![18-11](http://old.egemen.kz/2011img/18-11.jpg)
Кеше ғана қол жеткен Тәуелсіздігімізге де 20 жыл толыпты. Бұл ата-бабаларымыздың сан ғасырғы арманы ғой. Мұның қадірін бүгінгі ұрпақ ұғынып, сезінер ме екен?! Олардың ойы да еркін, сөзі де, жүріс-тұрысы да еркін. Олар үшін мұның бәрі әу бастан осылай болған сияқты. Расында да солай ма?! Аға буын мен орта буын Тәуелсіздіктің қадірін білер. Өйткені, кешегі күннің ащысы мен тұщысын татты. Оның бәрі де есте...
Сонау 60-жылдардың басында Алматыға келіп, оқуға түскенбіз. Ол кезде қалада қандастарымыз өте аз еді. Ресми дерек бойынша Алатау баурайындағы әсем қала тұрғындарының 7 пайызын ғана құрайтын. Бұған 4 пайыз қазақ студенттерін қосыңыз. Алматылық қандастарымыздың дені ана тілін жарытып білмей ме, білгісі келмей ме, әйтеуір қазақша жарытып сөйлемейтін. Тіпті, сөйлегісі келмейтіндей көрінетін. Қазақ студенттерінің дені ауылдан келгендіктен шығар, көшеде, не қоғамдық көлікте кездесе қалса, өз тілімізде сөйлеуге ықыласты еді. Автобуста бірлі-екілі қазақ жігіті (аз ғой) ұшырасып, өзара шүйіркелессе, онда отырған орыс кемпірлері:
– Не деп күңкілдесіп тұрсыңдар? Адамша сөйлесіңдер! – деп зекісе, абайсызда бір нәрсені бүлдіріп алған бейкүнә сәбидей бір-біріне үрпие қарап, жым болушы еді. Сол күндерді қалай ұмытарсың. Қазақтың ресми астанасында көпшілік орында өзара қазақша сөйлесе алмау қандай қорлық десеңші?!
Осы орайда бір зиялы бауырымыздың мұрағат дерегіне сүйеніп жазған мақаласы ойға оралады. Онда патшалық Ресейдің тұсында Алматыдағы қазіргі 28 панфиловшылар бағының кіре берісіне: «Бұған қырғыз-қайсақтардың (қазақтар дегені) кіруіне болмайды» деген ескерту ілулі тұрады екен.
1987 жылдың қаңтарында қолыма кәсіподақтың уақыты өтіп бара жатқан жолдамасы тиіп, Одессаның бір санаториіне Мәскеу арқылы бара қалдым. Әйгілі Желтоқсан оқиғасының бүкіл Кеңес Одағын бір дүрліктірген кезі. Бүкіл газеттердің жазатын тақырыбы сол. Оқиғаның байыбына бармастан алаңға шыққан жастар (қазақтар) аяқ астынан «нашақор, ішкіш, бұзақы», іле: «түгі сыртына шыққан ұлтшыл», атанып шыға келгендіктен қандастарымыздың жүні жығылып, екіұдай, пұшайман күйде қалған-ды.
Алматыдан келгенімді білген санаторий директоры бір күні мені өзіне шахмат ойнауға шақырды. Түр-түсінен еврей екендігі көрініп тұр. Қаланың тұрғындарының дені осы ұлттың өкілдері екенін сонда барысымен-ақ аңғарғанмын. Аты-жөні, әлбетте орысша. Маған іш тартқан болып, шахмат ойнап отырып:
– Газеттен оқып жатырмыз. Алматыда шынында, не болды? – деп, сыр тартқысы келді.
Әрине, бейтаныс, оның үстіне өзге ұлттың өкілі болғандықтан, сақтандым. Ішімде қайнап жатқанды айта алмай қиналдым. Аузымнан артық сөз шығып кетсе, кім біледі елден жырақта қамалып қалсам, мені кім іздейді? Бір елі ауызға екі елі қақпақ. Сондықтан:
– Газеттердегі оқығаныңыздай ғой, – деп қысқа күмілжи жауап беріп, тілімді тарта қойдым. Жүзіме барлай қараған ол менің оңайлықпен ашыла қоймасымды сезді ме, бұл жайлы қайтып сұрамады.
