Көп бейінді кәсіпті меңгерсең, кем болмайсың
– Жақсы комбайншы керек болып тұр, – деген осыдан екі жыл бұрын Зеренді ауданына қарасты Жаңауыл ауылындағы шаруа қожалығының жетекшісі Құлан Болатов, – жалпы комбайншы ғана емес, механизаторға да зәруміз.
Кейін бұл зәрулікті талай естідік. Облыс орталығындағы іргелі оқу орнының қосалқы шаруашылығында агроном болып еңбек ететін Бауыржан Молдағалиев та қолынан іс келетін, техника тілін түсінетін механизатордың қат екендігін айтып, себебі мен салдарын саралап берген. Оның ең бастысы, кешегі кеңес заманында табаны тастан таймаған тарланбоздай адал еңбек еткен алдыңғы лектің зейнеткерлік жасқа толғандығы. Кейінгі толқын өтпелі кезеңнің өкпек желіне тап келді. Уақтылы еңбекақы төленбеді, төленгеннің өзі мардымсыз болды. Яғни «еңбегі еш, тұзы сор» болғандықтан ел ішіндегі механизатор мамандығының қадірі қаша бастады. Оның үстіне дәл сол уақытта еңбекті бағалауға, қадірлеуге ешкімнің мұршасы болмай қалды. Тағы бір себебі, қазіргі уақытта бұл жұмыстардың маусымдық жұмыс болып қалғандығында. Яғни мықты комбайншы болғаныңмен, жылына ұзаса екі-ақ ай жұмыс істеуің мүмкін. Ал қалған он айда не істемексің? Жалғыз комбайншы ғана емес, барлық механизатордың жұмысы маусымдық болғалы қашан. Әсіресе қыс айларында шалғайдағы шағын ауылдарда табыс табатын жұмыс орны жоқ. Сондықтан техника тізгіндеген еңбек тарландарының тарихи сабақтастығы дамымай қалды. Бұл даладағы жағдай болса, қалада да көптеген мамандық бойынша мықты мамандардың қат екендігі жасырын емес. Қалалық жарнамалық газеттердің беттерінде газ-электрмен дәнекерлеушілер, токарьлар, слесарьлар, мотор жөндеушілер, кранда жұмыс істейтіндер қажет дейтін құлақтандырулар өріп жүр. Осы арада бір оқшау ой бар. Техниканың маңайында істейтіндер негізінен өзге жұрттың өкілдері. Кез келген техника жөндеу стансаларына барсаңыз, жергілікті ұлт өкілдерін ілеуде бір кездестірер едіңіз. Ауылшаруашылық техникаларын былай қойғанда, жеңіл көліктің қосалқы бөлшектерін сататын да, салып, оңдап беретін де солар. Тіпті өзгесін былай қойғанның өзінде, сағат жөндеп отырған қазақ көргендеріңіз бар ма? Осы бір көптен бері айтылып жүрген көңілсіздеу әңгімені қозғағанда, ұлт бойындағы қабілетті жоққа шығарғымыз келіп отырған жоқ, екі қолына бір күрек таба алмай кәсіпсіз қарап жүрген жастардың жігерін жанып, кәсіптік білім алу керектігін айтқымыз келген.
Ал кәсіптік білімнің көкжиегі жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Бүгінгі таңда облыста кәсіптік-техникалық білім берумен 39 колледж айналысады. Олардың 30-ы мемлекеттік болса, қалғандары жекеменшік. Осыншама оқу орнында 94 мамандық пен 139 біліктілік санаты бойынша 21 мыңға жуық білім алушылар тәлім-тәрбие алып жатыр. Маңызды жобалар да аз емес. Мәселен, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы аясында 369 білім алушы жаңа кәсіпті игерсе, соның 138-і білім ошақтарынан түлеп ұшып, жұмысқа орналасып үлгерді. Шарапаты мол іс ауқымын әлі де кеңейту үстінде. Жаңа оқу жылында бағдарлама бойынша 210 білім алушы оқуға қабылданып, қазіргі күні болашақ үшін аса қажетті мамандықтарды игеруде.
