«Қазақстаным – жасыл орманым». Осы бір қаныңды тасытып, жаныңды күш-жігерімен желпи жөнелетін көтеріңкі рухтағы қазақы әнді тыңдаған сайын тыңдай бергің келеді. Өзің де қосылып алып бірге ыңылдап отырғаныңды білмейсің. Бұл ән қазақтың үнін ғарышқа қарай ала жөнеледі. Көк аспанның зеңгірінде қалықтай ұшқан қыран құс ұлт рухына айналып самғап бара жатады...
Иә, қазақ! Қазақстан – жасыл орманым, отаным менің. Аллаға тәубе! Бүгін, міне, тарих сахнасына сан көтеріліп, сан басылған Қазақ елінің жаңа мемлекетінің тәуелсіздік жариялағанына да жиырма жыл толыпты. Тәуелсіздіктің осы бір ақ таңын сарғая күткен шетелдегі 5 миллион қазақтың алғаш егемендік жариялағандағы қуанышын айтып сұрамаңыз. Өзге ұлттың отарында отырып-ақ бірінен бірі сүйінші сұрап, көздерінен ыстық жасын төккен еді-ау. Талай қарияның сақалынан су тамшылап: «Қайран елім-ай, жерім-ай, сенің де жақсылығыңды еститін күн болады екен-ау», дегенін ет құлағымызбен естідік. Бала күнімізден үлкендердің күбір-сыбыры арқылы құлағымызға құйылған Атамекен – Қазақстан ұғымы жүрегімізді толқытты. Басқа емес, «сол жерге қашан жетер екенбіз» деген алып-ұшпа көңілмен талай таңды ұйқысыз атырдық.
Өз басым Тәуелсіздік қарсаңында Үрімжіде жоғары оқу орнында оқып жатқан болатынмын. 1989 жылы күзде Роза Рымбаева және «Арай» ансамблі Шыңжаңда болып, Үрімжіде бірнеше концерт қойды. Тамашаға жүгірген қазақтар қырыларманға жетіп, қызықты аузымыздың суы құри отырып тамашалағанбыз. Әсіресе, Розаның орындауындағы «Атамекен» әні ішімізге шоқ салып, «ұшарға қанатым жоқ, не қылайын» деген күйге түсірген еді. Көрмеген тауды көксеген белгісіз сағыныштың ыстығы суығанды қойып, үдей бастады.
Үлкен шаһарда қытайлар мен ұйғырлардың арасында көзіміз әр жерде жылтырап жүрсе де тез бас қосатын едік. Ендігі әңгімеміз Қазақстан болды. Қайдан келгенін білмеймін, тәуелсіздік жарияланбай тұрып-ақ қолымызға Смағұл Елубайдың «Алыстағы ағайынға хат» атты мақаласы келіп тиген еді. Ол кезде көшірменің (ксерокопия) табылуының өзі қиын. Ашық әңгімеге қытай жағы рұқсат етпейтін кез. Оның үстіне «көз-құлақтар да» көп. Соған қарамай, әлгі хаттың көшірмелерін жасап, оны сандығымыздың түбіне сақтап, кештерде қызу әңгімеге кірісетін едік. Сөйтіп жүргенде тәуелсіздіктің хабары жетті. Осы тұста жастардың пікірі екіге бөлінді. Бір бөлімі «қытайдың қолынан қашып шығып, шекара бұзып, Отанға жетіп тәуелсіздіктің туын бірге көтеру керек» деген идеяны көтерсе, екінші тобымыз «шекара бұзбай-ақ, заңды жолмен кетуді» қуаттадық.
«Шекара бұзып, Отанға жету керек» деген идеяны қуаттаушы топ, біздің ақылымызды тыңдау түгілі өз қатарластарын көбейтті. Сөйтіп, ендігі жерде «қашу» басталды. Көбі Үрімжіде университеттерде оқып жатқан студенттер еді. Бір қызығы – қашқындарды қытай шекарашылары емес, Қазақстан тарапы қолға түсіріп, арт-артынан кері қайтарып берді. Ішіміз қан жыласа да, істерге өзге амалымыз болмады. «Қашу ұйымының» серкелері түгелдей жазалауға ұшырады. Бір тәуірі – дәл осы кезде қытай саясаты «шетелге шығу – әлемді бетке алу» деген идеяны көтеріп жатқанына байланысты оларды аса ауыр жазаларға тартқан жоқ. Қытай қоғамына қауіп төндірерлік бөтен ойлары болмағанын негізге алса керек, алды жарым жыл, арты он бес күндік қамақ жазасын алды. Бір бөлімі университеттерден қуылды. «Қашқындардың» тағы бір ерекшелігі – бірін-бірі әшкерелеуде ешқандай белсенділік танытпай, әуелде уағда еткендеріндей әркім өз басын ғана қаралап көрсетті.