Серуендеп жүргенімде екі молдован жігіті:
– Қазақтар жарайсыңдар! Оларға сол керек, – деді маған оңашада...
«Оларға» дегені кім-кімге де түсінікті шығар. «Халықтар түрмесі» атанған Кеңес Одағы өзіндегі барлық ұлттар мен ұлыстарды тең көреміз дегенімен сөзі басқа, ісі басқа еді ғой. Тек бір ұлт үстемдік етіп, солардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғысқа айналды. Бәріміз тілін біліп, сол тілде сөйлеуге де, оқуға да тиіс едік. Солай болды да. Ауылдан оқуға келіп, бұл тілді білмейтін қандастарымыздың дені «сауатсыз, мәдениетсіз, мәмбет» атанды.
Берілген діни сенім бостандығы қағаз жүзінде сырт көз үшін еді. Мешіттер де аз болатын. Алматыдағы өткен ғасырдың басында ағаштан салынған ескі мешіттегі жұма намазына кебісін сүйреткен кемпір-шалдар баратын. Соның бірі менің анам еді. Қайтыс боларының алдында:
– Балам, саған бір өтінішім бар. Мен өлген соң жұма күні маған Құран оқып бағыштап тұр, молда аз ғой, таппассың, – деді. Мен үнсіз басымды изедім. «Құран кітабын қайдан табамын», дей алмадым. Құран тұрмақ, ешқандай діни кітап жоқ еді. Анамның соңғы өтініші заң, сөзсіз орындауға тиіссің. Ата-баба дінімен қауыштым. Намазға жығылдым. Тек жұма күні ғана емес, бес уақыт намаз соңынан бір анамның ғана емес, бүкіл ата-баба, о дүниелік туған-туыс, жолдас-жоралардың да рухына бағыштап, Құран оқу әдеттегі үйреншікті дағдыға айналды.
Ал, қазір тек ынта-ықылас болса, іздеген діни кітаптарың жетерлік. Сауат ашу курстарынан діни сауат ашуға мүмкіндік бар. Қасиетті Құран Кәрімнің оншақты тәржімасы жарық көрді. Сахих хадистер де аз емес. Тіпті, құдси хадистер де ана тілімізде сөйлегелі қашан. Тәуелсіздігіміз жарияланғанда бар болғаны 68 мешіт болса, соңғы 20 жылда 2 400-ге жуықтады. Бір кездері ат қора мен қоймаға айналған мешіттер орнына бүгінгі заманға лайық сәулеттілері бой көтерді. Бір кездері азын-аулақ мешітке кебісін сүйреткен шал-шауқан мен кемпірлер баратын болса, бұл күндері іші жамағатқа толы. Дені жастар. Арасында ғалым да, дәрігер де, жазушы да, қысқасы алуан мамандықтың иелері бар. Онға тарта медресе мен бір университетте болашақ діндарлар даярланса, ал республикалық имамдардың білімін жетілдіретін институтта бұл күндері мешіттерде қызмет етіп жүрген имамдар мен молдалар білімін көтеруде. 20 жыл үшін бұл аз ба, көп пе?!
Иә, бәрі есте. Ресейдің бодандығы да, «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» мәдениетімізді дамытып, баршамызды ұшпаққа жеткізген қоғамында да өз ана тілімізде ресмиі өз алдына, көпшілік орында да өзара тілдесе алмай бейкүнә сәбидің күнін кешкен күндеріміз тарих қойнауына кеткелі 20 жыл өтіпті. Бұған бүгінгі еркін ойлы жастарымыз сенер, не сенбес. Өткен ғасырдың нағыз «ақ түйенің қарны жарылған» 70-80 жылдарының өзінде Алматыда сатып алған кішкентай жер үйіме (полдома) тіркеле алмай, көп қиналдым. Оқу бітіріп, Алматыда қалғысы келген жас мамандар баспанасы болмағандықтан тіркеле алмай тығырыққа тірелетін. Өйткені, тіркеусіз қызметке қабылдамайды. Біздің замандастарымыз мұны жақсы білсе керек. 80-ші жылдары алдымен Қапшағай қаласын, содан соң Алматы қаласын басқарған Қойшыманов деген азамат қандастары үшін тіркелуге «жасыл көше» ашамын деп «халық жауының» кебін киді. Көз түрткіге айналды. Партбилетінен айырылып, қызметінен қуылды. Түрмеге де қамалды-ау деймін. Жарқырап шыққан есіл ер көпшіліктің көз алдында қор болды. Ал, есесіне Қазақстанға үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын Сібірден қалтасы ақшаға толы «аққұлақтар» ағылып келіп, емін-еркін жайғасып жатты.
Тәуелсіздігіміз әлдекімдер айтып жүргендей бұл оп-оңай келе қалған жоқ. Көресіні көріп, қиналдық, дәрменсіздіктен іштей егіліп, шарасыз күй де кешкен күндеріміз аз емес. Тәуелсіз ел болдық дегенде, иықтан жүк түсіп, осы күнге жеткеніміз рас па, өтірік пе, дедік іштей.
Рас, бүгінгі Тәуелсіздігіміздің де өз қиындығы, күрсіндіретін «әттеген-айы» аз емес. Жиырма жылда мемлекетті аяғынан тұрғызу оңай ма?! Тәуелсіз мемлекет құрғанымызбен, оны нағыз ұлттық елге айналдыра алмай жатқанымыз арқаға аяздай батады. Мемлекеттік мәртебе алған тіліміздің де жыры таусылар. Өзінің мәртебелі тұғырына қонар деген үміт күшті. Дінімізді мемлекет енді шыңдап алған сыңайлы. Еліміз бүкіл әлемдік түрлі ағым, секта, дінсымақтардың құж-құж қайнаған сынақ полигонына айналды. Жетпіс пайыз мұсылман ұстанатын ата-бабамыздың асыл дінінің ханафи мәзһабы күні кеше қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда мемлекеттік тұрғыда мойындалғанына сансыз шүкір айтамыз. Санасы атеизммен уланған халқымыз жиырма жыл бойы сол сынақ полигонында түрлі миссионерлердің арбауында мидай араласумен келеді. Әлемдік тәжірибеде бір ұлттың бірнеше діни сенімге бөлінуі жақсылық емес. Іштей ірітіп, «Аққу көкке, шортан көлге, шаян шөлге тартқан» жағдай қазір басымызда. Мұның алғашқы ащы зардабын да сезінудеміз. Оңай еместігіне көз жетті. Демократия сырты жылтыр, сөзі сылдыр, мақсаты бұлыңғыр, алдамшы ұғым. Оның шексіз болуы мүмкін емес. Демократия саясатқа жүрер, ал дінге мүлдем жүрмейді. Діни сауатсыз тобыр оның асылы мен жасығын айыра алмай, ұлт пен діннің тұтастығына сызат түсіреді. Отбасыларының шырқын бұзып, шаңырағын ортасына түсіріп жатқан жайы аз ба?! Біз үшін Тәуелсіздігімізді баянды ете түсуге зәредей де нұқсан келтірер не нәрсенің де құны көк тиын. Сондықтан, мектепке арнайы имандылыққа, не ұлттық салт-дәстүрге негізделген пән енгізіліп, жүйелі оқытылуы қажет. Бұл ұлттық мемлекет құрудың да алғашқы сенімді баспалдағы болмақ. Онсыз, Әл-Фараби ғұлама айтқандай: «Тәрбиесіз алған ілім – адамзаттың қас жауы».
«Иманды ел – алынбас берік қамал». Оны сырттан ешқандай да жаудың алуы мүмкін емес. Иманды болсақ, нендей қиындыққа да сабырлылық танытып, төзімді бола түсеміз. Аллаһ Тағала қашан да сабырлылар жағында. Отанға деген сүйіспеншілігіміз күшейеді. Осы арқылы бүгінгі көптеген тұрмыстық, әлеуметтік, экономикалық, саяси және рухани да қиындықтар мен күйзелістер өз шешімін табары әрі қазақ елінің Тәуелсіздігі мұнан да баянды, ғұмырының ұзақ бола түсері хақ.
Сол үшін де бүгінгі жас ұрпақ Тәуелсіздігімізді ардақ тұтып, қадірлей білгені абзал. Ата-бабамыз сан ғасыр армандап, замандастарымыз өмір сүріп, қызықтап отырған Тәуелсіздігіміз ұзағынан сүйіндіргей!
Оңғар ӨМІРБЕК, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы.