен. 8 облыста орынбасарлар жоқ. Кадр тапшылығына келер болсақ, өңірлерде 340 акушер-гинеколог жетіспейді. Сол себепті әкімдіктер мамандардың білімін жетілдіру жөнінде іс-шараларды күшейту қажет», - деді Елжан Біртанов.

Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елорда перзентханасындағы ана өлімі бойынша жауап берді. 

Кеше Астананың №2 перинаталды орталығында жас босанған келіншек көз жұмды. Ол - Астана перзентханаларында қайтыс болған төртінші адам.