Әр оқу жылы өткен сайын колледждердегі білім сапасы, тәлім-тәрбие деңгейі де зымыран уақыттың талабына толық жауап берерліктей жетілдірілуде. Көкшетау қаласында үш жоғары колледж болса, Щучье қаласында бір жоғары колледж бар. Бұл колледждердегі оқу-тәрбие процесін өзгелерге үлгі етуге әбден болады. Мәселен, мамандарды жан-жақты, білімді де білікті кадр ретінде дайындау үшін колледждер өз жұмысын жаңаша оқу жүйесіне байланыстыра отырып, ұйымдастыруда. Облыс колледждері модульдік жүйенің тиімді элементтерін сәтті пайдалана отырып, дуалды оқу жүйесін батыл енгізуде. Міне, осындай білім беру саласындағы ілкімді жаңалықтар жүзеге асырыла отырып жаңаша сипат алғанда түлектердің де жұмыс берушінің талғамынан шығатындығы белгілі. Дуалды оқыту жүйесіне көшкен колледждер соңғы үш жылдың ішінде 23-ке жетті. Олар дайындайтын мамандықтар да сан алуан. Мәселен, металлургия және машина құрылысы, сервистік қызмет көрсету, көп салалы көлік жүйесі, құрылыс, кен өндірісі және ауыл шаруашылығы.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын жүзеге асыру бағытында жаппай кәсіпкерлікті және еңбекке орналастырудың тиімділігін арттыруға арналған 2017-2021 жылдарға арналған бағдарлама шеңберінде биыл облыс колледждерінде жұмысшы мамандығына дайындау үшін 1190 адам қабылданған. Негізінде, колледждердің модульдік білім беру бағдарламаларын оқу процесіне енгізу бойынша қабылданатын кешенді шаралар құзыретті мамандар даярлауға ойысып отыр. Осы ұлан-ғайыр жұмысты атқару «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 77-қадамында да белгіленген. Ендігі арада жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлайтын колледждердің оқыту-өндірістік шеберханалары мен зертханаларын жарақтандыру көкейкесті мәселе. Шынында да, оқу базасының өндірістік талаптарға сай болуы болашақ мамандардың нақты жағдайларға тез бейімделуіне айрықша әсер етпей ме? Ал облыстағы кәсіптік-техникалық білім беретін колледждердің өзекті мәселесі материалдық-техникалық базаны заман талабына сай қайта жаңғырту болып отыр. Айталық, кейбір колледждердің тәжірибелік шеберханаларында ескі үлгідегі астық комбайндары мен тракторлардың құрылысы оқытылуда. Мұны оқып шыққан білім алушылар қалай еңбек етпек? Бұл күнде сау тамтығы қалмаған ескі «Енисей» комбайндары астық алқаптарында жоқ. Облыстық білім басқармасы кәсіптік-техникалық білім беру бөлімінің басшысы Бекжан Сәдуақасовтың айтуына қарағанда, әлі де мұндай ескірген материалдық-техникалық базаның 40 пайызға жуығын жаңғырту қажет.
Енді бір өзектісі, техникалық және кәсіптік білімнің аралас мамандықтар арқылы кең бейінді кадрлар даярлау мәселесі. Шынтуайтында кең бейінді жұмысшы біліктілігі бойынша дайындалатын мамандар жұмыстың әлденеше түрін орындай алады. Бұл олардың жұмысқа орналасуын жеңілдетіп, тіпті жоғары жалақы алуға мүмкіндік тудырады. Сондай-ақ колледжде білім алушылардың өндірістік оқу кезеңін еңбек өтіліне қосу, жергілікті өкілетті органдармен келісе отырып, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруді және қажетінше жатақханалармен қамтамасыз ету жұмысшы мамандығының беделін көтере түсер еді. Өңірде білім алушылардың 64 пайызы тегін оқып жатқанымен, жатақхана мәселесі туындап отыр. Барлық колледждің 24 жатақханасы болғанымен, әсіресе шалғайдан келген білім алушыларды оңтайлы орналастыруда белгілі бір қиындықтар тудырып отырғаны тағы рас. Мұндай мәселе Көкшетау және Степногор қалаларында бар.
Бүгінгі таңда техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның айы оңынан туып тұр. Түптің түбінде ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жаңа жобасының көздеп отырғаны да осы. Жобаның еліміздің экономикасын бұдан әрі дамытуға тигізер ықпалы өте зор. Неге десеңіз, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын сәтті жүзеге асыру үшін мыңдаған білікті техникалық кәсіби мамандар дайындалып жатыр. Ал қоғамның өзі тудырып отырған сұранысты күні ертең облыстағы 39 колледж қанағаттандыруға толық мүмкіндігі бар.
Білім мен тәжірибе ұштастырыла жүргізілгенде...
Дуалды оқыту жүйесі – ең алдымен теорияны нақты өндіріспен ұштастыру арқылы оқыту технологиясы. Алғаш Германияда пайда болып, негізі қаланған. Өз ісіне мұқият қарайтын неміс ағайын дуалды оқыту жүйесінің кәсіби мамандар даярлаудағы тиімділігі мен нәтижелілігі зор екендігін күнделікті тәжірибесінде дәлелдеп берді. Оларда білім алушылар уақытының үштен екі бөлігін өндірістен қол үзбей оқиды, ал қалған үшінші бөлігін білімге жұмсайды. Бұл жүйенің негізгі мақсаты – техникалық-кәсіптік оқу орындарының жұмыс беруші жеке секторындағы шаруашылық ұжымдарымен серіктес ретінде бірлесе отырып, нарық заманында бәсекелестікке төтеп беруге қабілетті жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге дайын жұмысшы мамандарын даярлау.
Ауыл шаруашылығы салмағы мол сала. Оның міндеті де көпке белгілі. Осы салаға білікті мамандар даярлау мәселесі оң шешімін тауып отырғандығын айта кетуіміз керек. Мәселен, Щучье қаласындағы экология және орман шаруашылығы колледжінің нақты жұмысы «Республикадағы дуалды оқыту жүйесінің стратегиялық альянсы» жобасы шеңберінде сапалы инженер-педагогтарды даярлап жатқан оқу орны өзінің оң тәжірибелерімен ерекшеленеді. Колледж негізінде «Ауылшаруашылық техникаларын жөндеу және техникалық қызмет көрсету» мамандығы ашылды. Бүгінде колледждің Михаил Перминов, Валерий Щипан, Вячеслав Уткин тәрізді оқытушылары мен Виктор Быченко тәрізді өндірістік оқу шебері Германияның Харзенвинкель қаласындағы AkademuClass өндірістік-оқыту орталығында біліктіліктерін жетілдіріп келді. Оқу тобының жетекшісі Сергей Бутовтың басшылығымен «Jaguar» мал азығын бастыратын комбайнға техникалық қызмет көрсету ерекшеліктерімен танысты. Танысып қана қойған жоқ, жаңа техниканың құрылысын меңгеріп, үйреніп алды. Колледж оқытушыларының ендігі бір мақсат-мұраты Германиядағы кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаудағы озық үлгілерді, тиімді тәжірибелерді меңгеру болатын. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда жалпы еңбек нарығында жоғары білікті мамандар тапшылығы сезіліп отыр. Қалыптасқан жағдайдың негізгі себептерінің бірі – білім беру үрдісін ұйымдастыру, жас маманның бойында тәжірибелік дағдыны қалыптастыру және теориялық білім берудің өндірістік жағдайлардан алшақтап кетуінде. Егер теория мен тәжірибенің арасындағы алшақтық білім ошағында жойылмаса, бұл мәселемен жұмыс берушінің өзі күресуге тура келеді.
Экология және орман шаруашылығы колледжінің Германиямен екі арадағы өзара тәжірибе алмасуы өте тиімді болып отыр. Колледж оқытушылары Fricke Claass диллерлік орталығында болып, тәжірибеден өткізілуде. Бұл арада өндірістік шеберлердің бай тәжірибесін бөлісе отырып, жұмыс істейді. Курс бағдарламасы барынша ауқымды әрі өте тиімді.
Бүгіннің талабы – еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлау. Осыған байланысты ең басты міндет – мемлекеттік құрылымдардың күшін біріктіріп, жұмыс берушілер мен оқу орындары бірлесіп білім мен тәжірибені ұштастыру. Дуалды жүйе бойынша оқыту өзара байланысты жетілдіре түспек.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»