Дайын өнім дамуға серпін береді
Химия өнімдерінің 40 процентін, металдың 20 процентін, электр энергиясын ең үлкен көлемде өндіретін еліміздің негізгі индустриялық өңіріндегі жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы «GiessenHaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, балқытылған аллюминий және жеңіл қорытылатын автомобиль дискілерін өндірудің технологиялық үдерісімен танысты. Кәсіпорында Мемлекет басшысына «Павлодар» еркін экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан индустриялық жобалар жөнінде баяндалды.
Былтыр Мемлекет басшысы Индустрияландыру күніне арналған телекөпір барысында осы «Павлодар» экономикалық аймағында жаңадан құрылған «GiessenHaus» ЖШС құрамында жұмыс жасайтын «К&К» компаниясының қоспалы алюминий өндірісі және осы алюминийден автомобиль дискілерін жасап шығаратын зауытты іске қосқан-ды. Сол кезде Елбасы «Бұл басы ғана. Енді алюминий өндірісін әрі қарай дамыту қажет» деп тапсырма берген болатын. Осыған сай, кәсіпорын жұмысымен танысуға келген Мемлекет басшысына отандық алюминийден алғашқы өнім шығарылып жатқаны туралы баяндалды.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевқа дайын өнім үлгілері, атап айтқанда, жылыту радиаторлары, автомобильдердің қосалқы бөлшектері, темір жол вагондарының дөңгелектері көрсетілді. Экспортқа өнім шығаратын басқа кәсіпорындардың жұмысы жайлы айтылды.
– Біз темір жол құрылысына пайдаланылатын анкерлер өндіреміз, – деді компания директоры Евгений Москалев. – Бұл өнім еуропалық темір жол құрылысында қолданылады. Қазіргі уақытта елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Осы орайда бізде жылына 1 миллион аллюминий радиатормен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.
Кәсіпорынның учаске басшысы, инженер-металлург Мұрат Бейсекеновтің айтуынша, «GiessenHaus» ЖШС жылына шығаратын аллюминий дискілерінің 50 процентке жуығы экспортталмақ. Құны 6,7 млрд теңге тұратын инвестициялық жоба 2020 жылға дейін жүзеге асырылады. Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаевқа «Казэнергокабель» акционерлік қоғамында тоқ өткізетін кабель жасау технологиясы, кәсіпорынның даму перспективасы және ішкі және шетелдік нарыққа шығарылатын дайын өнім үлгілері көрсетілді.
1994 жылы ашылған «Қазэнергокабель» АҚ тұтынушыларға телефон кабельдері, өнеркәсіптік жарылыс жұмыстарына арналған сымдар, сондай-ақ электр берілісінің әуе желілері сияқты көптеген өнімдерін ұсынуда. Зауытта өндірілетін өнім түрі шамамен 7 мыңнан асады. Мұнда телекоммуникация секторындағы кәсіпорындарда жоғары сұранысқа ие болатын талшықты-оптикалық кабель өндірудің жаңа желісі іске қосылған.
– Отандық өндірушілер оны таза мыстан жасайды. Жаңа өнімдер отқа төзімді, жоғары сапалы шикізаттан жасалады. Өнім 9000 ISO сапа жүйесіне сай және СТ-КZ сертификаты бар, – дейді компания басшысы Олег Крук.
Төртінші мұнай өңдеу зауыты қажет
Өңірде Елбасы ат басын тіреген келесі нысан Индустрияландыру картасы аясында түбегейлі жаңартылған әрі өндіріс үдерісі цифрландырылған «Павлодар мұнай химиясы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды.
Кәсіпорында «ҚазМұнайГаз» АҚ директорының орынбасары Данияр Тиесов Қазақстан Президентіне жаңарту жұмыстары зауыттың шикі мұнайды қайта өңдеу өнімділігін арттыруға, өнім сапасын К-4 және К-5 стандарттарына дейін жеткізуге мүмкіндік бергені жөнінде баяндады. Жобаны жүзеге асыру үшін компания 80,5 млрд теңге жұмсаған. Зауытта изомеризациялаудың жаңа автоматтандырылған кешендері және орталық басқару пункті арқылы басқарылатын күкірт өндіретін қондырғылар салынған.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда мұнай өндіру көлемінің артуына байланысты дайын өнім көлемін молайту үшін әрі оны ішкі және шетелдік нарықтарға шығару үшін халықаралық стандарттарға сай келетін мұнайдың қайта өңделуін мейлінше жақсартуды қолға алу қажеттігін айтты.
«Цифрландыру барлық мәселелердің шешімін табады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Басқару бір ғана пункттен жүзеге асырылатындай автоматты түрде еңбек өнімділігін арттыру үшін цифрландыруды енгізіңіздер».
Елбасы Қазақстандағы мұнай өңдейтін үш зауыттың жаңартылғанына қарамастан, төртінші зауыт салу қажеттігі туындап отырғанын атап өтті.
