Қазақстан • 17 Шілде, 2018

Еліміздің үш қаласынан Баянауылға әуе рейстері ашылады

381 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Келесі туристік маусымда Астана-Баянауыл, Алматы-Баянауыл, Павлодар-Баянауыл бағыттары ашылады. Бұл туралы ИДМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Еліміздің үш қаласынан Баянауылға әуе рейстері ашылады

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті еліміздің жергілікті әуе желілерін дамыту бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр. Осыған орай, сондай-ақ туризмді дамыту және Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы курорттық аймақтың қолжетімділігін арттыру мақсатында ұзындығы 1200 м және ені 21 м ұшып-қону алаңы жаңартылуда. Жергілікті аэродром барлық қажетті аэронавигациялық жабдықтармен жабдықталмақ. Сондай-ақ, жолаушыларға қызмет көрсету үшін 200 шаршы метр аумақты құрайтын ғимарат салынады», - делінген министрік таратқан хабарламада.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, курорттық аймақтағы аэродромды 2018 жылдың соңына дейін салып бітіру жоспарланған. Тиісті сертификаттаудан кейін, келесі туристік маусым алдында Астана-Баянауыл, Павлодар-Баянауыл рейстерін ашу көзделініп отыр. Сонымен қатар, Алматы-Баянауыл бағытын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталған бағыттарда аймақтық авиацияның ұшақтарын пайдалану жоспарланып отыр.

Биылғы туристік маусымда Астана мен Алматыдан Балқаш, Үшарал және Үржар курорттық аймақтарына субсидияланған тұрақты ішкі рейстер орындалатындығын атап өткен жөн.