«Қашқындардың» сәтсіз сапары біздің әуелгі ойымыздың дұрыстығын көрсеткендей болды. Десе де, шындығын айту керек, соңғы байламды қуаттаушылардың қатарында болсам да, қытай үкіметінің бізді жібере қоятынына үміттен гөрі күдігім басым болды. «Мүбәда жібермей қойса, қайтемін?» деген ой да мазалады. Онда амалсыз алғашқы топтың идеясынан басқа амалдың жоқтығын да аңғардым. Және оны алдыңғыларға ұқсап дабыра түрде емес, мүлдем құпия іске асыруды көздедім.
Сөйтіп, Үрімжіден Алтайға барғаннан кейінгі екі-үш жылымды шекара «шарлаумен» өткіздім. Қытай Алтайымен шекараласып жатқан Ақ Қаба мен Марқакөл, Жеменей мен Майқапшағай, Тарбағатайдың Бақтысы мен Мақаншысы аралығындағы шекара өткелдері мен оның бас-аяғындағы елсіз мекендерді «тексердім». Соның ішінде Қаба мен Марқакөлді бөліп жатқан Ақ Қаба өзенінің бас-аяғы біршама «ұнады». Зайсанда туып келген қариялардың айтуы бойынша, ондағы жердің жыра-жықпылына дейін «карта» жасадым. «Мүбәда қазақ шекарасы қиын болғанда моңғол жақ шекараны да көру керек» деген ой туды. Өзіміздің көне қоныс саналатын Алтай қаласының жайлаулары мен Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл елінің бір бөлім жері Моңғолиямен шекараласып жататын еді. Осылайша ендігі жерде баяғыда Сейітхан Әбілқасымұлы асып кеткен «Өрмегейті асуы» және Қара Ертіс өзенінің басы Китіңарша аталатын жайлаудың моңғолмен шекараласатын сызығын «қызықтадым». Кей жерінің атты адам түгілі жаяу адам әзер өтетін қорым тасты, иен сайлары «ерекше ұнады».
Бір тәуірі, «қашқындық» ойымды өзімнен басқа ешкім білмейтін еді. Мұның бәрі «жібермей қойса» деген қорқынышты ойдың итермелеуімен істелген «дайындықтар» болатын. Бақытыма қарай, тағдыр маған қашқындықты жазған жоқ. Екі жылға созылған сарпалдаңмен 1996 жылы қолыма төлқұжат тиді. 1997 жылы 16 қаңтар күні арман болған қасиетті қазақ даласына, ата-бабаларымыздың күл төккен киелі жұртына қадам бастым. Өзімнің бақытты жан екенімді сезіндім. Ақын болмасам да ақ көңілдің айнасынан тәп-тәтті өлең тауып алдым.
Тәуелсізбін,
Тәубе саған, жарық күн,
Арғымағым – ақ бостандық,
Ағыттым.
Жердің бетін желіп өткен желмін мен,
Құбыладан құйылған бір жарықпын.
Кіндігімді айбалтамен кескенмін,
Құзда туып, мұзда түлеп өскенмін.
Керуенімді жетектетіп періге,
Бурадайын бұлтқа мініп көшкенмін.
Үзілердей болған сәтте құрғыр дем,
Жалғыз Хаққа жалбарынып тұрдым мен.
Қазақ үшін бір құдірет аспаннан,
Күнді арқандап ұстап тұрды шылбырмен.
Бөрігі – аспан, кебісі – жер кең мекен,
Мен қалайша бақытыңнан кенде екем.
Өзенімнен уыз емдім,
Ұл-қызға
Тауларымды тал бесік қып тербетем.
Оғыз,
Қыпшақ,
Түркі болған төркіні.
Жарқырап тұр қазақ күні – Ел күні.
Батпасын деп бір Алладан сұрадым,
Құбылаға құлап тұрып сол түні –
ТӘУЕЛСІЗДІК – ЕЛ КҮНІ!
Біз атажұртқа 1997 жылы қадам аттаған соң, келесі жылы ел астанасы Ақмолаға (қазіргі Астана қаласына) көшірілді.
Есіл өзенінің бойына, Арқаның төсіне жаңа қала орнату бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи әрі мәңгілікке қалатын бағалы еңбегі еді. Сол әсем Есілдің жағасын бойлай Президент сарайы, Парламент ғимараты, «Интерконтиненталь» қонақ үйі, Еуразия университеті, Жастар сарайы және көптеген үлкен-үлкен ғимараттар түсіп, жұтаң қаланы мүлдемге көркейтіп-гүлдендіріп жіберген тарихи оқиғаға куә болу бақыты бізге де бұйырды.
Есілдің сол жағында бой көтерген «Бәйтеректің» өзі адамды талай тәтті қиялға жетелейді. «Бәйтеректі» «өмір ағашы» деп те атайды.
Кеңес өкіметі кезінде, әсіресе, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі тұсында қазақ жастарын ерекше рухпен толқыта білген Ж.Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным әні» еді. Кейіннен ән мәтінін Нұрсұлтан Назарбаев қайта толықтырып, ішінара өзгерістер енгізіп, Қазақстан Республикасының Әнұранына айналдырды.
Біздің қазақ топырағына қадам тастаған тұсымыз өтпелі кезеңдердегі нарықтық экономиканың біршама құлдыраған дәуіріне дөп келсе де, осы жердің тұрғылықты халқы көріп жатқан қиындықтарды біздің де басымыздан кешуімізге тура келді.
Алматыға қадам аттағанымызда бізді Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары, марқұм Қалдарбек Найманбаев қарсы алды. Алғашында Әлем тілдері университетінің жатақханасына орналастырып, кейіннен Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің аспирантура бөліміне оқуға түсуімізге жағдай жасады. Онда Нығмет Ғабдуллин бастаған, Ғарифолла Есім, Балтабай Әбдіғазиев секілді аға ұстаздардың сабағын тыңдау бұйырды. Аталған оқу орны көп жағдайда бізді шеттен келген бауырларымыз деп «еркелетіп» жүрді. Тұралаған экономика, нарықтық қысым салдарынан «базар жағалай жөнелсек», кешіріммен қарайтын еді.
Өз басым қайткен күнде де әдебиеттен алыстағым келмеді. Барахолка аталатын базарда тауар арқалап «жол, жол!» деп айғайлап бара жатқан сәттерімде болсын, асхана ашып елге тамақ үлестірген кездерімде болсын, такси жүргізушісі болып мас жолаушыларды тасыған ұйқысыз түндерімде болсын әдебиетші болғым келген адал арманымнан адасқан жоқпын. Күнделікті күйбең барысында қаншама шаршап-шалдықсам да өз елімнің арасында, өз жерімнің төбесінде жүру бақыты тағы бір таңның тамылжып атуымен аз бейнетімді ұмыттырып жіберетін еді.
1998 жылы Жәркен Бөдешұлының таныстыруымен ақын Әділғазы Қайырбеков «Шалқар» газетіне жұмысқа алды. «Шалқар» мен «Қазақ елі» бірге шығады екен. «Қазақ елінің» бас редакторы Бақыт Сарбала, «Шалқардың» бас редакторы Әділғазы Қайырбеков еді. Олардың ағалық ақыл, қаламдастық қамқорлығының арқасында жергілікті қаламгерлермен үндестік тауып, өз білімімді жетілдіруге барынша күш салдым. Осылайша бір жағы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетінен аспиранттық білім алып жатсам, бір жағы «Шалқар» газетінде тілшілік жұмыс атқардым. Қытай қазақтарының мәдениеті мен әдебиетіне қатысты көптеген мақалаларым жариялана бастады.
2006 жылы қарашада «Қазақ әдебиеті» газетінің проза бөлімінің меңгерушісі болып орналассам, 2007 жылдың қыркүйегінен 2009 жылдың қазанына дейін Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығында бас редакторлық қызмет атқардым. 2010 жылдың басынан бері «Жас қазақ үні» газетінде бас редактордың орынбасары болып істеп келемін.
Аталған жылдар ішінде сын, проза, балалар әдебиеті салаларында қатар еңбектеніп, көптеген еңбектер жазып, жарияладым.
Қоғамдық жұмыстардан жоңғар заманындағы Абылаймен тізе қоса шайқасқан әйгілі батыр Ер Жәнібек Бердәулетұлының атында халықаралық конференция өткізу және басына кесене қою, Ақыт Үлімжіұлының 140 жылдығы, Асқар Татанайұлының 100 жылдығы, Оспан батырдың 110 жылдығы секілді іс-шаралардың өтуіне мұрындық болдым.
Осының бәрін атап отырған себебім, бұл Тәуелсіздіктің маған берген көл-көсір шабыты мен шуағының жемісі еді. Ал менің тәуелсіз Қазақстанда қаламгер болып осы еңбектерді халқыма арнай алуым қарлығаштың қанатымен су сепкендей болмашы ғана үлесім деп есептеймін. Бұл үшін мен бақытты болмай, біз бақытты болмай, кім бақытты болсын?! Мен ғана емес, менің алды-артымда атамекенге келген ағаларым – Халифа Алтай, Зардыхан Қинаят, Қаржаубай Сартқожа, Сейітхан Әбілқасымұлы, Жақсылық Сәмитұлы, Серік Қапшықбаев, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Нәбижан Мұхаметхан, Ислам Жеменей, Мұстафа Өзтүрік, Дүкен Мәсімхан, Мұртаза Бұлұтай, т.б. бастаған зиялы қауым өкілдері мен өнер адамдары Отанымның руханиятына бұлақ болып құйылып, бақыт дәмін бірге татты.
Кеше ғана біріміз кеңестік шекпенді, біріміз қытайлық қызылдың тонын жамылып, зорекер ұлттардың қабағына жалтақшыл болып өссек, енді, міне, төңіректің төрт бұрышынан жиналып егемен елдің еркелері мен серкелеріне айналдық. Барлығымыз тәуелсіз заманның, егемен елдің бақытты қожасы болдық.
Бүгіндері қазақты бүкіл әлем таныды.
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.