Қазақстан Президенті зауыттың жас жұмысшыларымен әңгімелесу барысында Павлодар мұнай химиясы зауыты Кеңес Одағы кезінде салынған зауыттардың соңғысы екенін айтып, оның сол уақыттағы ең озық құрал-жабдықтармен жабдықталғанына тоқталды.
– Сіздер ең заманауи зауытта жұмыс істейсіздер. Мұнда өндірісті цифрландыру ісі қолға алынып, жаңа технологиялар енгізілуде. Сіздер өндіріп жатқан өнімге деген сұраныс артып келеді, демек, сіздердің де табыстарыңыз молая түспек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жас мамандар Мемлекет басшысына «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға және алған білімдерін өндірісте қолдануға мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс айтты.
Өңірдің әлеуетіне оң баға берілді
Бұдан соң Елбасы Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиынды ашқан Қазақстан Президенті облыс басшылығының нақты жұмыс атқарып жатқанын және өңірде оң өзгерістердің байқалып отырғанын айтты.
– Мен бүгін бірнеше кәсіпорында болып, жұртшылықпен әңгімелестім, халықтың жай-күйімен таныстым. Облыс экономикасының шамамен 50 проценті өнеркәсіп саласына тиесілі. Бұл – Қазақстан өңірлері арасындағы жоғары көрсеткіш, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Павлодар облысының географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқанын атап өтіп, бұл өңір Ресей Федерациясының өнеркәсібі дамыған облыстарымен шектесетініне назар аударды.
– Бұл облыстың өнеркәсіп, энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы әлеуеті зор, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту және тиісті нысандарды салу мәселелеріне ерекше тоқталды.
– Астана мен Павлодарды бірінші санатты автобан жалғап жатыр. Енді, жол жүру уақыты бес-алты сағат емес, үш сағатқа созылады. Облыстың транзиттік әлеуеті кеңейіп келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жиын барысында Елбасы өңірде туризмді дамыту мәселесіне де тоқталып өтті.
– Жаңа ғана Маралды демалыс орнын көрдік, – деді Елбасы. – Қонақ үйлерді былай қойғанда, адамдар отыратын жер жоқ. Тіпті, шатыр жоқ. Бұл жерге адамдарды тартуға мүмкіндік бар. Демалушылар келсе, ақша төлейді. Соған сай жағдай жасау керек. Жол төселіп, коммуникация жүйесі тартылған. Бірақ адамдардың толыққанды демалысы үшін әлі де еңбек ету керек. Бизнес не үшін ашылды? Алыстан инвесторларды тартпай-ақ, павлодарлық кәсіпкерлерді кішігірім қос қабатты коттедждер мен қонақ үйлерді салуға шақыру керек.
Қазақстан Президенті өңірдің кәсіпкерлеріне арналған сөзінде шикізатты қайта өңдеуді мейлінше жақсарту және бәсекеге қабілетті өнім шығару мәселелеріне назар аударды.
– Мен бүгін алюминий өндіретін, тоқ өткізгіш кабель жасайтын компаниялардың және басқа да кәсіпорындардың жұмысымен таныстым. Біз құрылыс материалдарын шығару, терезе жақтауларын, ыдыс-аяқ және алюминийден фольга жасау мүмкіндігін қарастыруымыз қажет. Міне, осы іске инвестиция тартып, күш жұмылдыру керек, – деді Елбасы.
Кеңес барысында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында іске асырылып жатқан жобалар жөнінде мәлімдеді.
– 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыстың жалпы өнімі алғаш рет 2 триллион теңгеден асып, 3,6 процентке жетті. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 4,6 процентке артты. Облыс кәсіпорындарындағы өндіріс үдерістерін цифрландыру жөніндегі сіздің тапсырмаңыз орындалуда. Технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтау ісіне 200 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды, – деді облыс әкімі.
Мемлекет басшысы жиын қорытындысы бойынша өндіріске халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінде көрсетілген «жасыл» технологияларды енгізу, шағын және орта бизнесті, Ресей облыстарымен шекарааралық сауда-саттықты дамыту, өңірдегі туристік кластердің әлеуетін арттыру, мал шаруашылығы мен суармалы егіншілікті өркендету үшін нақты тапсырмалар берді.
Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Жақсыбеков, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Мамин, Энергетика министрі Қ.Бозымбаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының жетекшілері, соның ішінде ERG директорлар кеңесінің төрағасы А.Машкевич, «Проммашкомплект» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Д.Сыздықов, «Стальмонтаж» ЖШС-ның бас директоры А.Терентьев, «Казэнергокабель» АҚ-ның бас директоры О.Крук және басқа да азаматтар қатысты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар облыстық біріккен әмбебап ғылыми кітапхананың жұмысымен де танысты. Онда мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға арналған арнайы жабдықтар, білім беру және денсаулық сақтау салаларын цифрландыру жобалары, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің көрме залы көрсетілді.
Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан»